Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



12:07
ӨЗГЕШЕ ӨНЕГЕ ИЕСІ

90 жылдық мерейтой

 

Сыр бойы медицинасының тарихы мен бүгіні туралы сөз бола қалса, аға буын арасынан Варлен Исаевты айрықша атайтынымыз анық. Ол денсаулық сақтау саласының ыстық-суығына бар өмірін арнаған, дәрігер болу үшін туған жан болатын.

 

Ақыл-ой мен білім-білік, күш-қуаттың бір адамның бойын­да то­ғысқанын осы Исаев Вар­лен аға­­мыздан көрдім десем ар­тық айтпа­ған болар едім. Оның ма­мандығы – адам жа­нының араша­шысы ретінде үлгі тұ­татын қасиет­тері есімізде.

Варлен ағамыз туралы сөз қозғамас бұрын әкесі Иса Тоқтыбаев ту­ралы айта кеткеніміз жөн болатын шығар. Иса Тоқтыбаев қоғам қайраткері, «Шолпан», «Ақ жол», «Қазақ тілі» газеттерінің редакторы, Орынбордағы педагогикалық институтының директоры, Қазақ АҚСР халық ағарту комиссиясының орынбасары, Ленинградтағы шығыс халықтар курсының ректоры қыз­метін атқарған, 3 рет түрмеде оты­рып, 1957 жылы ақталып, ел­ге орал­ған. 1958-1964 жылдары өлке­тану мұражайының директоры болған.

Қызылорда қаласынан бір көше­ге есімі беріліп, өзі тұрған үйге құр­мет тақтайшасы орнатылған.

1998 жылы Тереңөзек ауданын­дағы №35 қазақ орта мектебі И.Тоқ­тыбаев есімімен аталды.

Осындай қа­зақ халқының бір­туар азаматының ұлы Варлен 1928 жылы 23 желтоқ­санда өмірге келеді.

Варлен Исаұлы оқуды Ленинград қаласында бастап, Ұлы Отан соғысы басталған соң, елге келген.

Ағамыздың өмір жолы теп-тегіс болды деп айта алмаймыз. Әкесі «Халық жауы» атанған жас баланың өмір үшін күрес жолында қара жұмыс істеген кезі де болды.

Жалпы біздің кейіпкеріміздің қатарлары балалықты ерте ұмытқан ұрпақ болды. Тарих парағына ай­налған ХХ ғасыр бұл буынды ай­тарлықтай-ақ сынады. Қолдан жа­­салған аштық, «халық жауы» атан­ған, қызыл қырғын Отан со­ғысы, тағысын тағылар осы ғасыр­дың үлесінде тұр.

Аға буын осы нәубеттің бәрін көрді, иығымен көтерді. Міне, осы ұрпақтың мықты бір өкілі Исаев Варлен Исаұлы. Бұл кісінің өмір жолы, тағдыры да оңай болған жоқ. Дегенде бәрін де жеңді, бәріне де көнді. Өз бақытын өз қолымен жасады.

Кешегі аумалы-төкпелі заман кімнің де болса тағдырына тос­қауыл болғаны шындық. Бір мү­шел­ге толар-толмаста жарын жоқтаған ананың зарын, әкесін іздеген ба­ланың сағынышын күн сайын өз жү­регінің сүзгісінен өткізіп, өмір кешті. Ерте есейді. Оқи жүріп, ең­бек етіп, өзін-өзі асырап, жоғары бі­лім алды. Бұл айтуға ғана оңай шығар. Оның қаншалықты қиын­дығын сол жолмен жүріп өткен адам ғана жақсы біледі.

Сонымен, Вакең 1947 жылы Қы­зылордадағы фельдшерлік-аку­шерлік мектепке оқуға түсіп, оны 1950 жылы, үздік бағамен аяқтап, Алма­ты қаласы медициналық инс­ти­ту­тының емдеу факультетіне оқу­ға қабылданады.

Институтта оқыған жылдары да ауыр болды, сондықтан да ол сабақтан тыс уақытында вагондар түсіріп, жерқойма қазып, заң институтының сырттай оқитын сту­денттеріне курстық және бақылау жұмыстарын жазып беріп жүрді, ал жазғы демалыс күндері кожвендиспансер бригадалары құрамында мейіргер, мал шаруашылықта жаз­ғы жайылым телімдерінде фельд­шер қызметтерін атқарды. Өзінің оқуымен қатар, ол емханада ЛОР кабинетінде мейіргер қызметін қо­са алып жүрді. Өзінің негізгі ма­мандығын таңдауда бұл үлкен себеп болған.

Қиындықтарға қарамастан 1956 жылы институтты үздік бітіріп, Қызылорда облыстық ауруханасына дәрігер-отоларинголог болып жұ­мысқа қабылданды.

Бұл уақытқа дейін облыста оториноларингология сырқаттары бой­ынша маман жоқ болатын, Исаевқа дейін қызмет жасаған мамандар 2-3 жылдан кейін облыс­тан кетіп қалып жататын. В.Исаев облыстық ауруханаға жұмысқа келгеннен кейін ғана мамандар ағымы тоқталды, осы кезден бастап, облыс отоларинголог дәрігерсіз қалған емес.

Облыстық ауруханада төрт жыл қызмет атқарып, Мәскеу қала­сын­дағы дәрігерлердің білімін же­тіл­діру институтының клини­ка­лық ор­динатурасына түсіп, оны біті­рі­сімен қызметін жалғастырды. Қыз­метін ординатор ретінде бастап, ЛОР (құлақ, тамақ, мұрын емдеу бө­лімі) бөлімін 30 жыл абыроймен басқарды.

Жарты ғасырдан астам атқар­ған қызметі кезінде ЛОР сырқатта­ры­ның диагностикасының заманауи әдістерін ендірді. В.Исаевтың әді­сімен осы күнге дейін гайморолық және шеке қу­­ыстарына, мұрынның сүйек дал­да­­ларына, көмей ісік­теріне, диаг­ностикалық және емдік эзофагоскопия, бронхоскопия, кос­метикалық ота­лар жүргізілуде.

В.И.Исаев бірінші болып, об­лыс­­тық ауруханада госпитальға дей­інгі жоспарлы науқастарды кон­сер­вативтік және оталық емдеу үшін зерттеулер, тарылған өңешті сүмбілеу және тағы басқа әдістер жүргізді. Республика бойынша тұң­ғыш рет кері бағытта қозғалу эзофагоскопиясын енгізді.

Ординатурада алған тәжірибесін отогенді менингитті, бас ми және мишық абсцестерін ота әдісімен емдеу кездерінде кеңінен пайдаланды.

Ол 70-ке тарта маман дайын­дады, бүгінде олар облыс, республика көлемінде қызмет­терін атқаруда. В.Исаевтың тіке­лей қатысуымен облыстық орталықта еступротездік кабинет, балабақ­ша­ларда арнайы құлағы нашар ес­ти­тін балаларға арналған топтар, сур­дологопедтік кабинет, балалар ЛОР бөлімі және т.б. ашылды.

Бір мезеттері Вакең облыстық аурухана бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары қызме­тін атқарған болатын. Кейін ұйым­дас­тыру-әдістеме жұмысы жөнін­дегі орынбасары, жедел көмек және кеңес беру бөлімінің меңгерушісі қыз­меттерін қоса атқарды. Осы кез­дері міндетіне адалдығы, абыройлы қызметі ерекше танылды.

Кейін, өмірінің соңғы жылдары дәрігерлік жұмыстан бөлек, ауру­хананың қоғамдық өміріне белсене атсалысты. Тәлімгерлер кеңесінің, ардагерлер кеңесінің мүшесі, бағбан қоғамының ұйымдастырушысы жә­не саяжай комитетінің төрағасы болды.

Қайсыбір жұмыстың нәтижесі, тікелей ұжым мүшелерінің іс қабі­леттеріне, кәсіби шеберлік­теріне ті­­келей байланысты екені белгілі. Бұл талап әсіресе дәрігерлер ұжы­мына өте қажет. Міне, осы тұрғыда Вакең әр дәрігермен тіл табысып, жүрегіне, ішкі дүниесіне жол таба білді. Талап қойды. Қамқоршы бо­ла білді.

Вакең өз әріптестері арасын­да біртуар азаматтық болмысымен ерекшеленетін. Турашыл, ке­­рек же­рінде азаматтық мінез көр­­се­тетін, әділеттіктің туын жо­ға­ры ұстап, өмі­рінің соңғы күн­­де­ріне дейін ұжым ортасын­да болды. Өзінің та­биғи таланты­ның арқасында білікті маман, ұстаз, ардақты азамат болып, адамгер­шілігіне дақ түсірмей дүниеден озды.

Өмірге келу де, өмірден өту де өз еркіңнен тыс құдіреттің күші. Жаратушы әр адамның өмір жолын әр қилы етіп пешенесіне нәсіп еткен.

Өмірінің соңғы жылдары ден­­саулығына байланысты бір­ша­ма қиындық кешсе де, жа­ны­мен бір­ге жаратылып, қанымен бір­ге қа­лыптасқан азаматты­ғы, өмір­шең­дігі, ақыл-ой парасатты­лығы бір сәт төмендемей дүниеден өтті.

Көзі тірі болғанда биыл 90 жасқа толар еді. Халқымызда «Адам өл­ген күні өлмейді, ұмытылған күні өледі» деген қағида бар. Олай болса, Вакең арамызда жоқ болғанымен, көзкөргендер тірі тұрғанда, оның қадір-қасиеті көз алдымызда елес­теп, рухы өмір сүретіні сөзсіз. Бұл күндері облыстық медицина орта­лығы дәрігерлері, әріптестері аты аңызға айналған азаматтың есімін зор ілтипатпен еске алып жатады.

«Өткенімізді елемесек, болашақ­тан күтеріміз қайсы» демекші, Сыр медицинасына еңбегін сіңіріп, маң­дай терін төккен аға буын өкіл­дері өмір сүрген кезеңнің жастары­мыздың жадында сақталуы үшін Вар­лен Исаев туралы көрген-білген­дерімді қағаз бетіне түсіріп отырмын. Әрине, ол кісі туралы жазылар, айтылар сөз әлі алда болмақ.

 

Тұрғанбай МАХАНОВ,

«Қазақстанға еңбегі

сіңген дәрігер»,

облыстың Құрметті азаматы

 

«Сыр бойы»

 

Просмотров: 25 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]