Үйдегі балалары ауырса, анам дәрі-дәрмекке жүгірмейді. Ыңғайы келсе, табиғи жолмен емдеп алады. Оған таңым бар. Балалардың тамақ безі көтеріліп кеткен кезде үнемі бал мен сүтті пайдаланатынын жиі көремін. Сол екі нәрсенің өзі-ақ адамға кәдімгідей күш беретінін ақпараттардан жақсы білеміз. Адам бойындағы зат алмасу процесін жөнге келтіріп, олар иммунитетті көтереді екен.
Жуырда анам екеуміз қаладағы «Ескі базарға» бардық. Үнемі бал сататын Ирина Николаевна бізді көріп қуанып қалды. Ол кісіде балдың түр-түрі бар. Аларманға барлығын ерінбей бөліп көрсетіп, қасиетін түсіндіріп жатыр. Оны тыңдаған адам балдың адам баласына тек пайдасы ғана бар екендігін жақсы түсінеді. Жалпы, орыс халқы, денсаулығынан ешнәрсені аямайды. Пайдасы жоғары болса, сол туралы мәлімет жинайды. Ирина апайдың сыпайы, асықпай түсіндіру әдісі, тұтынушымен жұмыс жасауы өте жоғары.
– Балды ешқашан қатты отқа қайнатып пайдалануға болмайды және өте жоғары ысытылған сүтке салып ішпеу керек. Себебі, бал тәтті дәмінен айырылады және бойындағы емдік қасиеттері жойылады, – деді ол.
Сүтке немесе шайға салғанда жылы температурада ол жай еруі тиіс екен. Сонда оның құрамының қасиеті толық сақталады.
Өте еңбекқор кіп-кішкентай аралар бөліп шығаратын шырышты бал қаншалықты керемет десеңші. Зерттеулерге сүйенсек, оның 26 түрлі емдік қасиеті бар. Адамның 90 пайыз ішкі ағзасының жақсаруына оң нәтижесін беретін көрінеді. Тістің ағаруына, құлақ ауруларының кей түрлеріне ем. Сонымен бірге, жүрек, қаназдық, ұйқысыздық және қан қысымының жоғары-төмен болып тұруын ретке келтіреді. Тіпті, бал мен шоколад ұнтағын біріктірсе, салмақ тастауға әсер етеді екен. Міне, қызық. Біз балдың пайдасының бірін білсек, бірін біле бермейді екенбіз. Тек есте ұстайтын ең басты нәрсе, оны өз мөлшерінде ғана, өз орнымен пайдаланған жөн.
Ирина Николаевна бізге қою қоңыр түсті балды көрсетті. Оны массаж жасауға пайдаланса, емдік қасиетке ие екен. Сонымен, балды тек ішуге ғана емес, сыртқы теріге де қолдануға болады. Қала тұрғыны, зейнеткер Марал Мадреимова осы балмен массаж жасау арқылы аяғына жиналған тұздан айыққан. «Аяғым қатты ауыратын. Кейін бал арқылы емдеу жолын естіп, оны өзім жасауды үйреніп алдым. Ол үшін оны ерітіп, ауырған жеріме жағып, оны өте баяу түрде, бір қалыпта алақанмен ұрып отырдым. Ол жарты сағат, қырық минуттай уақытты алады. Кейін денеңде ұрған орны қызарады. Бірақ, нәтижесі бірден байқалады. Ем соңында қолың еш кілегейленбей, терінің бетіне түйір болып тұз шығады. Тек мұны бір күнмен тоқтап қалмай, толық 5-7 күн үзбеу керек», – дейді. Иә, біз білмейтін табиғаттың сыйы көп. Әйгілі математик-ғалым Пифагор өз естеліктерінде: «Менің ұзақ өмір сүргенім – балдың құдіреті» деген болса, философ Демокрит те өзінің бір ғасырлық ғұмырының өлшемін бал өнімімен байланыстырған екен.
Салтанат БАҚБЕРГЕНОВА.
http://aqmeshit-aptalygy.kz/baldy-direti-men-asieti/ |