Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



11:45
Қызылорданың Шиелі ауданында жаңа аурухана салына басталды

2018 жылғы 27 қаңтар

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат

- Қызылорда облысының Жаңақорған және Шиелі аудандарында салтанатты жағдайда жаңа спорт кешені ашылып, аудандық емхананың іргетасы қаланды, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі. Шиелі кентінде құрылысы басталған орталық аурухана 150 жатын орынға шақталған. «Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жыл сайынғы Жолдауларында ұлт денсаулығын жақсарту жайын ұдайы айтып келеді. Осы ретте, мемлекет тарапынан тұрақты қолдаудың нәтижесінде еліміздің денсаулық сақтау саласы жүйелі түрде даму үстінде. Соңғы екі жылдың ішінде Сыр өңірінде заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған 41 денсаулық сақтау нысаны салынды. Шиелі ауданында біраздан бері шешілмей жатқан мәселе - жаңа аурухананың құрылысы болатын. Бүгін, міне, біз оның құрылысын бастадық. Аурухана келесі жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда»,- деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев. Сондай-ақ аймақ басшысы мен ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы Шиелі ауданында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған 200 орындық спорттық-сауықтыру кешенінің ашылу салтанатына қатысты. Жалпы құны 42 млн. теңгені құрайтын спорт кешенінде күрес, бокс, кіші футбол, волейбол сияқты спорт түрлеріне арналған залдар бар. Одан бөлек, аймақ басшысы аудан әкімдерінің халық алдындағы қорытынды есеп беру жиындарына қатысты. «Аудандардың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жақсы, дегенмен, осымен шектелуге болмайды. Бірнеше жылдар бұрын Қызылорда облысы әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны бойынша соңғы орында еді, ал қазір аймағымыз көптеген көрсеткіштер бойынша алдынғы қатарда. Біз жаңа дәуірде өмір сүрудеміз, сондықтан оның ережелеріне бағынуымыз қажет. Елбасының биылғы Жолдауындағы басты міндет - барлық салаларды цифрландыру, сондықтан нәтижеге қол жеткізу үшін біз заман талабына сай болуымыз керек. Ол үшін барлық мүмкіндіктер бар. Жолдауды жүзеге асыру барысы әрқайсымыздың жұмысымызға байланысты», - деді ол. Сондай-ақ, өңір басшысы 2018 жыл Қызылорда облысында жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы деп жарияланатынын мәлімдеп, шағын және орта бизнесті дамыту мәселесіне де ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Айта кетейік, соңғы бес жылда Қызылорда облысында 57 медициналық нысан, оның ішінде Арал, Қазалы және Шиелі аудандарында орталық ауруханалар ашылды. 2018 жылдың қаңтар айынан бастап Байқоңыр қаласында 15 мың қазақстандыққа қызмет көрсететін емхана жұмысын бастады. Сонымен қатар, алдағы үш жылда тағы да 100 денсаулық сақтау нысаны салынбақ. Соңғы үш жылда облыста 9 спорттық нысан пайдалануға берілді. Ал өткен жылы Қызылордада мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бой көтерген спорттық-сауықтыру кешені өз жұмысын бастаған болатын. Сондай-ақ, аймақтың 7 елді мекенінде де спорт кешендерінің құрылысы жүріп жатыр.

Фото: osken-onir.kz

Автор: Елубай ӘУЕЗОВ


Дереккөз: http://www.inform.kz/kz/kyzylordanyn-shieli-audanynda-zhana-auruhana-salyna-bastaldy_a3135084

Просмотров: 96 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]