Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



17:18
Арманым алға жетеледі...

 
Адамның өмір жолы әрқашан қызық. Қандай жолға түсіп, қалай жүрерің белгісіз. Барлығы біз ойлағандай бола бермейтіні хақ. Ал, ауырып қалсаң, ауруыңмен алысып, жанталасасың. Сен ауруыңмен күрессең, ақ халатты жандар сенің өмірің үшін күреседі. Сол күресте кімнің жеңіп, кімнің жеңілетіні белгісіз. Өмірден соққы алып, жолы басқа арнаға түскен адамдардың жан айқайын түсініп, олармен сырласу оңай іс еместігі анық. Науқастарының жанын түсініп, сабырлы жанның бірі әрі бірегейі болып, кішіге үлгі, үлкенге сыйлы болып жүрген дәрігер - Талдықорған Психикалық сауықтандыру орталығының меңгерушісі Турапбеков Алпысбай Төлегенұлымен сұхбаттасқан болатынбыз. Өзінің өмір жолымен таныстыра отырып, жүрегінің түбінен жарып шыққан өлең шумақтарын оқығанда көзіңе жас та, езуімізге күлкі де келді.
•    Әрбір маман иесінің сол мамандыққа келу себебі болады. Пір тұтатын, үлгі көрер адамы болады. Сізге осы ізгі істі таңдауға кім не себепші болды?

- Бала кезімде дәрігер боламын деп армандаған емеспін. Бірақ осы мамандықты таңдауыма бірнеше себеп болды. Әкем Ұлы отан соғысынан 2-ші топ мүгедегі болып оралды. 1967 жылы яғни 13 жасқа толғанда әкем инсульт алып, Кәлпе ауылдық емханасына түсті.  Сол жердегі дәрігерлер жан-жақтан  тексеріп, емдеп,  жүретіндей жағдайға жеткізіп, үйге шығарды. Ағам екеуміз  (мен 13 те, ағам 16 жаста )әкемді кезек-кезек қарадық. Біздің балалығымыз шығар, әкем ылғи да «шуламаңдар, басым ауырды» деп айтып отыратын. Қазір қарап отырсам, қан қысымы көтерілген, қараған адам жоқ. Ауруханаға түсуінің себебі осы болыпты... Емхананың бас дәрігері Қатқылбай деген кісі әкемді емдеген болатын. Сол кісіге қарап, халыққа көмектесіп, еңбегім сіңсе деген арман ұшқыны пайда бола бастады. Бұл менің осы мамандықты таңдауымның алғашқы себебі болды. Ағам болды. Біз үйде бес ағайындымыз. Сол ағам бізді өсіріп жеткізу үшін қойшылардың арасында жұмыс атқарып жүріп, қи ойып, сақманға қатысып бруцеллез ауруын жұқтырып алады да көп жыл ауырды. Бұрын облыстық болған, ал  қазір  қалалық аурухана болған емханада жұқпалы аурулар бөлімінде қаралды. Үйге шыққаннан кейін де, ешбір жұмысқа жарамай (қара терге түсіп, әлсіреп жатып алатын) қалды. Қазіргі кезде группа деген бар ғой. Ойласам, сол кезде ағамда ондай болған жоқ. Тіпті, сен өтірік ауырдың деп қудалады да. Ол уақыттарда жұмысқа жарамды болса да, істеуден бас тартты деп айыптаған да сәттер болды. Осындай жағдайлар менің дәрігер мамандығын таңдауыма түрткі болды.  Кейін ағам ауырып жүрген кезде, журналдардан Қызылорда қаласында Оспанов Айтмұхаммед деген инемен емдейтін терапевт бар деп оқып, сол жақтан емделіп келді. Жағдайы жақсарып, жүруге, атқа мінуге жарап, жұмыс атқара бастады. Сөйтіп, біздің төртеуімізді оқытып, тоқытып, ер жеткізді. Сол ағамның арқасында біз осындай жағдайға жеттік.  Ал, пір тұтатын адамдарым сол ағам мен әкемді емдеген ағаларым болды. Алғысымды білдіріп, осы дәрігер жолына түсемін деп түйдім.

-  Басқа аурулардан осы жерде ем-дом алатын адамдардың артықшылығы мен кемшілігі жайлы айтып өтіңізші...

-  Біздің  аурулардың басқа соматикалық аурулардан артықшылығы- бізде көтеріліп ауыратын адамдар. Көздеріне неше түрлі елестер көрінуі, дауыстардың естілуі мүмкін. Бұл аурулар көбіне көктем және күз айларында белгі береді. Бізде емделген науқастардың барлығы дерлік үзбей дәрі ішуге міндетті. Бұл оның ауруының қайта қозуының алдын алады. Басқа аурулар бір немесе  екі аптадан кейін жазылып кетеді. Ал, біздің аурулар олай емес. Егер де, ауруы қозған  жағдайда өзіне де, өзге де қауіп төндіруі мүмкін. Ондай адамдарға дауыстар естіліп, тапсырма береді. «Ананы сындыр, мынаны өлтір» дегендей.  Бізде есепте тұрған әлеуметтік қауіпті аурулар көп. Біз мұндай ауруларды ай сайын қарап, тексеріп отырамыз. Соның өзінде кейбір науқастарымыз адам өлтірмесе де, ұрлық жасап, біреуді соғып қойған жағдайлар кездесті. Осындай іс-әрекеттермен көзге түскен науқастар Ақтас деген жердегі емдеу-түзету орталығы бар, сол жерге сот шешімімен қанша уақыт болатыны есептелініп,  жіберіледі. Кейбір науқастарымыз ақылкемділікпен ауырады. Мұндай жағдайда олар тез алдану-арбауға түсіп қалып жатады. Біреулері біреулердің азғыруынан заңды белінен басып, құқық органдарыныда істі болып жатса, біреулері үй-мүлкінен айырылып далада қаңғырып қалып жатады... Бұл енді біздің мамандықтың артықшылығы да, қорқынышты жағы деп айтуға болар.
Кемшілігін айтсақ, біздің науқастарда басқа (асқазан ауырса Сарыағашқа, тізесі ауырса Қапалға барып емделе алады) науқастардағы сияқты мүмкіндік жоқ. Себебі түсінікті. Тағы бір кемшілік жеке көмекші жағы қарастырылмаған.  Бізде І топтағы мүгедектерге 18 жасқа дейін ғана туыстарына ақша төленеді де, ары қарай төленбейді. Ал, соматикалық  дертпен ауырған адамдарға бұл ақша төлене береді. Осы жағдайда көп түсінбеушілік туындайды.  Келеңсіз жағдайларда кездесті. Мұндай мәселелер мемлекеттік дәрежеде қарастырылатындықтан, біздің қолымыздан ештене келмейді. Осындай мәселелер әлі де болса қаралады деген болатын. Қолға алынатына сенімдіміз...

•    Дәрігерлік жолда қолдау немесе тосқауыл болған адамдар болды ма?

- Қолдау танытқан адамдар өте көп болды десем артық етпес. Солардың барлығын емес, кейбірін айтып өтейін. Жақсы адамға әркез қолдау табылады. Алғаш Талдықорғандағы медициналық училищені бітіріп, 1974-1975 жылдар болу керек, Қарабұлақтағы орталық ауруханаға (ол кезде едәуір танымал аурухана болған ) бардым. Бас-дәрігері Царук Павел Адамович мені қолдаған алғашқы адам болды. Мықты тәжірибе жинаймын деп барған мені, бірден практика өткізбестен фельдшер қылып, Балқаш өңіріндегі шөп шабатын адамдардың қасына қосып жіберді. Теория тұрғысынан дайын болғанмен, тәжірибе бойынша қорқыныш болды. Бірақ, қысылтаяңғанда әр нәрсенің шешімі табылады екен. Сол ағама ризамын, практикантпын ғой дегеніме қарамастан , «еркексің ғой» деді де жіберді (күлді). Бұл мен үшін керемет тәжірибе болды. Қарабұлақта бес жыл жұмыс атқарғаннан кейін, Институтқа түсіп, интернатурада Талдықорған қалалық психикалық сауықтыру орталығына келіп, өттік. Осы кезде Евгений Васильевич Бароников деген бас-дәрігер өз тәжірибелерімен бөлісті, үйретті. Сол кездері жұмыс атқарған барлық ақ халаттылар менің білімімді одан әрі жетілдіруіме, шыңдалуыма өз септігін тигізді.
Оқуды бітіргеннен кейін, Үштөбе қаласына психиатр-норколог болып барып, бес жыл қызмет атқардым. Попов Василий Яикович деген бас дәрігер маған көп көмектесті. Өзінің ағалық кеңестерін айтты. Кейін Наркологияда қызмет атқарған кезде де жәрдем берген, қолдаған адамдар көп болды. Юрий Иванович Седов сынды дәрігерлер барынша қанаттыға қақтырмай, тұмсықтықтыға шоқтырмай қорғап, қолдады. Бес – алты жыл ол жерде жұмыс істегеннен кейін, Талдықорған Психикалық сауықтыру орталығына(яғни, қазір отырған жерім) келдім. Табалдырығын аттаған сәттен, жатсынбай өздеріне жақын тартқан адамдардың бірі бас-дәрігер, басқарушысы болған Қурмашев  Бейсен Хамитович деген кісі еді (Қазір зейнетке шыққан. Оның орнында Оралбекова Ғания Собеткажановна). Қазір осындай орында, меңгеруші болып отырғаным сол кісілердің арқасында. Тосқауыл кез-келген адамның өмірінде кездеседі. Алайда, сол кедергілердің барлығын жанымдағы жақсы адамдардың арқасында еш тайсалмастан атқарып жүрмін.
Адам баласы болған соң, сынақтарда кездеседі ғой.Сондай жағдайдың бірін айтайын. Жоғарыда айтып өттім ғой, Үштөбе қаласында жұмыс атқарып жүрген кезде баспана беріледі деп уәде етілген болатын. Алайда, ол уәде орындалмады. Уақытша баспана берілді, бірақ, онда тіркеу болмағандықтан үйден сотпен келіп шығарып жіберген кезең болды.  Соттың үкімі қағазын жыртып-жыртып тастадым. Бұйырмаған дүние ешқашан бұйырмайды екен. Бұл бір жағынан өкінішім де, ренішім де болып қалды.

•    Балалық шағыңыз туралы айтып өтсеңіз.

- Қаратал ауданына қарасты Кәлпе деп аталатын станциясының Тельман деген бөлімшесінде дүниеге келдім. Ата-анам өте қарапайым адамдар болған. Әкем Ұлы Отан соғысының ардагері болса, шешем үй шаруасындағы адам еді. Үйдің кішісімін. Қазірде екі әпкем, ағам бар (бір ағам қайтыс болған). Сол бөлімшеде 4 сыныптық мектепті бітіріп, Кәлпеде  10 сыныпты тәмамдадым. Аяқтағаннан кейін, оқуға мүмкіндік болмай бас-аяғы екі жыл сиыр бақтым. Сол уақыттарда көрген қиыншылықтардың арқасында осы күнге жетуімнің алғышарттары қаланды. Анам ауырды, ағама көмектесу керек болды. Солай күннің аптап ыстығында, күздегі қара жаңбырдың астында жүріп, өрісте жылағанда сәттер болды. Бірақ арман өрге жетеледі. Дәрігер болсам деген ойдың жетегімен қиындықтарды жеңдім. Қызылорда қаласындағы медициналық училищеге барып бір жыл оқып келдім. Кілең беске оқыдым. Мал баққаннан, оқыған оңай екен. (күлді) Қазір балаларыма ұрсып қоям: «Ей, көкелерім қайдан шығып отырғандарыңды біліп жүріңдер», -деп. Мектепті онша қатырып оқымасамда, оқу орнына барғанда бар күш жігерімді салып, талпынып, намыстанып оқыдым. Қызылордада бір жыл оқығаннан кейін, Талдықорған қаласындағы мед.училищеге (жоғарыда айтылды) ауысып қызыл дипломға бітірдім. 5-6 жыл жұмыс атқарып Семей қаласында Медициналық Институтқа бір емтихан тапсырып, оқуға қабылданып, сол жерде тағы да жақсымен тәмамдадым.

-  СІЗ АҚ ХАЛАТТЫ ЖАНСЫЗ.  Ең алғаш укол салған кезіңіз есіңізде ме?

- Ең алғаш укол салғаным, оқып жүрген кезімізде практикаға апарғанда болды. Ол уақытта «банка салу», «қыша» салу деген болатын-ды. Алғашында қорқыныш болғанмен, бір-екі рет салғаннан кейін үйреніп кеттік. Осы сәттерден ерекше есте қалатын жағдайларда болды. Қазіргідей емес, ол кезде, екінің біріне банка салатынбыз. «Науқастардың арқасын күйдіріп аламыз ба?», -деген қорқыныш та кездесті. Студенттер банка салып жатқанда көрпелерді күйдіріп алған кездер болды. Ондай жағдайда қалмау үшін тіземе, салып үйрендім. Ұятқа қалмау керек ғой. Әйтеу ешкімнің арқасында күйдірген жоқпын, көрпе де күйдірмедім (күлді).

-  Адамдардың психологиясын зертеп, оларды сабырға шақыру оңай жұмыс емес. Осы жолда нені басты назарда ұстанған жөн?

- Басты назарда біріншіден – біліктілік, білімділік болу қажет. Сабырлылықты, қайрымдылықты, қандай адам келсе де, қолдан келген көмекті аямауға тырысу керек. Сосын адалдықты, сенімділік, адамның жан дүниесін ұға білу керек. Егер де, адамның ішінде не болып жатқанын түсініп, сезіне алмасаңыз, ондай жұмыстан нәтиже шықпайды. Ауру сізге, сіз науқасқа сене білуіңіз шарт. Сенімділік болса, ем де бәрі де болады. Бір ғалым былай деген: «Біз үшеуміз, ауру, науқас, дәрігер. Егер дәрігермен науқас бір болса, ауруды қуып шығады». Біз осы ұстанымды ұстанамыз.

-  Ақын жазушылардың еңбектерін қаншалықты оқисыз? Оқып жүрген кітабыңыз бар ма?

- Қазір шыны керек, оқитын уақыт тапшы. Негізі алғаш қолыма алған кітабым- Мұхтардың «Абай жолы» еді. Мал баққан кезде қолымызға міндетті түрде кітап алып шығып, кешке қайтқанға дейін соны парақтайтынбыз. Өзім орыс сыныбын оқысам да, ана тілімді қатты құрметтедім. Ақын, жазушылардан М.Мақатаевты, Қ.Аманжоловтың, Ш.Құдайбердіұлының еңбектерімен таныспын. Айтыс, өлеңге жаным жақын. Уақыт болғанда ән де айтып, өлең де жазам.

-  Өміріңіздегі есте қалған қызықты оқиға...

- Қызықты оқиғалар көп болды. Соның бірі 2011 жылдың шілде айында болды. Осы клиникада дәрігер болып қызмет атқарып жүрген кезім. Бас-дәрігеріміз «кабинетіме кіріп кет» деп хабарласты. Ойымда ештеңе жоқ. Үйге барып, түнде ұйықтап жатсам, түс көріппін. Түсімде «үйге қайтып келе жатсам, ағашта сойдыйып 2 кілт тұр, қарасам біреуі өзімдікі, біреуін баламдікі болар дедім де ала салдым». Оянсам түсім екен. Солай жұмысқа бардым да, бастықтың кабинетіне  кірдім. Көптен бері, мені ерлер бөліміне басшы қылып тағайындаймыз деген де, қарсылық білдірген болатынмын. Өзім басшылық жұмысты ұната бермеймін. Қарапайым өмірім ұнайтын. Сол күні барсам, болды саған үкім шығарып қойдым, сен меңгеруші боласың деді. Күліп жібердім. Не күлесің деді. Сонда түнде түсімде екі кілт алып едім. Соның біреуін сіз ұстаттыңыз ғой дедім. Содан біраз күліп алдық. Түстің де кейде аян беретіні анық.

- Өмірде немен бақыттысыз?

- Бірінші кезекте отбасыммен,  бала шағаммен, немелеріммен бақыттымын. Туған-туыстарыммен бақыттымын, жұмысыммен бақыттымын. Халқымыз аман, ел-жұртымыз тыныш. Басқа мемлекеттердегі сияқты атыс-шабыс жоқ, соныммен бақыттымын. Барыммен бақыттымын. Аллаға тәубә.

- Осы маман тапшылығы мәселесі жайлы не айтар едіңіз... Сіздерде қанша маман қызмет атқарып отыр?

- Маман тапшылығы бар, және өте қатты сезіледі. Біздің бөлімде, мысалы 5-ақ дәрігер қызмет атқарып отырмыз. Оның екеуінің біреуі жұмыс бабымен қалалық әскери бөлімшеде, біреуі облыстық бөлімшеде. Олар күз айынан шілде айына дейін сол жақта болады.  Бүгінгі күні орталықта балалар дәрігері, жасөспірім дәрігері және мен ғана. Бұл саланы таңдаған адамда төзімділік, сабырлық қасиеті басым болуы шарт. Менің жастарға айтар ақылым осы.

Сұхбат бергеніңізге рахмет!

Адамның психологиясын өзіңдей зерттей білу оңай шаруа емес. Сабырлылықпен білімділікті талап ететін, жауапкершілігі зор бұл саланы таңдау екінің- бірінің қолынан келетін шаруа емес екені анық. Бүгінгі біздің кейіпкеріміздің өмір жолы қанша қиын болғанымен, адамның армандай білуінің арқасында биік белестерді бағындыруға болатындығының айқын көрінісі.
Р.S Біздің сұхбаттасқан ағамыздың бір басында өнері жетіп артылады. Ер жігітке жеті өнер де аз деу осының дәлелі. Кейіпкеріміз өзі өлең шығарып, әнге сөз жазып ғана қоймай, қазақ асылы атанған домбыраның, гитараның, баянның құлағында ойнайды. Сонымен қатар қолы жеңіл, ақ халатты абзал жан...

Автор:
Сұхбаттасқан: Аймарал ДАУЛЕТБЕК

http://zhardem.kz/news/8542  

Просмотров: 995 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]