Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты


Аттестаттау мақалалары


СІБІР ОЙЫҚ ЖАРАСЫ ТУРАЛЫ

Сібір ойық жарасы аса қауіпті жұқпалы аурулардың бірі. Ол көбінесе тері жамылғысында көрінеді, өкпе мен ішекте оның сепсис түрінде өтуі – өте сирек. Дерт қоздырғышы – Basillus anthracis. Ол спора түзетін бактерия.

Аурудың белгілері.

Қоздырғыш енген тері жамылғысында 2-3 күн өткен соң қызғылтым немесе көкшіл түсті дақ пайда болады. Сол жер қышып, теріні сәл күйдіргендей сезім білінеді. Ол 12-24 сағаттан соң диаметрі 2-3 мм, ішінде ашық түсті сұйықтығы бар күлдіреген бөртпеге айналады, уақыт өте келе ішіндегі сұйықтық қою түске боялып, қан араласады. Бөртпе қышып шыдатпаған соң, адам оны қасып, бетін жаралайды. Іріңді бөртпенің орнына беті ашылған  өлі етті қабыршақ пайда болады. Дәл осы қабыршақ сібір ойық жарасының негізгі белгісі. Кеселдің атауы да осы қара даққа (anthax) байланысты. Қабыршақ қатты, тығыз, күйген сияқты болады. Басқанда ауырмайды. Оның айналасын қызыл түсті жиек қоршайды.

Алғашында қабыршақ көлемі үлкен емес, диаметрі 2-3 мм болса, бірте-бірте ол ұлғайып, тығызданады. Тері жамылғысының өзгеруінің алғашқы сағаттарында ауруға шалдыққан адам әлсіреп, селқос,басы ауырады. Бірінші тәулік өткен соң, немесе 2-ші күні дене қызуы 39-40 градусқа көтеріліп, халі нашарлайды. Мұндай температура 5-6 күн бойы сақталып, кейін күрт төмендейді.

Алдын алу шаралары.

Адамдар мен жануарлар арасында дерттің ең тиімді алдын алу жолы – жыл сайын сібір ойық жарасына қарсы екпе. Арнайы вакцина қолайсыз бекеттердегі ауруды тез қабылдағыш, әлсіз жануарлар мен ет комбинаттарында, мал шаруашылығында тұрақты жұмыс істейтін, тері, жүн өңдеуге, тасымалдауға, сақтауға, сұрыптауға, илеуге қатысатын адамдарға егіледі.

Егілген жануарларды бақылауға алған мерзміде оларды басқа шаруашылықтарға ауыстыруға немесе егілгеннен кейін 14 күн ішінде жануар өліп қалса, оның терісін сыдыруға болмайды. Адам ағзасының сібір ойық жарасына төтеп беру қасиеті егуден соң 12-14 күнде пайда болады да,бұл 12 айға жуық сақталады. Егілген адамдар еңбек етуге 2 аптадан кейін ғана жіберіледі. Егу жұмыстары жануарларды жоспарлы тексеруден өткізу кезінде ветеринарлық мекемелерде тегін атқарылады.

                                            Аккуль Мендыбаевна ШИНИБЕКОВА,

Арал теңізі обаға қарсы күрес станциясы    

жоғары санатты лаборанты,

Арал ауданы,

Қызылорда облысы

Сурет Иммунитет сайтынан алынды. Қазақшаланды.

Категория: орта буын медицина қызметкерлерінің мақалалары | Добавил: психолог (19.02.2017)
Просмотров: 43 | Теги: аккуль, алдын алу, обаға қарсы станса, шинибекова, сібір ойық жарасы, арал | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]