Бұл өмірде әрбір адамның мақтаныш тұтар жайлары бар. Өмірлік мақсатына, арман-мүддесіне қарай әркім әрқалай мақтанар. Менің де өмір жолымда мақтан тұтар көп нәрселерім болды. Соның бірі – жақсы әріптес, жақсы замандас, достарымның көп болуы.
Олар менің алтын қазыналарым десем болар. Мұраты бір рухани жақындарым. Солардың бірі – есімі елге таныс, қолы алтын хирург-дәрігер Әмірхан Жүсіпов.
Көп нәрсеге мойын бұрғызып үлгертпес дөңгеленген тірлікте адам адамның қадіріне жетіп бола ма, шын бағасын беріп бола ма?! Дегенмен, қатар
жүрген азаматтардың әрқилы деңгейін көңіл көзімен саралап, кейбірін тіпті жаныңа жақын тұтасың, күнделікті тірлікте тонның ішкі бауындай араласып-
құраласып кетесің. Маған жайсаң мінезді азамат Әмірханның адами болмыс-бітімі, шынайы тұлғасы, шексіз қарапайымдылығы, ар-ожданының биіктігі, бойында ізгі қасиеттердің молдығы, одан бері қарай өз кәсібі жағынан асқан біліктілігі, әр ісінің тазалығы, тынымсыз ізденімпаздығы әп бастан-ақ ұнаған. Өткен ғасырдың 80 жылдарынан бастап иықтаса, бір-біріміздің өкшемізді баса жүріп, Арал өңірінің денсаулық сақтау саласында қатар келе жатырмыз. Аз ба, көп пе, 40 жылға таяу уақыт болыпты. Сонау бір жылдары жас маман болып келіп, медицина саласында қаз-қаз басып алғашқы қадамымызды жасасақ, бүгіндері елдің көз алдындағы арқа тұтар азаматқа айналған бұл
шағымызда, өткен уақыттарымыздың баяндылығына, мазмұндылығына
көңіліміз тоғая отырып, еске алып, сыр суыртпақтағанның, бірімізге біріміз лайықты баға бергеннің еш артықшылығы болмас. Өйткені іні-досым Әмірхан Жүсіповте, міне, алпыс атты асқаралы жасқа ентікпей шығып, абыздықтың ақ кемесін жаңа бір биікке көтерді. Мағыналы өткен өмір белестеріне бір қайырылып қарайтындай шаққа жетіпті. Белгілі жазушы-ғалым Зейнолла Қабдоловтың: ≪Біз Мүсіреповті мақтамауымыз керек, Мүсіреповпен мақтануымыз керек≫ дегенібар. Айтса айтқандай, біз де ел құрметтісі Әмірхан дәрігермен қалай мақтансақ та болады. Иә, бір-жар жыл бұрын ғана аудандағы осы салаға бұрын келгендіктен де, дәрігер Әмірхан
Жүсіповтің бүкіл кәсіби маман ретінде қалыптасып, жүріп өткен айшықты жолы менің көз алдымда. Оның бай да өнегелі кәсіби биографиясына ағалық көзбен бір шолу жасағым келіп отыр. Балаң жігіт Әмірхан 1976 жылы Арал қаласындағы №15 қазақ орта мектебін бітірген соң, жүрек түкпіріндегі
үлкен арман жетелеп, Алатау баурайындағы Алматы мемлекеттік медицина институтына оқуға түсті. Ұстаздардан жолы болды. Медицина саласының
жілігін шағып, майын ішкен білікті профессорлар Михаил Иванович Брякин, Ишанбай Қарақұлов, Аркадий Райз, Бейнеш Жарбосынов, Тұрар Көкеевтерден дәріс алды. Емдеу саласының тереңдеріне талай үңілді. 1982 жылы институттың емдеу факультетін үздік бітіріп шықты. Әмірхан еңбек жолын студенттік күндерінде- ақ Алматы қалалық жедел жәрдем стансасында фельдшер болып бастаған. Алғашқы қадамы оның кәсіби біліктілігінің қалыптасуына баспалдақ болды. Қолына дипломын алған жас жігіт 1982 жылы Қызылорда қалалық ауруханасының хирургия бөлімшесінде
дәрігер-хирург болып бастап, бір жылдан соң туған жеріне оралып, Арал аудандық ауруханасына ауысты. 1984-1988 жылдары дәрігер-онколог болып жұмыс істеді. Жас маман өзінің біліктілігін көрсетіп, ұйымдастырушылық
қабілетін танытқаннан дa ол он жылдан астам уақыт аудандық аурухана бас дәрігерінің емхана жөнінде орынбасары, кейін емдеу ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс атқарды. Қиыншылығы мол басшылық жұмыстың бел ортасында жүріп, өңіріміздегі медициналық қызмет көрсету істерінің дамуына өз үлесін қосты. Ал 1999 жылдан осы уақытқа дейін аудандық
ауруханада хирург-уролог дәрігері, кейінгі жылдары осы хирургия бөлімшесінің меңгерушісі міндетін абыроймен атқарып келеді. Әрине, Әмірханның жақсы дәрігер болып қалыптасуына облыстық, аудандық медицина саласында өз орындары бар белгілі мамандар Қапланбек Оразов,
Сағынбай Құлсартов, Мамыт Кәрібаев, Асылбек Ізмағамбетов, Жақсылық Майданов, Самат Ілиясов, Геннадий Трофимович Ким, Досхана Ранов, ТолыбайМедетовтердің тәлімгерлігі мол болды. Жақсы дәрігер болу оңай емес. Адам жанының арашасы болу үшін әрбір маман өмір бойы ізденіп,
білімін жетілдіріп қана қоймай, адами жағынан да ерекшеленіп, алдына келген науқастарға жүрек жылуын бөліп беріп отыруға тиіс. Әрбір адамның
Тәңір берген жақсы қасиеттері болады. Мен білетінде Әмірхан Жүсіпов тумысынан хирург болуға жаратылғандай еді. Оның қолы сондай жеңіл. Жоғары дәрежедегі тігінші сияқты ешқашан ерінуді білмейтін еңбекқор маман. Елгезектігі сондай, әрбір сырқаттың қас-қабағындағы кішкентай кірбіңді қапысыз таниды. Және де күні-түні жұмыс істеуге бар. Тіпті ауруларға ынтасының ауып кететіндігі сондай, демалыс дегенді де ұмытып кетеді. Жаны қиналып отырған науқас адамды өзіне жақын тартып, жылы сөздерімен тұнжыраған көңілдерін жадыратып жібереді. Ауырып келген адамға дереу қол көмегін беруді парызым деп біледі. Міне, Гиппократ антын берген нағыз дәрігерге тән қасиеттер оны осылайша ерекшелендіреді. Сондай еңбекқорлығының нәтижесі болар, хирург- дәрігер Әмірхан Жүсіпов 36 жылдың ішінде тоғыз мыңнан астам ота жасапты. Бұл айтуға ғана оңай. Ал
әрбір отаның қандай қиындықтармен жасалатынын, бойындағы соңғы энергиясын жұмсайтынын біздер, әріптестер өте жақсы білеміз. Және де Әмірхан__ отаның барлық түрін жасайды. Кеуде қуысы, ішкі қуыс мүшелеріне ота жасаудың хас шебері. Сонымен қатар уролог-дәрігер ретінде бүйрек, дәрет жолдары, қуық, қуық асты бездеріне жасаған оталарының көбісі облыс, республика көлемінде жасалатын оталар. Иә, біздің аудан орталықтан шалғай жатыр. Көп адамдардың облысқа, астаналарға бара беруге мүмкіншіліктері бола бермейді емес пе. Ал ауыр жағдайлар жоғары біліктілікті, кәсібилікті талап етеді. Әмірхан сияқты мықты, білікті хирургтеріміздің арқасында Арал ауданындағы хирургия саласында
көрсетілетін медицналық көмек облыс көлемінде жоғары дәрежеде деп танылып отыр. Бұл нәтиже – өңір халқы үшін үлкен игілік. Қазір технологияның дамыған заманы. Медицина саласында да бұрын болмаған заманауи жаңалықтар көптеп енгізілуде. Ал осыларды енгізуде ізденімпаз
дәрігер Әмірханның қалай уақыт тауып жүргендігіне таңданбасқа болмайды. Ол 2013 жылдан бастап облысымыздағы аудандар ішінде алғашқы болып
лапроскопиялық оталар жасай бастады. Ал қазіргі кезде осы емдеу шараларын меңгеріп алғаны сондай, оталардың бәрі лапроскопиялық әдіспен жасалады. Хирургтер арасында бір мойындалған жағдай, Әмірханның әрбір жасаған отасы әдемі тігілген сәнді көйлек сияқты деп бағалануы оның феномендік қасиеттерін айғақтайтындай. Басында айтқандай, Әмірхан досымды өте жақсы білемін. Осы салада мен басшылық қызметтерде болған жылдары қарамағымда 16 жыл жұмыс істеді. Оның жақсы кәсіби қасиеттерін бағалай отырып, кейде ≪Егер Әмірхан інім ғылым жолын қуғанда, қазір
медицина ғылымының белгілі бір академигі болар еді-ау≫ деп те ойлап қоямын. Ауданымызда жүріп күнделікті ота жасаудан қолы бір босамай, маңдай терін сығып жүрсе де, ғылыми журналдарға мақалалар жазуға
да уақыт табады. Және Әмірхан да өз саласынан жаңалықтар ашып, бірнеше өнертапқыштық жұмыстары үшін патент алған. Ол практикада жер-жерде
қолданыс тауып отыр. Әр жылдары Павлодар, Алматы, Ақтөбе, Астана, Казан қалаларындағы халықаралық, республикалық хирургия-урология саласы бойынша курстарда білімін жетілдірді. Әмірхан Жүсіпов Қазақстан хирургтерінің ІІІ, IV, VII конгрестеріне, хирургтердің І съезіне, эндоскопиялық хиругтерінің III съезіне, халықаралық хирург гепатологтардың XIII-XIV конгрестеріне қатысқан. 2007 жылы Санкт- Петербургте өткен халықаралық хирург- гепатологтардың конгресінде ≪Аудандық аурухана жағдайында бауыр жарақатын емдеу≫ тақырыбында
баяндама жасаған. Бұлардың өзі дәрігер деңгейінің мойындалуы деп білу керек. Ер-азамат еңбегімен танылады, халқының құрметіне бөленеді. Ол тәжірибелі маман ретінде көптеген шәкірттер тәрбиеледі. Бүгіндері өңіріміздің белгілі дәрігері атанып отырған Тұрғанбек Ерсейітов, Серік
Сералиев, Гүлмира Кемалова, Әділет Ғизатов, Ойарыс Төремұратов,
Нұрсұлтан Кеулімжаевтар ізбасарлары ретінде білікті дәрігердің бойындағы жақсы қасиеттерін, кәсіби шеберлік дағдыларын үйреніп, науқастарды емдеуде жақсы нәтижелерге жетіп жүр. Әр бейнеттің өз зейнеті болады. Төгілген тер босқа кетпейді. Жылдар бойғы еткен еңбегінің жемісіндей болып Әмірханға үлкен танымалдық әкелді. Ол Қазақстан Республикасы Денсаулық саласының үздігі, жоғары санатты хирург-дәрігер. Жерлестері
оны жоғары бағалап ≪Арал ауданының құрметті азаматы≫ атағын берген. 2015 жылы облыстық патриоттар форумының ≪Жүрек жылуы≫ аталымының иегері атанды. Қаншама атақ алса да, Әмірхан қарапайымдылығынан танған емес. ≪Мен≫ деп көкірегін керген кезін көрмеппіз. Осыдан 40 жыл бұрынғы қалпындағыдай. Асықпай сөйлеп, парасат биігінен төмен түскен емес. Қым-қуыт жұмыста жүрсе де, достарына керек кезінде уақыт табады. Дос-жарандар арасында домбырасын қоңырлата күйге келтіріп, ән айтатыны бар. Ал рухани әлем – әдебиетті оқуға
деген құштарлығы кім-кімді де сүйсіндіреді. Қалай уақыт тауып, көп оқитындығына таңғаламыз. Бойында ақындық қасиеті де бар. Анда-санда болса да шығарған өлеңдеріне құлақ түреміз, қол соғамыз. Жан тазалығы,
сезім мөлдірлігі осындай. Жақсы азаматтың алғаусыз қызмет істеуіне,
үлкен жетістіктерге жетуіне оның отбасының әсері өте мол болады. Әмірханның жұбайы Ботакөз Рахатқызы санитарлық дәрігер болып жұмыс істеген. Өз ісінің білікті маманы ретінде танылған-тын. Амал не, дүниеден
ерте өтіп кетті. Марқұм Ботакөз өте сымбатты, сыпайы, ақкөңіл жан болатын. Осындай тәлімді- тәрбиелі отбасынан үлгі алған Алтынбек пен Күмісбек бұл күндері мұнай саласында қызмет етеді. Қызы Ақгүл –қаржыгер. Кейінгі жары Зәмзагүл Бекарыстанова ультрадыбыспен зерттейтін жоғары санатты дәрігер.
Қыздары Шолпанай әулеттің мамандығын жалғастыру ниетімен Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы медицина университетінің І курсында
оқып жүр. Ұл- қыздарынан көрген тоғыз немересі–Әмірхан мен Зәмзагүлдің көз қуаныштары. Міне, аралдықтардың құрметіне бөленген ақ халатты абзал жан, іні-досым Әмірхан Жүсіпов–біз мақтанарлықтай арда азамат, кәсіби білікті маман. ≪Асыл адам айнымас≫ деп хакім Абай айтқан жан осындай
болар.
Арғынбай АСАНБАЕВ,
аудандық мәслихат депутаты, денсаулық сақтау саласы кәсіподағының төрағасы, ≪Арал ауданының құрметті азаматы≫
«Толқын» газеті, 15 маусым 2019 жыл |