Қара күз бен суық көктемде белшесінен су кешіп, екі білектің күшімен су астынан батпақ жинау оңай шаруа еместігі бесенеден белгілі. Қара судың ішінен, қара лайды қайыққа күрекпен жинап, 15 шұқырды толтыру үлкен еңбекті талап ететіні айтпаса да түсінікті жайт. Міне, Серік Әлиев бастаған 16 еңбеккер осындай орасан жұмысты атқарып, сауықтыру орнының ең жауапты қызметін арқалап жүр. Расында, аппликаторлардың маңдай терінсіз шипажайдың бойына қан, қызметіне жан бітпес еді. Сондықтан, осынау еңбек адамдарына арнайы жолығып, артықша бағалап, әңгімеге тарттық.
– Балтырым сыздап, денсаулығым сыр бере бастағанда Жаңақорғанның шипалы батпағы жаныма демеу болады. Осы жерде ем алғалы бері өзімді сергек сезініп, біршама жақсарып қалдым. Бұл – Бақытжан Абдуллаев басқаратын «Жаңақорған шипажайы» АҚ-ның табалдырығын аттағанымызда алпысты алқымдаған кейуананың айтқан сөзі еді.
Иә, Жаңақорған шипажайынан ем алып, оның нәтижесіне көңілі толып жүрген демалушылар саны көп. Сыртқы ауласы тып-тыныш, әр жерден үш-төрт адам көрінгенімен, шипажайдың іші қайнаған жұмыс, кісі қарасы көп. Ем алушыларға жағдай жасап жүрген шипажай еңбеккерлерінің қызметі зор. Осылардың қатарында Теріскеннің тұзы мен батпағын емге әзірлеуші аппликаторлар да бар.
Ал, осы топтың бригадирі Серік Әлиев №56 орта мектепті тәмамдағаннан кейін, құрылысшы болып, еңбекке ерте араласады. 2004 жылы «Жаңақорған шипажайына» аппликаторлық жұмысқа орналасып, содан бері он үш жыл осы мекемеде абыройлы қызмет атқарып келеді. Серік шипажайдың ең жауапты жұмысымен айналысады. Өйткені, емделушілердің барлығы осы шипалы батпақ үшін келетіні анық.
– Ем алушылардың барлығы батпақтың шипасын көру үшін келетіндіктен, оны дайындау жауапты іс. Лайды жылына екі рет яғни, көктем мен күзде Теріскен көлінен қайықпен жинап аламыз. Алынған лайды арнайы «чаңға» құйып жинаймыз. Лай сол жерде жатып қоюланып, емдік тұрғыда пайдалану үшін дайындалады, – дейді Серік Қалбергенұлы.
Бұл мекемеде Серік Әлиевпен бірге 16 азамат күніне жиырмаға жуық емделушіге қызмет көрсетеді. Демек, әр лай жағушының жұмысы өзінше бір төбе деген сөз. Осы орайда, Ербол Асқаров, Ерсұлтан Әуелбеков, Жарылқасын Серік, Қуаныш Мұсаев, Дархан Баймаханов сынды жігіттердің атын атау орынды.
Сондай-ақ, осы салада жүрген Ербол Тасан, Мұрат Жандарбеков, Қайрат Жандарбеков, Нұрлан Жұмабаев, Жанәділ Ерімбеков, Мақсат Үсенов, Руслан Түйменов, Берік Тәліп, Жомарт Тұрсынханов, Досболат Әлиев, Бақберген Мырзабаевтардың еңбегі елеулі.
– Лай арнайы кариталарда бумен ысытылып, бізге келеді. Біз дәрігердің белгілеуімен 36-дан 40 градусқа дейінгі батпақты емделушіге дайындаймыз. Осындағы әр жігіттің еңбегі адал. Олар таңнан кешке дейін тапжылмай демалушыларға қызмет көрсетуден тайынған емес, – дейді аппликатор.
Айта кетейік, Теріскен суының құрамында көптеген химиялық элементтер мен минералды тұздар кездеседі. Сондықтан, мұнда келіп ем алатын әр адам дертіне шипа тауып, міндетті түрде қайта айналып соғады.
Иә, қара лайдан қасиет тапқан Серік Әлиев секілді еңбек адамдарының адал бейнетін бағалаған абзал. Өйткені, олардың бүкіл қажыр-қайраты қара кенді шипалы емге айналдыруға жұмсалып келеді.
http://zhanaqorgan-tynysy.kz/ara-lajdan-asiet-tap-an/ |