Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты


Аттестаттау мақалалары


ТЫРЫСҚАҚ ЖӨНІНДЕ

 

Тырысқақ (холера) асқазан - ішек жолын зақымдайтын, құсу мен іш өту салдарынан ағзаның сусыздануына жетелейтін аса қауіпті жедел ішек індеті. Тарихта тырысқақ ауруының бірнеше пандемиялары тіркеліп, олар Египет, Индонезия елдерінде орын алған. 2017 жылы Кенияда тырысқақ оқиғаларының саны өсіп, 14 адам одан қайтыс болды. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2011 жылдың маусым айына карантинді жұқпалармен сырқаттану бойынша мәліметке сәйкес әлемнің 30 елінде тырысқақтың - 458292 жағдайы тіркеліп, 6106 адам қайтыс болған. Қазақстанмен тығыз қарым -қатынастағы Азия мемлекеттері: Пәкістан, Үндістан, Түркия, Қытай, Иран, Ауғанстан, Индонезия, Бангладеш және т.б. елдер тырысқақ жөнінен қолайсыз аймақ болып есептеледі. Шекаралас Украина мемлекетінде де  тырысқақ дерті тіркелген. Бұл кеселге шалдықпас үшін әр адамның тырысқақ жөнінде мағлұматтары болуы қажет.

Тырысқақ ауруының қоздырғышы – вибрион. Ол суда ұзақ уақыт сақталады, кептіруге, күн сәулесінің тікелей әсеріне, қайнатуға төзімсіз. Қоздырғыш су, тағам, тұрмыстық - қатынас жолдарымен жұғып, аш ішекте көбейеді, сөйтіп ауру тудырады.

Аурудың жасырын кезеңі орташа 5 тәулік. Жұқпаның негізгі көзі науқас адам немесе қоздырғышты тасымалдаушы.

Тырысқақ ауруының негізгі белгілері: ішек қызметінің бұзылуы салдарынан жүрек айнып, лоқсып құсу, жиі - жиі іш өту (ауыр түрге айналса күніне 20 -30 ретке дейін). Нәжістің түрі күріш қайнатпасына ұқсас болады. Соның нәтижесінде ағзадан су мен микроэлементтер көп мөлшерде шығып, ауыр түрімен ауырған адамдар 20-30%-ке дейін өз салмағын жоғалтады. Ауырған адамның халі өте нашар келеді: денесі сұрланып, мұздай тер шығады, дене температурасы 34-35 градусқа дейін төмендейді, көзі шүңірейіп ішіне кіріп кетеді, терісі қатпарланып, жиырылады, тырысады, қан қысымы төмендейді, дауысы әзер шығады немесе мүлдем жоғалады (афония). Егер ауру адамды дер кезінде емдемесе, соңы қайғылы аяқталады.

Тырысқақтың алдын алу үшін мына ережелерді қатаң сақтаңыз:

- жеке бас гигиена талаптарын қатаң сақтау;

- әрдайым қайнаған су ішу;

- ас ішерде және әжетханадан соң қолды сабынмен мұқият жуу;

- көкөніс пен жеміс - жидекті пайдаланар алдында ағын сумен тазартып жуу;

- тез бұзылатын тағамдарды белгілі температурада тоңазытқышта сақтап, оларды жарамдылық мерзімі шеңберінде пайдалану;

- лас су көздерінде шомылмау;

- тырысқақ бойынша қолайсыз елдерге сапарға шыққанда сақтық шараларын сақтау;

- дерт белгілері байқалғанда дереу медициналық көмекке жүгіну.

 

Фотосурет facey.ru сайтынан алынды.

 

Сали Нагиевна АККОЗАЕВА,

Арал теңізі обаға қарсы күрес станциясының лаборант-бактериологы,

Арал ауданы,

Қызылорда облысы

 

 

Категория: дәрігер мақалалары | Добавил: психолог (18.11.2018)
Просмотров: 9 | Теги: алдын алу, тырысқақ, аккозаева, Сали | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]