Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты


Аттестаттау мақалалары


КОНГО – ҚЫРЫМ ГЕМОРРАГИЯЛЫҚ ҚЫЗБАСЫ ТУРАЛЫ

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы (КҚГҚ) өткір трансмиссивті жұқпалы аурулар қатарына жатады. Ол облыста анда-санда болса да кездесіп тұрады. Кейде кесел соңы қайғылы аяқталады. Бұл дерт негізінен екі толқынды дене қызуының көтерілуімен, жалпы уыттанумен және айқын білінетін тромбогеморрагиялық белгілерімен сипатталады.

КҚГҚ ауруы маусымдық сипатқа ие, яғни көктем, жаз айларында кеңінен білінеді. Аурудың ошақтары көбіне жылы климатты жерлерде. және физикалық-географиялық ерекшеліктері бар (шөл, шөлейтті және далалы) ландшафттарда орналасқан.

Аурудың табиғаттағы резервуары - сүтқоректілер: сиыр, ешкі, қоян және жабайы кеміргіштер. Ал ауруды тікелей таратушы - кенелер. Олар өз бойында аталған аурудың қоздырғышын ұстап, тасымалдайды. Кенелер адам денесіне жабысып, оны шаққанда не болмаса кенелерді өлтіргенде қаны арқылы ауру жұғады. Сонымен бірге дерт малды кенеден қолмен тазалағанда, мал қырыққанда - кененің бөліністері дененің ашық жерлеріне түскенде, мал сойып оны мүшелегенде - жұқпалы жануардың қаны арқылы вируспен жұғуы ықтимал.

КҚГҚ-мен сырқаттанғандар әсіресе аурудың бастапқы күндері, қан кету болған сәттен бастап айналасындағылар үшін мейлінше қауіпті болады. Өйткені науқас қаны мен қанды бөліністері арқылы басқаларға ауру жұқтыруы мүмкін.

Қоздырғыштың организмге ену көзі - кененің шаққан орыны, не болмаса терідегі микрожарақаттар. Вирус организмге енгеннен кейін қан тамырларының ішкі жақтауында, бауырда, бүйректе көбейіп, одан кейін қанға қайта өтіп, бүкіл организмге таралады, ағзаларды зақымдайды. Нәтижесінде қанның ұюы бұзылып, түрлі ағзалардан қан кетулер болады.          

Аурудың 2 күннен 14 күнге созылуы мүмкін. Геморрагиялық белгілер пайда болысымен дене қызуы 1-2 тәулікте төмен түсіп, қайтадан көтеріледі. Белгілер пайда болғаннан кейін ауру адамның жалпы жағдайы күрт нашарлайды. Бетінен қызыл кетіп бозғылттана бастайды. Беті ісініп, ерін, мұрын аумағы, саусақтары көгереді. Қан кеткен жерлерде қанның ұйыған қалдықтары байқалады.

Геморрагиялық кезеңде диагноз жоғарыда келтірілген клиникалық белгілерге сүйене отырып қойылады.

Алдын алу шаралары.

Табиғатта демалғанда адам өзінде немесе қасындағы адамда кененің бар-жоғын тексергені жөн. Мұндайда реппеленттерді қолдану аса қажет. Ауладағы қоқыстар мен көңдерді дер кезінде тазалаған абзал. Малды кенелерден тазарту – ықпалды шаралардың бірі. Мал қораларын, малшылар тұратын үйлерді арнайы улы препараттармен дәрілеу, орман мен далада істегенде арнайы комбинезон, аяққа керзі етік кию қажет. Жабысқан кенені алу үшін оған бірнеше тамшы сұйық май немесе керосин тамызады. Кенені қысқышпен алып, орынын спиртпен немесе йодпен сүртеді. Аурудың белгілері білінсе дереу дәрігерге қаралу керек.

 

 

Майра Суханбергеновна СЕЙТМАМБЕТОВА,

Арал теңізі обаға қарсы күресу станциясы,

бактериологиялық лаборатория,

І-ші санаттағы зертханашы,

Қызылорда облысы

 

Фотосурет NovostiVolgograda.ru сайтынан алынды.

 

 

Категория: орта буын медицина қызметкерлерінің мақалалары | Добавил: психолог (19.11.2018)
Просмотров: 13 | Теги: сейтмамбетова, майра, конго-қырым геморрагиялық қызбасы | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]