Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты


Аттестаттау мақалалары


ОБА ІНДЕТІ ТУРАЛЫ ҚЫСҚАША МӘЛІМЕТ

Оба - жұқпалы аурулардың ішіндегі ең қауіптісі. Ол адамзатқа ертеден белгілі. Оба ауруына қарсы дер кезінде шаралар қолдану үшін, бұл аурудың қалай, қайдан пайда болатынын, жазатайым ауру кездесе қалса алдын алу шараларды көпшілік халықтың білгені дұрыс. Обаның табиғи ошақтарында бұл індеттің қоздырғышы жабайы кеміргіштер арасында сақталады. Жабайы кеміргіштерден обаның қоздырғышы ауыл-қалаларды мекендейтін адаммен қоныстас үй тышқандарына, егеуқүйрықтарға және т.б. кеміргіштерге берілуі мүмкін. Осы кеміргіштер ауруды бір-біріне бүрге арқылы жұқтырады. Сонымен қатар төрт түлік малдың ішінде оба ауруымен түйе де ауырады.

Үй маңында тышқандардың, обамен ауыратын аңдардың іні болса, үйде, қорада тышқандар мен бүргелер көбейіп кетсе онда обаның адамға жұғу қауіпі арта түседі.

Есте болатын жағдай: тышқан жүрген жердің бәрінде оба ауруы бар деуге болмайды. Кейбір дала тышқандары обамен ауыра қалса ол ауру тек сол төңіректегі тышқандар арасында ғана сақталады. Бұл «табиғи ошақ» деп аталады.

Сонымен, адамдарға оба ауруы мынадай жағдайда жұғуы мүмкін:

1. Далада жүмыс жасаған кезде, аңға барғанда, пішен орғанда, мал баққанда дала тышқандарының үстіндегі бүргесі арқылы.

2. Үй тышқандарының бүргесі арқылы.

3. Дала тышқанын аулап, оның терісін сыпырғанда.

4. Обамен ауырған түйелер арқылы, оларды жілікке сойған жағдайда қолдың терісі немесе көздің кілегей қабығы арқылы жұғады.

5. Обамен ауырған адам жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлескенде.

6. Обадан өлген адамның денесін жуғанда немесе оның қақырығы жұққан киімдерінен ұстағанда.

Оба ауруының белгілері

Обаның микробы жұққан соң ауру 2-6 күннен кейін ғана біліне бастайды, одан кейін микроб өсіп-өніп денеге уын жаяды. Аурудың бұл даму уақыты өткеннен кейін денені ауру билеп, науқас адамды әлсіретіп тастайды. Оның басы қатты ауырып, кейде лоқсып құсады. Қан тамырларының соғуы жиілеп, науқас адамның қызуы күшейіп, есінен танады, кейде аласұрып, сандырақтайды және температурасы 39-40 градусқа дейін көтеріледі.

Аурудың белгілері оның жұғу түріне қарай білінеді. Аңның, тышқанның терісін алған аңшылардың, обадан өлген түйе сойғандардың ауру белгісі көбінесе қолға таяу қолтық, тамақ бездерінен басталады. Ауру бүргеден, кенеден жүққанда бұлардың шаққан жерлеріне таяу жердегі бездер ісіп, ауырады.

Мұндай жағдайда адам шошынған бездеріне ешнәрсе тигізбеуге, көп қозғалмауға тырысады. Өйткені ісінген без өте ауырғыш келеді.

Без обасы асқынған жағдайда өкпеге шабуы мүмкін. Бұл жағдай ауырған адамға болсын, күтуші адамға болсын ауыр тиеді. Дер кезінде емделмесе тәуір болуы екіталай. Екіншіден, өкпеге жайылған оба басқа адамдарға аса жұққыш келеді де, аз күннің ішінде қаулап жанған өртше төңірекке тез тарайды.

Сақтық шаралары.

Оба өте жұқпалы және аса қауіпті ауру болғандықтан науқас адамды тез арада дәрігерге көрсетіңіздер. Үй ішін, ауланы таза ұстап, бүргеден, тышқандардан тазартыңыздар. Далада өліп жатқан, болмаса жүгіре алмай, кібіртектеп жүрген коян, түлкі, тышқандарды терісіне қызығып қолдарыңызбен ұстаушы болмаңыздар. Ауырған түйені дереу мал дәрігеріне көрсетіңіздер. Далаға қонғанда, күндіз демалғанда інді жерге жоламаңыздар. Оба ауруына қарсы егіліңіздер.

Сонымен бірге 15 сәуір мен 15 қараша аралығында аудан көлемінде түйе малдарын союға, терісі құнды аңдарды аулап, оның терісін пайдалануга тыйым салынады.

Ауыз су көздерін санитарлық талапқа сай келтіріп, суды міндетті түрде қайнатып ішу, қолды ас ішер алдында кір сабынмен жақсылап жуу шарт.

 

Фотосурет proinfekcii.ru сайтынан алынды.

 

Базарбай Миндебаевич ШИНИБЕКОВ,

Арал теңізі обаға қарсы күресу станциясының бактериологиялық лаборатория зертханашысы,

Арал ауданы,

Қызылорда облысы

Категория: орта буын медицина қызметкерлерінің мақалалары | Добавил: психолог (20.04.2018)
Просмотров: 20 | Теги: шинибеков, алдын алу, оба, базарбай | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]