Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



14:41
ЖАНАРЫҢА ЖАРЫҚ СИЛАЙТЫН ЖАН

Қашан келсең де, осы көз дəрігерінің кабинетінде кезекте тұрған адамның қарасы көп. Кезекте тұрғандардың қарасын көріп адамдардың көздері нашар көретін болған ба деген ойға қаласың.

Ия, расында да ауданымызда көзі нашар көретін адамдар саны жыл сайын көбеюде. Бұрындары көзі нашарлапты немесе көзіне ота жасатыпты дегенді мүлдем естімейтін едік. Ал, қазір ше? Əрбір үшінші адамның көзі нашар көреді. Тіпті жастарымыздың арасында да көру қабілеті төмендер жетерлік. Көз – адам мүшесінің ең нəзік бөлігі. Қазақта екі көзің шырағың, екі қолың пырағың, екі аяғың тұрағың деген нақыл бар. Оның мағынасын əрбір адам түсінсе керек. Əрине, он екі мүшенің əрқайсысының атқаратын қызметі бар. Бірақ, қос жанардың жөні бір басқа. Осы орайда, ауданымызда өзекті мəселеге айналған ересектер мен жастар арасындағы көз ауруларының жиілеп кету себептері жайында білікті көз дəрігері Света Есболовадан сұраған едік.

Офтальмолог дəрігердің айтуынша, көзі нашар көретін адамдар санының көбеюіне себептер өте көп. Жасы қырықтан асқан азаматтар арасында глаукома, катаракта сынды көз аурулары пайда болады. Əрбір азамат скринингтік тексеруден міндетті түрде өту қажет. Дəрігер мұндай тексеріс адамдардың денсаулығына немқұрайлы қарамай, уақтылы кейбір аурулардың алдын алуға септігін тигізетінін айтады. Адамдардың көзі ауыра бастаған кезден бастап дəрігерге көрініп, айтқан емдерін уақытында орындап жүрсе аурудың алдын алуға болады. Біздің науқастар қанша көздері ауырса да жүре береді. Сөйтіп аурулары асқынған кезде ғана дəрігерге келеді. Қазіргі таңда ауданымызда 239 адам глаукома диагнозымен есепте тұрады. Сонымен қатар, 277 адам əртүрлі көз ауруларымен есепке тіркелген. Көздің көруі нашарлап, қабынып ауыратын кездері болады. Сондай-ақ, көз ауруында алыстан немесе жақыннан көрмейтін, кейде қосарланып көріну жағдайлары да кездеседі. Мұндай жағдай біздің ауданымызда да бар.

Глаукомамен ауыратындар, көздің жасаурауы да күнделікті өмірде жиі кездеседі. Тағы бір айта кететін жайт тұқымқуалаушылық та осы ауруға бірден-бір əсер етеді. Ең қажеті дəрігерден кеңес алып, көзді емдеудің қамын ертерек жасау керек дегенді айтты ақ желеңді, жылы жүзді дəрігер С.Есболова. Сонымен қатар, қазіргі кезде «құрғақ көз» синдромының себебі де əсер етеді. Бүгінгі жастардың арасында ең көп тараған көз ауруы – миопия яғни алыстан көрмеу. Жаңа технологиялардың өмірге келуі осы аурудың көбеюіне əсер етіп отыр, – дейді дəрігер.

Расында оқу үдерісінің компьютерлендірілуі, балалардың бейне жəне компьютерлік ойындарға құштарлығы аталған ауруды қоздыра түседі екен. Ересек адамның өзі де компьютер алдында жарты сағаттан артық отырса көзінің шаршағанын байқайды. Сондай-ақ, ішімдік пен темекі де адамның көз жанарының əлсіреуіне əкеліп соғуда. Бүгінгі заман талабы болар, əрбір жас өзінің бір күнін ұялы телефонсыз елестете алмайды. Көз дəрігері Света Есболова компьютер заманы жастардың денсаулығына ғана емес, өмір сүру дағдысына, мінез құлқына да кері əсерін беретініне қынжылысын білдірді. Əңгіме барысында дəрігер көзді құрғақтықтан сақтайтын өзінің арнайы бездері болатынын айтып өтті. Мəселен, асқазан жолдары, бауыр аурулары, қан айналымы бұзылып, бездердің жұмысы нашарлап, көз тез шаршайтыны болады.

Омыртқа аурулары, бас ауруы, уақтылы демалып, ұйықтамау да көз көруді нашарлатады. Сондықтан, көз ауруларының себеп салдары бүкіл ағзамен тікелей байланысты. Енді осы көз ауруларын емдеуде қандай шара, қандай ем-дом қолданып жатырсыздар деген сауалымызға дəрігер Түркістан мен Қызылорда қаласына ота жасатуға жолдама береміз. Күнделікті көрінуге келетін 10 адамның 5-не катаракта деген диагноз қойылады. Науқастарды облысқа жібермей, олардың санын азайту мақсатында өткен жылы аудандық аурухана бастығы Я.Шорабаевтың бастамасымен ауданымызда күндізгі стационар бөлімінен арнайы 5 жатын орын беріліп, осында көз ауруларымен есепте тұратын науқастарға ем жасап жатқанын тілге тиек етті. Мəселен, былтыр 99 адам осы бөлімде көздеріне қажетті ем қабылдаған. Дəл қазіргі таңда да глаукомамен ауыратын 10 науқас күндізгі стационар бөлімінде ем қабылдап жатқанын білдік. Сондай ем қабылдап жатқан науқастардың бірі: Баян Сүлейменова, Ұлжалғас Махатова, Ізкендір Рақымжановтар облысқа барып сандалмай-ақ, осында білікті көз дəрігер Светаның жасап жатқан еміне ризашылықтарын білдірді. Дəрігердің жылы сөзінің өзі ем – дегендей, көз дəрігерінің қабылдауында ауруына шипа іздеп келген жанға ақ халаты бойына жарасқан Света дəрігер асқан шыдамдылық көрсетіп, мұқият тыңдап, емін жасап, шығарып салатынына біз де куə болып қайттық.

 

Айнұр НАЗАРОВА

Сурет Б.БƏЙІМБЕТТІКІ

«Өскен өңір». 17 маусым 2017 жыл.

Просмотров: 1065 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]