17.11.2017,
Бүгін дүние жүзі Халықаралық шала туған балалар күнін атап өтті. Айтулы дата елімізде 2015 жылдан бері аталып өтіледі. Алматыдағы қалалық перинаталдық орталықтың залында бүгін ине шаншар орын жоқ. Барлығы да шала туған нәрестелердің ата-аналары. Медициналық мекеме қызметкерлері осында жетілген бүлдіршіндер жайында фильм дайындапты. Бір кездері үрей мен үміттің арасында қалған аналар көздеріне еріксіз жас алды.
Мадина Өтешова, қала тұрғыны: – 5-6 айлық бала өмір сүре ме, сүрмей ме деген күмән болды. Бірақ осы дәрігерлердің арқасында аман-есен шықтық. Алғысым шексіз. Қазір қалалық перинаталды орталықтағы нәрестелердің жан сақтау бөлімінде 24 бала жатыр. Ең кішкентайының салмағы – 700 грамм. Үш сағат сайын аналары келіп сүт беріп тұрады. Оларға ана сүтімен қатар жылу да маңызды. Бүгін «Жақсылық жіптері» қоғамдық қорының мүшелері шақалақтарға таза жүннен тоқылған киімдер мен сегізаяқ ойыншық сыйлады. Өзі кішкентай болғанмен, бұл сегізаяқтың маңызы зор.
Гүлниса Құлымжанова, «Жақсылық жіптері» қорының мүшесі: – Бала іште жатқанда, кіндігінен ұстап жатады ғой. Соған ұқсатып тоқыған. Көбінесе осыдан балалардың денсаулықтары жақсарады, тынышталады. Салмағы тым аз бала жетілгенше, жасанды ана құрсағы секілді кувезде жатады. Ет алып, жағдайы жақсарған соң нәрестелер паталогиясы бөліміне ауыстырылады.
Айнұрым Сарбас, бөлім меңгерушісі: – Қазіргі кезде шала туылған нәрестелер көбейіп бара жатыр. Оның себептері өте көп. Ең бірінші себебі инфекция болса, одан кейінгі ананың жүктілік кезіндегі жүйке жүйесіне байланысты. Дәрігерлердің айтуынша, шала туған балалардың 95 пайызы аяғына тұрып, ел қатарлы өмір сүреді. Тарихқа көз салсақ, шала туғандардың арасынан Ньютон мен Эйнштейн секілді атақты ғалымдар мен Черчилль секілді сұңғыла саясаткерлер шыққан.
Авторлары: Ұлан Нарынбек, Қанат Қаматаев
Источник: http://24.kz/kz/zha-aly-tar/o-am/item/206769-aza-standa-mirge-kelgen-n-restelerdi-10-12-pajyzy-merziminen-erte-tuylady
|