Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты


Аттестаттау мақалалары


МЕЛИОИДОЗ ТУРАЛЫ НЕ БІЛГЕН ЖӨН?

Мелиоидоз - бұл аса жұқпалы антропозоонозды ауру. Оны қоректік ортада жақсы өсетін, қозғалмалы аяқшалары бар аэроб Уоитмор бацилласы шақырады. Бұл дерт кезінде ішкі ағзалар мен тіндерде көптеген септикалық-некротикалық ошақтар пайда болады. Қоздырғыш сыртқы ортаға аса төзімді. Алайда қыздырғанда және дезинфектанттардың әсерімен тез жойылады.

Мелиоидоз көбінесе Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде жиі кездеседі. Мелиоидоз таяқшаларының басты табиғи ошақтары - жұқпаланған жануарлардың бөліністерімен ластанған су мен топырақ. Табиғи жағдайларда бацилла тасымалдаушылары үй және жабайы жануарлар (мысықтар, иттер, шошқалар, сиырлар, ешкілер, жылқылар, егеуқұйрықтар, кроликтер). Адам мелиоидозды жұқпаланған суды және тамақты тұтынғанда алиментарлық жолмен, шаң-тозаңмен бірге бациллалармен тыныс алғанда аэрогендік (ауа-тамшы) жолмен және зақымданған теріге зарарлы материал түскенде контакттық жолмен жұқтырады. Мелиоидоздың септикалық және өкпелік түрі бар. Ошақтары көбінесе өкпеде дамиды. Өкпедегі ошақтар үлкен көлемде, ал екіншілік ошақтар басқа ағзалар мен тіндерде -теріде, тері асты қабатында, бауырда, көк бауырда (талақта), бүйректе, сүйікте, ми қабатында және лимфа түйіндерінде пайда болады. Мелиоидоздың жасырын кезеңі 2-3 күнге созылады.

Клиникалық көріністері: дене қызуы көтеріліп, тез арада септикалық ағымға ауысады. Күрт қалтырау, жоғары қызба, бас ауру, ентігу, естен тану және ауыр ағымда инфекциялық-токсикалық шок болады. Диагнозды лабораториялық нақтылау үшін науқастың қанын, зәрін, қақырығын, іріңді бөліністерін қоректік ортаға бактериологиялық себу атқарылады.

Алдын-алу шаралары: ауыз су көздерін және азық-түліктерді кеміргіштерден қорғау, дератизациялық шараларды жүргізу, зарарланған малдарды емдеу немесе сою, тұрғындардың жалпы гигиеналық мәдениетін арттыру. Ауырған кезде дәрігерге дер кезінде қаралу.

Мелиоидозы бар науқасқа күдік туғанда оны жедел түрде оқшаулау жэне шұғыл госпитализация жасау, яғни ауруханаға жатқызу керек.

 

Фотосурет Медицинская энциклопедия заболеваний сайтынан алынып, өңделді.

 

Базарбай Миндебаевич ШИНИБЕКОВ,

Арал теңізі обаға қарсы күресу станциясының бактериологиялық лаборатория зертханашысы,

Арал ауданы,

Қызылорда облысы

Категория: орта буын медицина қызметкерлерінің мақалалары | Добавил: психолог (15.06.2018)
Просмотров: 23 | Теги: шинибеков, обаға қарсы күресу станциясы, Уоитмор бацилласы, мелиоидоз, базарбай | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]