Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты
Главная » 2017 » Тамыз » 21 » ҒЫЛЫМ АДАМНАН ҮНЕМІ ІЗДЕНІСТІ ТАЛАП ЕТЕДІ
08:28
ҒЫЛЫМ АДАМНАН ҮНЕМІ ІЗДЕНІСТІ ТАЛАП ЕТЕДІ

41 Еңбек Ерінен бөлек, облыс бойынша 10 ғасыр адамының бесеуі осы қасиетті Шиелі топырағынан шыққанын жақсы білеміз. Мұнымен аты әлемге мәшһүр тұлғаларымыз таусылып қалмайтыны да анық. Өз саласында үздік атанып, елдің алдында жүрген азаматтарымыз көп-ақ. Солардың бірі әрі бірегейі, саналы ғұмырын ғылымға арнап, Қазақстандағы стоматология ғылымын алға сүйреп, мыңдаған шәкіртке сабақ беріп, тісі ауырып мазасы қашқан науқастардың алғысын алып жүрген бүгінде С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің стоматология факультетінің «Ортопедтік стоматология» кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Көбейсін Алтынбеков десек артық айтқандық болмас.

Апта басында туған жерге табан тіреген ғалымды, аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев арнайы қабылдап, екеуара емен-жарқын әңгіме айтты. Көбейсін ағамыз елден 50 жылға жуық уақыт жырақта жүрсе де туған жердің тыныс-тіршілігін үнемі сыртынан бақылап, жақсы жаңалықтарымен мақтанып отыратынын жеткізді. Әңгіме барысында аудан әкімі аудандағы жаңадан соғылып жатқан құрылыс нысандарымен халық игілігі үшін жасалып жатқан жол, ауыз су, тартылған көгілдір отынын сөз етіп өңірдің әлеуметтік жағдайына тоқталып өтті. Сонымен қатар, мейманға Ыбырай Жақаевтың 125 жылдығына арналған төс белгіні табыс етті. Орайы келгенде біз де ғалыммен жүздесіп, оның өмір жолымен танысып, стоматология саласындағы сырларды ашпақ болып тілге тартқан едік. Көңілі жас баладай таза, әрбір сөзі салмақты Көбейсін ағамыз әңгімесін әріден бастады.
– Мен 1956 жылы 17 маусымда қазіргі Ортақшыл елді мекенінде дүниеге келдім. Әкем мектепте мұғалім, анам қарапайым еңбек адамы болатын. Сол замандағы елдің балалары секілді бізді де ата-анамыз кісі ақысын жемей, адал еңбек етуге, үлкенді құрметтеп, олардың алдынан кесе көлденең шықпауға тәрбиеледі. Әсіресе, әкемнің кітапты қалай оқу керектігін көрсетіп, ақылмен қалай жұмыс жасауды үйреткені маған осы күнге дейін жемісін беріп келеді. Ал, менің медицина саласына келуімнің өзі бір қызық. 1973 жылы ауылдағы орта мектепті тәмамдағаннан кейін жолдастарыммен бірге Алматыға барып КазГУ-дың мехматына тапсырған едік, түсе алмадық. Емтиханнан шығып үйге келе жатып, бір мекеменің алдында қаздың баласындай қатар жүрген үстері мұнтаздай таза ақ халат киген жастарға көзім түсті. Содан әлгі жерде қасымдағы досымнан бұлардың кімдер екенін сұрап едім мединституттың студенттері екенін айтты. Осыдан бастап маған медицина мамандығы қызық көріне бастады. Не керек, бір жылды өткізіп, сол институтқа құжат тапсырып оқуға түстік. Оқуды бітіргеннен кейін еңбек жолымды Жезқазған қаласындағы стоматологиялық емханада стоматолог болып бастадым. Кейін 1984 жылы 6 ай Мәскеудегі Ленин атындағы дәрігерлер біліктілігін жетілдіру орталығына барып, білім алып келгеннен соң Қарағанды мемлекеттік медициналық институтында ортопедтік – стоматология кафедрасында «осистент-мұғалім» болып жұмыс жасадым. Міне осылайша тізбектеліп, жүрген жерімізде үлкен профессорлардан тәлім алып келе-келе ғылымға бет бұрдым. 1997 жылы Түркияға грант алып ол жақтағы Стамбул университетінде стоматология бойынша 3 жыл доктарантурада оқып, Өздемір Тайфун, Нед­жат Тунжер деген екі профессордың кеңесімен 2000 жылы доктарантураны бітіріп, елге келдім. 2001 жылы «Стоматологиядағы диагноз қоюдың жаңа тәсілі, жаңа технологияда қолдану тәжірибесі» деген тақырыпта докторлықты қорғап шықтым. Жалпы, ғылым адамнан қайтпас қайсарлық пен ізденісті талап ететін жүгі ауыр сала. Ғалымдардың отырған жері жылы, орындығы жұмсақ болғанымен жұмысы өте күрделі. Анау далада қой бағып күнге күйген бақташы мен ала жаздай егін еккен диқаннан ғалымның атқарар жұмысы еш кем емес. Бұдан бөлек аудандағы «жаңбырдан кейінгі саңырау құлақтай» қаптап кеткен тіс емдеу орталықтарының қаншалықты тиімділігі мен жоқ тістің орнына жасалатын имплантант жайлы сұрағымызға: «Негізінде жеке тіс емханаға қарағанда мемлекеттік орталықтандырылған тіс емханасы болған халыққа тиімдірек. Өйткені, ол жердегі қызмет көрсету, емдеу, дәрігерлерді тағайындап олардың біліктілігін арттырып отыру барлығы мемлекет қарауында болады. Ал, имплантантқа келетін болсақ бұл жаңа заманның жетістігі. Бұрын жоқ тістің орнына жаңа тісті қою үшін екі шетіндегі сау тістерді егеп қоятын болсақ, мұнда жанындағы тістерге зақым келтірмей тікелей етке орнатылады. Тек, бір ескеретін жайт, салдырып жатқан имплантантыңыздың титаннан жасалған болуын қадағалағаныңыз жөн» деді.
Жалпы, Көбейсін ағамыз медицинаның тіс саласы бойынша 8 инновациялық патенттің авторы. Ол стамотология саласында алғаш рет отандық өнімдерді дүниеге әкеліп, қолданысқа енгізген жан. Оның «Stomet-1kz» «Stomet-2kz» және «Высокопрочный гипс» атты өнімдері шет елдік және отандық стомотология саласында кеңінен қолданысқа енгізілген. Алғашқы стамотолгия мамандығы бойынша 4 оқулықтың, 140-тан астам ғылыми мақаланың авторы. Оның құнды ғылыми еңбектері, мақалалары Германия, Швеция, Түркия, АҚШ секілді алпауыт елдердің баспаларында жарияланып тұрады. Қазақстанның үздік төс белгісі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қола, күміс, алтын белгілерімен мараптталған. ҚР Президенті әкімшілігінің іс басқармасына қарасты стамотология бөлімінде меңгеруші болған. Медицинадағы 6 бағыт бойынша берілетін білім стандартының стамотолгия бағытындағы стандартты жазып шыққан білікті дәрігер. Ғылыми стамотологиялық орталықтың директоры болған.

Елдос ЖҮСІП

http://osken-onir.kz/ylym-adamnan-nemi-izdenisti-talap-etedi/

Просмотров: 42 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]


Бұл сайт жөніндегі деректер сайт туралы ақпаратта орналасқан.