Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты


Аттестаттау мақалалары


ОБА ІНДЕТІНЕН САҚТАНУ ЖОЛДАРЫ

Оба – аса қауіпті де қатерлі зоонозды табиғи ошақтық сипат иеленген  карантиндік жұқпалы дерт. Обаның өкпелік, ішектік, тері-бубондық, септикалық түрлері болады. Ауру адамға жанасу (контакт), ауа - тамшы және алиментарлық жолмен жұғады.  

Кеміргіштер - оба қоздырғышын  тасымалдаушылар. Бүргелер - оба қоздырғышын таратушы. Індет табиғаттағы түрлі кеміргіштер арқылы таралады. Адамдарға індет сол ауырған кеміргіштерден, немесе бүргелерден жұғады.

Оба ауруы қалай жұғады?

Індеттің жұғу жолдары мынадай: далада жұмыс істегенде, аңға барғанда, пішен шапқанда, мал баққанда және дала тышқандары арқылы; сарышұнақ, қосаяқтармен балалар ойнағанда; дала тышқандарын аулап, оларды  сойғанда; ауру тышқандармен кездескен мысықтар арқылы; обамен ауырған түйелер арқылы - оларды жіліктеп сойған жағдайда қолдың терісіне немесе көздің кілегей қабығы арқылы; обамен ауырған адам жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлегенде; обадан өлген адамның денесін жуғанда немесе оның қақырығы, сілекейі жұққан киімдерін ұстағанда.

Оба ауруының белгілері:

Аурудың жасырын кезеңі бірнеше сағаттан 3 – 6 күнге дейін созылады. Адамның обамен ауруы тұтқиылдан басталады. Науқастың температурасы 39 – 40°С-қа көтеріліп, басы айналады, қалтырайды, қызуы бірден көтеріледі, қолтықта, шапта түйінді ісік ұлғаяды. Организмнің күшті улануынан адам құсып, іші өтеді, есінен танып, үрей, ұйқысыздық пайда болады. Ал тері-бубон обасында бүрге шаққан жерге жақын орналасқан лимфа безі ісініп, бұршақ дәніндей қызыл түсті бөртпе (іші қанды іріңге толы) пайда болады. Бөртпе жарылып жараға айналады. Кей ретте кеуде ауырып қанды қақырық бөлінетін күшті жөтелге ұласады. Сырқаттың жай күйі нашарлайды. Ал егер ауру адамға ем жасалмаса, тез арада өліп кетуі мүмкін.

Обамен ауырған түйелерге байланысты сақтық шаралары

Олар: ауру түйені сау түйелерден жеке ұстау (ауру түйенің тұрған жеріне уақ үй тышқандарының қатысы болуы мүмкін); ауру түйені дереу мал дәрігеріне көрсету; ауру малды міндетті түрде оба ауруына қарсы жұмыс жүргізіп жүрген адам дәрігерлеріне де көрсету; мал дәрігерінің рұқсатынсыз ауру түйені союға болмайды; обадан өлген түйені сою үшін мал дәрігерімен қатар міндетті түрде оба ауруына қарсы күресетін адам дәрігерінің де рұқсаты болуы керек; обамен ауырған немесе өлген түйемен араласқан түйелерге жедел обаға қарсы вакцина ектіру; обадан өлген түйенің етін, жүнін, терісін жағып, өртеп жіберу. Обамен ауырған түйеге күтім жасаған адамдар белгілі мерзімге дейін дәрігерлердің бақылауына алынады.

                                                                       Аккуль Мендыбаевна ШИНИБЕКОВА,

Арал теңізі обаға қарсы күрес станциясы    

жоғары санатты лаборанты,

Арал ауданы,

Қызылорда облысы

Сурет epidemiolog.ru сайтынан алынды.

Категория: орта буын медицина қызметкерлерінің мақалалары | Добавил: психолог (03.05.2018)
Просмотров: 17 | Теги: шинибекова, аккуль, обаға қарсы күрес станциясы, Арал теңізі, сақтану, оба індеті | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]