Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



15:07
ЖАСАНДЫЛЫҚҚА ЖАНЫ ҚАС, ЖАСАМПАЗДЫҚ ҮЛГІСІ БОЛА БІЛДІ

 

Сыр медицинасында өз ерекше тірлігімен, ұнамды ісімен көптің есінде қалған жандар санаулы-ақ. Солардың бірі де бірегейі Мұхтар Бейiсұлы дер едік. Ол 1949 жылы Арал ауданының Шөмiшкөл елді мекенінде туды. Арал қаласындағы орта мектепті бітіріп, еңбекке ерте араласты. Мектепті енді бітірген баланың столяр-ағаш ұстасы болып жұмысқа орналасуы оның қабілетінің зор екенін білдірер еді. Әйтпесе, балға ұстап, шеге қаға білмейтіндер қаншама. Кеңестік армия қатарында болып Белоруссия мен Чехословакия елдерiнде әскери борышын өтеді. Мұның бәрі жас кезінде қиындықты көп көрген Мұхтарды одан әрі шыңдай түсті. Шет елдегі озық өмір оның санасында мықтап орнады. Мұның бәрі еліміз егемендік алып, жаңа өмірге бет алған тұста кәдеге асты. 1976 жылы Ақтөбе мемлекеттiк медицина институты бала дәрігері болып бітірді. Қызылорда облыстық ауруханада сол саладан бір жылдық интернатурадан өтті.

Өмірден түйгені мол Мұхтарда қарапайым дәрігерден гөрі ұйымдастырушылық қабілеттің мол екенін байқаған денсаулық сақтау басшылары оны 1977 жылы Қармақшы ауданының бас бала дәрігерi тағайындаса, 1982 жылы облыстық денсаулық сақтау бөлімінің бастығы Е.Омаров басқармаға инспектор ретінде қызметке шақырды. Кейін облыстың бас педиатры болды. Соңғы қызметке тағайындалу ҚР денсаулық сақтау министрінің тура өзінің алдынан өтуді, соның келісімін алуды талап еткенін айтсақ, қандай жауапты лауазым екені түсінікті болады. М.Бейісұлы өзіне жүктелген міндет биігінен көріне білді. Бала шетінеуін азайту жолдарын тауып, оны облыс көлемінде табысты іске асырды.

Ол балаларға көрсетілетін анестезиологиялық-реанимациялық көмектің негізін қалауға бірден-бір себепкер болды. Соның нәтижесінде облыс сәбилерінің өлiм көрсеткіші екi есе азайды. Облыста алғаш рет балаларға көмек берудің озық тәсілі халықаралық ЮНИСЕФ бағдарламаларының  енгiзiлуін тікелей бақылады. Бағдарлама қала, аудан, тіпті ауыл медицинасында жүзеге асты. Оны үйлестірушілерді аурухана базасында жергілікті мамандардан даярлады. Арнайы оқыту орталығын ашты.   Халықаралық «Бөбек» қорымен тығыз байланыс орнатып, гуманитарлық көмек ретінде шет елдік автокөлік пен гуманитарлық жәрдем келуіне ықпал етті.

1992-1999 жылдары Қызылорда қалалық бiрiккен балалар ауруханасының бас дәрiгерi болған мерзімде аурухананың материалдық-техникалық базасын анағұрлым нығайтты. 90-шы жылдардың қиыншылығынан шығар жол тауып, медицина қызметкерлерінің жалақысын көп кешіктірмей беруді басты міндеті деп білді. Бұл мекеме аты қалалық болғанымен облыстағы балаларға маманданған медициналық көмек көрсететін жалғыз аурухана болатын. Әрі бөлімшелері қаланың әр жерінде шашырай орналасқан еді. Солардың жұмысын үйлестіру М.Бейісұлының іскерлігінің нәтижесінде ғана жүзеге асты. Сол кездің өзінде бөлiмшелер санының 3-тен 12-ге дейiн көбейгені бұған нақты дәлел бола алады. Облыс педиатрларының білімін арттыру үшін Алматы дәрігерлердің білімін жетілдіру институтынан білікті дәрігер-ұстаздар шақырылды.

1997 жылы аурухана жанынан педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының облыстық бөлiмiнің ашылуын құптаған М.Бейсұлы бірнеше жас дәрігердің өз практикалық жұмысында жүріп-ақ ғылыммен етене айналысуына молынан жағдай жасады. Кейін олар медицина ғылымының кандидаты, докторы атанды.    

1998 жылы республика бала дәрiгерлерiнiң басын қосып Қызылорда қаласында аурухана базасында «Экология және балалар» атты аймақтық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырды. Конференция жоғары деңгейде өтіп, ел ғалымдарымен қатар жергілікті дәрігерлердің де ғылыми еңбектері алқалы басқосуда баяндалды. Арнайы ғылыми мақалалар жинағы шығарылды.

1999-2000 ж.ж. Тасбөгет кентiндегi №4 қалалық емхана бас дәрiгерi, қалалық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі болған кезде ескі емхананың жаңа ғимаратқа көшуін қамтамасыз етті және қыста ұдайы салқын болып келген бөлімнің жылу жүйесін қалыпқа келтірді.

2000-2003 ж.ж. облыстық наркологиялық диспансердің бас дәрiгері болып еңбек етті. Мұнда да мекеме жұмысының алға басуына мұрындық болды. Атап айтқанда диспансердің ескі ғимаратын жаңа орынға – бұрынғы облыстық аурухананың ескі орынына көшірді. Көп кешікпей жаңа қонысқа көшуді жоспарлаған облыстық аурухана жөндеу жұмыстарын соңғы жылдары мүлдем көрмеген еді. М.Бейісұлы оны наркологиялық емдеу мекемесіне лайықтап, қайта жөндеді. Құрылыс-жөндеу жұмыстарына диспансер қызметкерлерін өзі үйретіп, оларды тіпті епті құрылысшы етіп те шығарды. Аурухана ауласын адам танымастай абаттандырды, әсем гүлдер ектіріп, қала орталығындағы аурухана бір мезетте жасыл желекке оранып шыға келді. Дәрiгерлер саны 65-тен 101-ге дейiн, дәрiгерлердiң және мейiрбикелердiң санаттық дәреже иелену көрсеткіші анағұрлым өстi. Мекемедегі медициналық құжаттар түгелдей қазақ тiлiне көшiрiлдi.

Диспансерде наркологиялық көмектi заман талабына сай ұйымдастыру үшiн физиотерапевтiк, функционалдық диагностика, психотерапевтiк және сыр шашпай (анонимдiк) емдеу кабинеттерi мен жаңа бөлімшелер – балалар және жасөспірімдер наркологиялық бөлімшесі және оңалту (реабилитациялық) бөлімше ашылды. Жас нарколог дәрігерлер ғылыммен айналыса бастады. 

Емделушiлердiң бос уақытын тиімді пайдалануы және спортпен айналысу үшін екi жазғы спорт алаңы салынды.

2004-2014 жж №2 қалалық емхананың бас дәрiгерi болды. Қала орталығынан тыс тұрған қала тұрғындарының лайықты медициналық қызмет алуына барынша жағдай жасады. Жаңа кабинеттер ашып, ұжым бірлігі арта түсті. Жаңа емхана құрылысын жүргізу бойынша бастама көтерді.

Құрметті еңбек демалысына шыққан кезінде де қол қусырып қарап отырмады. Қызылорда облысы медицина қызметкерлерiнiң облыстық қоғамдық бiрлестiгiн құрып, төраға болды. Бірлестіктің «Сыр медицинасы» газетiн шығарып, медицина қызметкерлерін ынталандыру мақсатында «Сыр медицинасының үздігі» медалін тағайындап, лайықтыларды марапаттады.

Оның қажырлы еңбегі ескеріліп, КСРО және Қазақстан Республикасының «Денсаулық сақтау iсiнiң үздiгi» төсбелгілерімен марапатталды. ҚР педиатрларының 2, 3, 4 съездерiне делегат болып қатысты. 2-съезде Қызылорда облысының педиатрия саласының сол кездегi өзектi мқселелерiн көтерiп, жақсарту жолдарын баяндады. Бiрнеше рет Президиум мүшесi болды. 1986 жылы Мәскеу қаласында өткен педиатрлардың Бүкiлодақтық 12-съезiне де делегат болып қатысты.

Облыс медицина қосқан үлесі үшiн ҚР Президентiнiң және облыс әкiмiнің бiрнеше алғыс хаттарымен, «Ерен еңбегi үшiн» медалiмен, сонымен қатар «Пирогов», «Гиппократ» медальдарымен марапатталды.

Әрине, оның осыншама еңбек жолын еш кедергісіз даңғыл жол болды деп айта алмас едік. Тумысынан тура, жалғандыққа жаны қас, жүрген жерінің кемшілігін бірден байқап, оны түзету жолын да анық білетін Мұхтар Бейісұлы қарапайым жандардың да мұң-мұқтажына бей-жай қарамай тірлік етті. Басшылардың кейбіріне әділдік іздеген тірліктері жақпады, біршама уақыт жұмыссыздықты да басынан кешірді. Дегенмен, оның бойындағы қажымас қайрат пен озық ой елге қызмет етер тұстарда қайта маздап жанды. Оның дәрігерлігіне қоса құрылыс саласының кәнігі маман ретіндегі бітірген көптеген шаруалары көрген жанды тәнті етті. Өзінің тұрғын үйі мен «Жанар» клиникасының барлық сымбат-құрылыс жұмыстары М.Бейісұлының ойы мен іскерлік жемісі болатын. Сондай-ақ ол өзінің бұл қабілетін өзі басқарған ауруханаларда да көрсете білді.

М.Бейісұлының баулыған шәкірттері ауданның бас педиатры, аурухана бас дәрігері, тіпті денсаулық сақтау басқарма басшысы да болды. Жеңгеміз Үрмия Қожахметқызымен бірге 2 ұл және 1 қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан өнген 8 немересiнің де қызығын көруге тағдыр жазды. Бүгінде оның өзі негізін қалап, аяғынан нық тұруына тер төккен «Сыр медицинасы» бірлестігі де, газеті де өз өмірін жалғастыруда.

 

Әріптес інілері:

С.СМАҒҰЛҰЛЫ, О.КЕУБАСОВ,

Е.І.АЯПОВ, Т.Қ.БЕКТЕГЕН,

Арал – Қазалы – Қызылорда

 

Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің «Сыр медицинасы» газеті, қараша 2019 жыл.

Просмотров: 394 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]