Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



16:47
ЖАҚСЫНЫҢ ЖҮРЕГІ МЫҢДЫ ЖЫЛЫТАДЫ

Жарық дүниенің сұлулығы – сауыңда. Титтей жерден жабысқан дерт тұла-бойыңды меңдеп, сай-сүйегіңді сырқыратқанда қу жаныңды қайда қоярыңды білмей, бір тарының қауызына сыйып кетердей боларың рас. Осы сәтте қасыңнан табылар ақ желеңді аяулы жандардың қадірін шын біліп, аузынан шыққан әр сөзін Құранның хатындай көріп, жағаңа жармасқан жаналғыштың шеңгеліне қалқан қып, қайраттанып бағар сырқаттың жүрегіне сәуле құяр бір күш бар. Ол – дәрігерге деген сенім.

Жас та болса өз кәсібіне шын берілген адалдығымен осындай сенімді арқалап келе жатқан ақ халатты абзал жан, орталық аурухана емдеу бөлімінің невропатологы, І санатты дәрігер Темір Жапаров туралы жұртшылықтан тек оң пікір естіп жатамыз. «100 жаңа есім» жобасына ұсынылған дәрігердің өзімен арнайы жолығып, өзінің еңбек жолы туралы айтып беруін өтіндік.
Темір аудан орталығындағы №169 орта мектебін бітірген соң, 1993 жылы ХҚТУ-дың медицина факультетіне түсіп, 2000 жылы бітіріп шығады. Интернатурадан соң екі жыл клиникаық ординатурада кәсіби білімін шыңдайды. 2002-2005 жылдар аралығында аудандық емханада аймақтық терапевт, 2005 жылдан бастап орталық ауруханада дәрігер-невропатолог болып жұмыс жасап келеді.
Ол 2013 жылы және 2016 жылы Астанада өткен Қазақстан невро патологтары І және ІІ съезіне қатысып қайтты. Онда неврология саласындағы барлық мәселелер талқыға салынып, бағдарламалар қабылданды. Қазірде алға шығып, өңірімізде саны артып отырған инсульттің алдын-алу, емдеу бағытында ауданда орталық ашылып, томография іске қосылмақ. Емдеу бөлімі меңгерушісі Рашид Жүнісовтың айтуынша 2012 жылы инсультпен 76 адам ауырса, 2013 жылы 102, 2014 жылы 97, 2015 жылы 128, биылғы жылдың 8 айында 86 науқас тіркелген. Бөлім 30 төсектік, күндізгі стационарда да ем жүргізіледі екен.
Емнің нәтижелілігі сырқаттың ерте бастан дәрігерге көрініп, уақытылы сауықтыру шараларын жүргізуге байланысты. Әсіресе, инсульттің алғашқы сатыларын өткізіп алып, өкініште қалатын көп ағайынның дәрігерді кіналап «өз аяғымен жүріп келіп, беті бері қарамады» деп ренжіп жататынын естіп қаламыз. Бөлімде жүрек ауруларын ерте сатысында анықтауда анализатор көмегіне сүйеніп, тиісінше ем тағайындауға мүмкіндік мол көрінеді. Соңғы кездегі аудан медицина саласындағы қол жеткен жетістіктер – жаңа аппаратуралардың: кардиологиялық компьютер, хирургиялық лапароскопия, ішкі ағзалардың сырқатына толық диагноз қоюға мүмкіндік беретін УЗИ, бас сүйегін тексеретін томография іске қосылуы дәрігерлердің жұмысына жаңа серпін беріп отыр екен. Бүгінгі жолығуымызды пайдаланып дәрігерден инсульттің алғашқы белгілері жөнінде кеңес беруін сұраған едік. Ол ишемиалық инсульттің бас ауруы, құсу, беттің қисаюы, тілі күрмеле бастауы, сол қол, сол аяқтың әлсізденіп, көздің қосарланып көрінуі сынды басты белгілеріне тоқталып, осындай жағдайда тез дәрігерге қаралу керектігін ескертті.
Күнделікті ауру тарихын зерттеп-зерделеп, науқастарға нәтижелі ем тағайындауда тәжірибелі маман Зәуреш Тілепбаеваның басшылығымен өз жұмыстарын талап деңгейінде жүргізіп келе жатқан бөлімдегі әр маманның өзіндік кәсіби деңгейін жоғарылатып отыруға барлық жағдай жасалған. Медқызметкерлерімізге біліктілікті көтеру курсынан өту міндеттелген.
Кегі жоқ сырқат та бір келіп-кететін қонақ. Дүниенің қадірін, саушылықтың мағынасын ұқтырып, қанағатқа жетелер, қара суды қайғысыз ішудің де қуаныш екенін мойындатып, талайды тәубесіне келтірер тағылым таразы сынды. Сондықтан да болар, ұзыннан-ұзақ созылған аурухана дәлізі кімге болсын арғы дүние мен бергі дүниенің өткелі сынды әсер қалдырып, ал әрлі-берлі зыр жүгірген ақ халаттылар өмір мен өлім арпалысқан арасат майданындағы ақ қанатты періштелерге ұқсап күнді-күнге, түнді-түнге жалғап, халық саулығы жолында тамшылатып тер төгіп келеді.
«Менің сүйікті дәрігерім». Ақ халаттылар да еңбегіне қарай түрлі үкіметтік марапаттауларға ие болып жатады. Ал жоғарыдағы атақты көптің ықыласын иелену кез-келгенге бұйыра бермейтін бақыт. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Темір Әшірапұлы осындай дәрігер. Оны өздерінше меншіктеп, сыртынан алғысын жаудырып, тілектес болып жүретіндер көп. Ондай тұлғалармен аяқ басқан сайын кезігесіз. Сөзімнің дәлелі, өзім жолай отырған көліктің жүргізушісіне қарап «Сіз осы дәрігер Темір Жапаровқа емделіп көріп пе едіңіз?» деп сауал тастадым. Сұрағымның дөп үстінен түсіппін. «Тыңдап алыңыз, – деді ол аса мұқият жауап беріп, – Осыдан оншақты жыл бұрын мені бір науқас айналдырды. Ішкен-жегенімді заматында құсып тастаймын. Ешкімге айтпаймын. Әжептеуір уайым айналдырды. Содан, тәуекел деп емханаға барып, аймақтық дәрігер Темір Жапаровқа көріндім. Ол менің тамырымды ұстап, біраз сауалдар берді де, маған төрт дәрінің атын жазып, қабылдауға кеңес берді. Мен соның үшеуін тауып ішіп, аттай сауығып, дәрігерге қайта айналып барып, қолын алып, рахметімді жаудырдым. Ол күліп, қайта сізге рахмет, аға – деп кішіпейілдік танытты. Осындай қысылғанда жаныңды жай таптырып, тауып емдейтін білгір мамандар ауылда көп болса екен дейміз, – деді өзін Жаңарық ауылының тұрғыны Әбдікалам Ибадуллаев деп таныстырған ағамыз ағынан жарылып. «Тамырымды ұстады» демекші, Темірдің ата-бабаларынан қасиет қонған емші кісілер екеніне аймақ жұртшылығы куә. Бабалар жолын жалғастырған жас ұлан сол қадір-қасиетті аялай білсе жұлдызы бұдан да жоғарылай берерінен үміттенуге болады. Ол өзінің кәсібін таңдау талабы жөнінде былай дейді: «Мен сәби кезімде қатты ауырып, ажал аузынан алып қалған дәрігер нағашым Сейтмұратов Жұмабектің арқасында адам болып кеткен екенмін. Осыны кішкентайымнан құлағыма құйып өскен мен «Өскенде дәрігер боламын» деп алдыма мақсат қойдым». Ата-анасы Жапарұлы Әшірап пен анасы Алмагүл Сейтмұратқызы бірі ағарту, бірі денсаулық күзетінде еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан. Бауыры Құрбан да С.Асфендияров атындағы медицина институтын қызыл дипломмен тәмамдап, бүгінде резидентурасында оқып жатыр. Келіншегі Палманова Айсұлу медбике болып істейді, екеуі үш ұл тәрбиелеп отыр екен.
Адамзат тіршілігінің біздің түйсігіміз жете бермейтін сан құпиясы бар. Жақсылық пен зұлымдық тайталасқа түскен ұлы жіңгір майданда ізгілік пен қара күштің ұпайы қай күші басым түскеннің жағында алма-кезек ауысып, сан тағдыр сынаққа түскен шақта түбінде ақ ниеттінің алдынан ақжарылқап таң ататыны ақиқат. Бүкіл ғұмыры сырқаттың сан түрімен арпалысқа түсер дәрігерлік сынды қасиетті мамандықтың мағынасын осы қағидадан іздеген дұрыс. Өйткені оның жұдырықтай жүрегінде бүр жарған жанашырлық мейір кесір-кесапат атаулыны бұзып-жарып өтіп, бас көтерген тажалды тізе бүктіріп, дертті жеңуге жәрдемдеседі. Осынау мақсат биігінде ағалар жолын жалғаған, тірі жанның көңілін қалдырмайтын, қолынан келгенінше адамдарға жақсылық жасауға талпынып, көптің қадірлісі бола білген Темір сынды азаматқа еңбегің жана берсін деген ізгі тілегімізді жеткізгіміз келеді.

Баян ҮСЕЙІНОВА.

http://zhanaqorgan-tynysy.kz/zha-syny-zh-regi-my-dy-zhylytady/

Просмотров: 714 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]