Осы ғасырдың бас кезінде Сыр медицинасының абызы Ернияз Омаров ағамызбен бірлесіп «Сыр медицинасы. ХІХ-ХХ ғасыр» атты кітапты жазып жатқан кезіміз. Материал жинақтап, оны қорытып, компютерге түсіремін. Аралдың тумасы Алдақияр ағамның Қызылордаға келген бір сәтінде: «Аға, кітапқа сіздің фотфоңызды салайын» дегенімде, ол жұлып алғандай: «Менен гөрі Ташканованың суретін сал. Оның еңбегі менікінен де жоғары» деген еді. Оның жеңгеміз екенін ұқсам да, тегі қазақшаға келе бермейді екен. Қырғыз қызы екенін сонда білдім. «Жеңешең Набатхан Ташканова – қырғыз қызы. Өзің білесің, мен медициналық институтты Қырғызстанда бітіргенмін. Сонда таныстық. Аралға бірге келдік. Бүгінде ауданға есімі белгілі акушер-гинеколог, марапаттары да бар» деді ағам.
Иә, Набатхан жеңгеміз 1948 жылы Қырғызстанның Нарын облысында дүниеге келген. 1972 жылы Қырғыз мемлекеттік медициналық институтының емдеу ісі факультетін «үздік» дипломмен бітірген. Бішкек қаласының №3 перзентханасындағы бір жылдық интернатурадан соң, 1973-1975 жылдары Нарын ауданының перзентханасында акушер-гинеколог болып жұмыс істеді.
Аралдың тумасы Алдахиярмен бас қосып, 1975 жылы Аралға келді. Алдымен, Арал аудандық перзентханасында дәрігер акушер-гинеколог, 1977- 1998 жылдары перзентхананың бала босандыру бөлімшесінің меңгерушісі қызметінде болды. Одан кейін гинекология бөлімінің меңгерушісі болып еңбек етті.
Қажырлы еңбегінің нәтижесінде жоғары санатты акушер-гинеколог дәрігер атанды. "ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі" төсбелгісімен, 2003 жылы "Шапағат" медалімен марапатталды. Ел Президенті Н.Назарбаевтың «Алғыс Хатын» иеленді.
Кейін ауыр дертті бастан кешіріп, жүріп-тұруы қиын болса да өмірінің соңына дейін перзентханада түске дейін жұмысын жалғастырып, мол тәжірибесімен жастармен бөлісті. Ақыл-кеңесін берді. Өмірге жұбайы Алдақиярмен бірге үш перзент әкеліп, соларды үлкен азамат етіп тәрбиеледі. Немерелерінің қызығына сүйсінді.
Сыр еліне аты мәлім қаламгер Сарбұлақ Ибрашұлы «Тілегі мен жүрегі бір қос дәрігер» атты мақаласында Н.Ташканова туралы былай деп жазады: «Набатхан да бұл өмірде адамдарға қуаныш сыйлаудан асқан бақыт жоқ екенін балаларына үнемі айтып отырады. Талай-талай аналарға қуаныш сыйлаған мезеттері киноның түрлі-түсті лентасындай көз алдынан елестеп өткен сайын бір марқайып қала береді.
Былайынша дәрігерлер бір адамның денсаулығына жауапты болса, гинеколог дәрігер екі немесе үш-төрт адамның өміріне бірдей жауапты жан.
Осындайда еске қайдағы мен жайдағының түсетіні бар. Аудандық аурухананың физиология бөлімшесінің меңгерушісі болып тұрған сонау сексенінші жылдары естен кетпес бір жағдай ұмытылмастай есінде қалған. Ол кезде алыс ауылдар рация арқылы байланысқа шығады. Арал ауданының көлемі кең, елді-мекендер аудан орталығынан қашық.
Бірде «Жіңішкеқұм» ауылына жолға шығайын деп тұрғанда бас дәрігер одан әрі «Атанши» ауылына бару керектігін айтқан, ол ауылдарда көбінесе малшылар тұрады. «Жіңішкеқұм» ауылында бір келіншектің толғалы ауыр болып жатыр екен. Оны босандырысымен «Атаншиге» барып, ондағы келіншекті «жедел жәрдемге» отырғызып алып, аудан орталығына тартқан. Содан жолшыбай келіншектің толғағы басталды. Дереу «жедел жәрдемді» тоқтатқан Набатхан ақ тер-көк тері шығып, жас ананы босандыруға жанталаса кірісті. Сайын дала төсінде өмір мен өлім өзара күресіп жатты. Жас ананың «ойбай, өлдім, өлдім» деген айқайы Набатханның төбе құйқасын шымырлатқандай.
- Өлмейсің, айқайлама, шаршап қаласың, одан да деміңді ішіңе тарт, қатты күшен! - Дәрігер емес пе, тұмса келіншекке басу айтып, өзінің де есі шықты. Бір сағаттай әуреленіп, қара терге түсіп босандырып алды. Келіншектің жаны жай табар емес. Даланы басына көтеріп барады. Сөйтіп жатқанда, екінші бала да дүниеге келді. Егіз екен, екеуі де ұл бала. Не істеу керек? Аудан орталығы екі жүз шақырымдай, одан арттағы ауыл жақын. Набатхан жүргізушіге: .
- Машинаны қайтадан ауыл жаққа қарай бұр, - деді. Арада екі сағаттай уақыт өткенде егіз ұл тапқан келіншегін аман-есен босандырып қайта оралған гинекологқа шопан жігіт ақсарбас атап, ризашылығын білдіріп жатты.
Осындай есте қалған оқиғаларды ойлағанда, Набатханның жүзінен нұрлы шырай жүгіріп, екі көзі оттай жанып сала береді.»
Ал Набатханның жандай құрбысы Айткүл Илиясова «Ақжелең мінезді адал құрбым» атты мақаласында: «Осы бір жүзі жарқын, көздерінен мейір шуағы төгіліп түратын қараторы келіншекті алғаш көргенім көз алдымда бүгінгідей тұр. Қаншама жылдар өтсе де, сол бір ерекше бейнесі жадымда сақталып қалған. Одан кейін де біздер ұзақ жылдар бойы үлкен, алғаусыз өмірдің баспалдақтарымен қатарласа жүріп әріптес болдық. Әріптестігіміз кейін үлкен достыққа ұласты. Алдымыздағы аға буын дәрігерлер Болат Әлсейітов, Валентина Евгениевна Пактардан күнделікті жұмыс барысында үйреніп, қалыптаса бастадық. Набатхан ұзақ жыл еңбек еткен бөлімдер перзентхананың ең ауыр салалары болатын. Өзінің ізденімпаздығының арқасында бала көтермей жүрген өйелдерге көмектесіп, кейін олар сәбилі болғанда «кіндік шешесі» атанып отырды. Біздің шағын перзентхананың ішінде республикалық ірі орталықтарда ғана істейтін оталарды жасап жүрді. Айнымас достығымыздың бір белгісі - мен Набатханның балаларының, ал ол менің балаларымның «кіндік шешесі» болды. Өмірдегі ең басты қуаныштарымызды біз осылайша айшықты ете білдік» деп жазады.
Бұл мақала ФБ-те жарияланғанда: Айнұр Қаныбаева «Өте керемет адам еді! Арал ауданының аяғы ауыр келіншектері мен бөпелерінің өміріне араша түскен алтын қолды дәрігер. Осы кісі жасаған «кесарево» отасы арқылы менің де кішкентайым дүниеге келді. Мың алғыс Набатхан апайға!», ал Бақыт Қожаберген: «Өте керемет, әр кезде жүзінен күлкі кетпей жүретін ақ жарқын жан еді» жүрек жарды пікірлерін білдіріп жатты.
Бұл да, өзің дүниеден өтсең де жасаған игілікті ісің, жақсылығың соңыңнан жаңғырып, ұмытылмайды деген осы болса керек.
Серікбай СМАҒҰЛҰЛЫ,
Арал қаласы.
«Сыр медицинасы» газеті,
желтоқсан айы, 2018 жыл |