Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



08:16
ТУБЕРКУЛЕЗДІҢ ҚАЛАЙ АЛДЫН АЛУҒА БОЛАДЫ?

24 наурыз – Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні

Туберкулездің қоздырғышы немесе Кох бактериясы торшаішілік паразит микобактерия болып табылады. Қоздырғыштың бұл түрі адам, құс, жабайы және үй жануарларына аса қауіпті. Микобактерияның сыртқы қабығы липидтер мен күрделі балауыздан тұратындықтан оған сілтілердің әсер етуі аз. Көбеюі торшалық бөліну жолымен салыстырмалы баяу өтеді.

Мұндай бактериялардың ерекшелігі сыртқы факторлардың әсеріне төзімділігі.

Мысалы, микобактериялар суда 150 күнге дейін, кепкен күйде – бір жылдан астам, ал мұздатылған күйде – 30 жылға дейін тіршілік ету қабілетін сақтайды.

Егер адам тұратын мекен-жайда ылғалды, дымқыл және жарық аз болса, онда мұндай орта олардың өсіп-өнуіне қолайлы болып келеді. Ал күн жарығының әсерінен, олар керісінше лезде өледі. Мұндай микобактериялар уақыт өте келе әр түрлі антибиотиктердің әсеріне бойында тұрақтылықты өндіреді. Сөйтіп мультитөзімді туберкулездің (МТТ) дамуына жол ашады.  

Туберкулезге шалдығатын адамдар санын азайту үшін арнайы профилактикалық шаралар жүргізіледі. Дерт профилактикасының  басты ерекшелігі – бұл балалар мен ересектерде ерекшеліктік (спецификалық) иммунитет орнату. Мұндай иммунитет БЦЖ екпесінен соң адам бойында қалыптасады. Бірінші вакцинаны балаға туғаннан кейінгі алғашқы күндері жасайды. Белгілі бір мерзімде ревакцинаны қайталайды. Мұндай егу туберкулезге шалдығу қауіпін 50%-ке азайтады.

Ересек тұрғындарға арналып көпшілік флюорографиялық зерттеу жүргізіледі.

Тағы бір ықпалды тәсіл – химиопрофилактика болып табылады. Бұл әдіспен адамдағы сырқат дамуының алдын алады. Мұндай профилактиканы туберкулез таяқшасын тасымалдаушылармен контактта болғандарға; өкпесінде туберкулезден кейінгі өзгерістері барларға; туберкулезден сынама виражы бар балаларға; қант диабетіне, нашақорлыққа шалдыққандарға; психикалық ауытқулардан жапа шегетіндерге; кейбір формадағы тыныс алу ағзасының дерттері барларға; АИТВ-жұқпаланғандарға жүргізеді.

Химиопрофилактика негізінен көктем-күз айларында атқарылады.

Профилактикалық шараларға сондай-ақ туберкулезге күмәнді адамды оқшаулап, ауруханаға жатқызу, жұқпаланған адаммен контактта болғандарды жүйелі тексеру, науқастың тұрмыс жағдайын жақсарту, қажетті санитарлық-гигиеналық машықтарға науқас адамды және оның отбасы мүшелерін үйрету де жатады.  

 

Сурет "АГАПЕ" Медицинский центр в Люблино сайтынан алынды

Серік ЕРДАЛИЕВ,

эпидемиолог-дәрігер,

Қазалы темір жол ауруханасы,

Әйтеке би кенті,

Қазалы ауданы

Просмотров: 102 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]