Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



10:30
ҚЫРЫҚ ЖЫЛ ЖАНҒА ЖЕЛЕУ БОЛҒАН

Кез келген елдің ең басты байлығы - халықтың денсаулығы. Сондықтан, денсаулық сақтау саласының жағдайы қашанда Елбасының ерекше назарында. Халқымыздың «Алғашқы байлық - денсаулық» деген сөзінің өзі осыған кепіл болмақ. Ақ халатты абзал жандардың көмегімен қамқорлықтарының арқасында науқас жандар сырқаттарынан айығып, денсаулықтың қадірін түсініп жатады. Дәрігер науқасқа сырқатының салдарын тауып, оны емдеу жолдарын айқындап берсе, бар мейір, ықыласымен оның әрі қарай емделіп, сауығуына медициналық көмек көрсететін мейірбике қызметінің мәні ерекше. Көпбалалы отбасында дүниеге келіп, еңбек жолын бұдан қырық жылдан астам уақыт бұрын, яғни 1976-1978 жылдары аудандық аурухананың тері аурулар диспансерінде тазалықшы болып бастаған Мария Сейтмамбетова 1978 жылы Түркістан қаласындағы медицина училищесіне түсіп, 1980 жылы медбике ісі мамандығы бойынша тәмамдаған еді. Балалар консультациясында аймақтық медбике болып еңбек еткен жылдары өзіндік тәжірибе жинақтай білді. Жайдары жүзді, ашық жарқын мінезді «Байтұрсынов» ауылдық емханасының мейірбикесі Мария Қадірбергенқызын Арал қаласының үлкен-кішісі түгел таниды десе де болғандай. 1985 жылдан егу кабинетіне ауысқан. Жоғары санатты медицина қызметкері Мария Сейтмамбетова 2000 жылдан емханадағы күндізгі стационар медбикесі болып еңбек етуде. Медбике ісіне кездейсоқ адамдар келмейді деп жатады. Расымен де, бұл сөз бекер айтылмаған тәрізді.

- Жанына дауа табу үшін емхана есігін аттағаннан қобалжулы қалыпта болатын науқастарды жылы шыраймен қарсы алып, көңілін демей білетіндей сөз айту - әрбір медбикенің негізгі міндеті. Бір ауыз сөздің өзі сырқат адамға қаншама күш береді. Емнің нәтижелі болуы да осыдан басталады. Ал, ұзақ жылдар бойы медицина саласында қызмет атқарғанымда қаншама оқиғалар басымнан өтті десеңізші. Уақытпен санаспай еңбек еттік. Қарамағымдағы әрбір көшенің тұрғындары менің ең жақын адамдарыма айналды. Әлі күнге дейін үлкендері ақ батасын беріп, кішілері тұра қалып амандасып жатады. Халықтың алғысы мен ықыласына бөленгеннен артық не бар, - дейді бүгінде жас буынға бай тәжірибесін үйретуден танбай келе жатқан Мария апа.

Ал, «Байтұрсынов» ауылдық емханасының меңгерушісі Гүлжанат Төлепова: «Мария апа -бәріміздің ақылшымыз. Қашан көрсеңіз де сабырлы қалпынан бір танбайды. Емханаға келушілердің көпшілігі бірден оны іздейді. Алпыс жылдан астам уақыт отасып, гауһар тойға жеткен Қадірберген ата мен Фатимадай ананың перзенті Мария апа - аяулы жар, үлгілі отбасының анасы. Еткен еңбегі бағаланып, бірнеше рет аудандық және облыстық денсаулық сақтау басқармасының Құрмет грамоталары мен бағалы сыйлықтарына ие болды. Ұл-қыздары таңдаған мамандықтары бойынша еңбек етуде. Немерелерінің қызығына бөленіп отырған абзал жанның бір салада осыншама жыл абыройлы қызмет атқаруы кім-кімге болса да өнеге» дейді ризашылық пішінде.

... Жұмысқа ертелетіп келуді қырық жыл бойы әдетке айналдырған Мария Сейтмамбетованы бүгін барша әріптестері мерекесімен құттықтап, ақ тілектерін арнауда. Мейірбикенің мейірімге толы жүзі құшағындағы алқызыл гүлдермен бірге алаулауда. Мамандығынан бақытын тапқан жан осындай-ақ болар.

 

Л. ИМАНБАЙҚЫЗЫ.

 «Толқын» газеті. 17 маусым 2017 жыл

 

Просмотров: 870 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]