Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



18:36
“АВИАЦЕННА” МЕДАЛІМЕН МАРАПАТТАЛҒАН “АЛТЫН ДӘРІГЕР”


Дәрігерлік – құрметті мамандық, Алладан кейінгі адам жанының арашашысы. Ешкім анасынан дәрігер болып тумайды. Бұл мамандықты жүрегің қалаған екен, соған өмір бойы адал болып өтуге тиіссің. Дәрігерлердің бас ұстазы – Гиппократ антының басты қағидасы осы.
Біздің кейіпкеріміз де мектеп қабырғасында жүргенде-ақ ақ халатты абзал жан болуды армандады. Қиялына қанат байлаған балаң жігіттің осы құрметті мамандықты қалауы тегін емес еді. Өйткені, Абдолланың әкесі Аманов Арғынбай көрші Жалағаш ауданының Аққұм ауылында абыройлы ұстаз болса, анасы Рахия Ибраева ауылдық ауруханада біліктілігімен танылған акушер-фельдшер еді. Сонымен қатар, ол «КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі» белгісімен марапатталған болатын. Абдолла да анасы тәрізді ақ халатты абзал жан болуды алдына мақсат етіп қойды.
Өзі туып-өскен Аққұм ауылында орта мектеп бітіргеннен кейін Абдолла білімінің кемелдігін танытып, С.Асфендияров атындағы Алматы медициналық институтының педиатрия бөліміне оқуға түседі. Бұл жоғарғы оқу орнын 1976 жылы ойдағыдай тәмамдаған соң туған жерге оралып, Қызылорда облыстық ауруханасында бір жылдық интернатурадан өтеді. Жас маман еңбек жолын 1977 жылдың тамыз айында Тереңөзек аудандық ауруханасының балалар бөлімшесінің меңгерушісі болып бастайды. Осы кезеңде келбеті келіскен, ақ халаты өзіне құйып қойғандай жарасатын, бұйра шашы толқындап тұратын жас жігіт Абдолла елгезектігімен, біліктілігімен Тереңөзек халқының ықыласына бөленді. Балалар арасында кездесетін түрлі ауру-сырқаулардың алдын алуда да жас маман қарымдылық танытты. Сөйтіп ол 2 жылдан кейін аудандық аурухана бас дәрігерінің балалар мен әйелдерге медициналық көмек көрсету жөніндегі орынбасарлығына жоғарылатылды. Бұл басшылық ұйымдастырушылық қызметтің үдесінен шығып, кеңестік дәуірде ана мен бала денсаулығын қорғау ісінде нәтижелі жұмыстар жасады. Осы орайда, Абдолла Арғынбайұлы сүйікті ұстазы, балалар хирургиясының атасы атанған академик К.С.Ормантаевты ерекше қадірлеп, құрметтейді. Тіпті, Камал Сәруарұлы айтқан: «Дені сау бала – ата-ананың ғана емес, ұлтымыздың да болашағы. Сырқат қоғамды сауықтыру – алдымен оның дертке шалдыққан ұрпақтарын емдеуден басталады» — деген ой толғамын өзінің де өмірлік ұстанымым деп таниды.
Белсенді жас, білікті балалар дәрігері 1985 жылдан бастап іскерлігінің арқасында аудандық аурухана бас дәрігерінің ұйымдастыру жөніндегі орынбасарлығына көтерілді. Ол біліктілігін күнделікті іс-тәжірибесі және білімін жетілдіру арқылы толықтырып отырды. Бүгінде жоғары санатты дәрігер, ұйымдастырушы, Ақтөбе, Пенза, Алматы қалаларында түрлі мәселелер бойынша білімін жетілдіру институттарында оқыды.
Абдолла Арғынбайұлы денсаулық сақтау саласында тиянақты, адал еңбегімен мамандарды даярлауда, халыққа медициналық, дәрі-дәрмектік көмек көрсету және ұйымдастыру ісіндегі қол жеткен табыстары үшін 1994 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Құрмет» грамотасымен және 1998 жылы ұзақ жылғы адал еңбегі мен жетістіктері үшін облыс әкімі мен облыстық мәслихаттың грамоталарымен марапатталды. Бас дәрігердің орынбасары қызметін 14 жыл бойы абыроймен атқарған Абдолла Арғынбайұлы 1999 жылдан бастап аудандық аурухананың бас дәрігері қызметіне тағайындалды. Еліміз егемендігін алған өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы елең-алаң мен жаңа ғасырдың бас кезіндегі қиыншылықтар медицина саласын да айналып өткен жоқ. Осындай қиын кезеңде А.Арғынбайұлы бастаған ауданның ақ халаттылары кездескен қиындықтан шығар жол тауып, дәрігерлік антқа адал екендіктерін танытты. Бас дәрігер халық аманатын арқалап, бірнеше мәрте аудандық мәслихат депутаты болып та сайланды. Қашанда ақжарқын, қарапайым, іскер азамат халыққа медициналық қызмет көрсетуге, тұрғындардың дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуіне, жаңа аурухана ғимараттарының салынуына және заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жадбықтандыру ісінде айтарлықтай жұмыстар жүргізді. Осындай елеулі еңбектері үшін 2001 жылы ҚР Тәуелсіздігі мерекелік медалімен, 2005 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Алғыс хатымен» марапатталды. Сондай-ақ, ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2008 жылдың 21 қарашасындағы №611 санды бұйрығымен «Қазақстан Респуб¬ликасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісін кеудесіне тақты. Абдолла Арғынбайұлы басқарған аурухана 2011 жылы аудан мекемелері арасында «Үздік ұжымдақ шарт» номинациясымен марапатталса, 2012 жылы Қызылорда облыстық денсаулық сақтау саласында «Үздік аудандық аурухана» номинациясын жеңіп алды.
Мұндай жағдай өмірде сирек кездеседі. Табан аудармастан бір ауруханада 38 жыл бойы жұмыс жасаған, оның ішінде 30 жыл басшылық қызметте болған азамат, жоғары санатты дәрігер, ұйымдастырушы, абыройлы еңбегі үшін 2015 жылдың 6 ақпанында Ұлттық Медициналық Ассоциацияның «Алтын Дәрігер» атағымен марапатталды. Сондай-ақ, оның есімі «Алтын Дәрігер» кітабына енгізіліп, «Алтын дәрігер» медалімен және орденімен бірдей марапатталған еліміздегі санаулы мамандардың бірі. Абзал жүректі азамат ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен 2015 жылғы 30 қарашадағы №949 бұйрығымен марапатталған облыс бойынша санаулы азаматтардың қатарында. Сонымен қатар, ол биылғы жылғы 28 қаңтарда «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық қазақ творчестволық бірлестігінің «Авиаценна» медалімен марапатталды. Ал Авиаценна дүние жүзінде медицинаның атасы саналады. Өмірі өнегеге толы дәрігерлік ұйымдастырушылық қызметтен бай тәжірибе жинақтаған, одан елеулі жетістіктерге жеткен Әбекеңнің жанұясын көпшілік «дәрігерлер отбасы» деп орынды мақтаныш етеді. Өйткені, үлкен қызы, ұлы, келіні дәрігерлік мамандықтың иелері. Ұлы Руслан аудандық аурухананың жан сақтау бөлімінің меңгерушісі. Әке жолын қуып, біліктілігімен ауданда абыройлы болып жүрген азамат. Абдолланың жан-жары Сәбира Сейітханқызы ауданда көп жыл ұстаздық қызмет жасады. «Қаз ССР-і білім беру ісінің үздігі», отбасының ұйытқысы. Адам өмірінде айшықты орын алатын саланы бүге-шүгесіне дейін білетін, мінезі де, парасаттылығы ды соған сай Абдолла Арғынбаев бүгінде аудандық емханада қатардағы балалар дәрігері болып еңбек етіп, халық денсаулығын сақтауда елге қызметін лайықты жалғастырып келеді. Әбекең қашан көрсең де бауырмалдығы мен қарапайымдылығынан танбайтын үлкенге ізетті іні, кішіге қамқор абзал аға. Тау тұлғалы білікті жанға төл мерекеңіз құтты болсын, өмірдің өрінен, қуаныштың төрінен көрініңіз дегіміз келеді.

Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
 

Просмотров: 1113 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]