Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



19:53
ТОЛҒАН КОМПАНИЯ. ТОНАЛҒАН ХАЛЫҚ

Қазір адамдар жоғарыдағы Жарат­қаннан бұрын та­ныстарымен аз-кем әңгімелесіп қалудан қорқады. Неге? Өйт­кені өткен-кеткен он танысының біреуі болмаса, екіншісі өзі айналысып жүрген кәсібін жарнама­лайды. Онысы тым-тәуір, мемлекеттік тұрақты жұмыс болса жақсы ғой. Қайда­ғы  бір  толған компаниялардың  тауарын жарнамалап әлек. Өзін баста же­лілік маркетингке желімдей жабыс­тырған  адамның бес-алты ауыз әңгі­месін айтып, қанатын қомдау – көз­дегені. Әйтпесе соны түсініп қарық қылып, пайданың астына көміліп жатқаны шамалы. Қара жұмыс емес, әйтеуір. Сондықтан бұл көп­ке таза жұмыс болып көрінеді. Оның ар жағында не бар, қандай идеология иек астында жасырулы, бұған бас қатырып жатқан  жан  жоқ.

Бүгінде біз шөп­тен жасалатын дәрі­лік заттарды насихаттайтын түрлі компаниялар туралы сөз қозғаймыз. Қалам қолға тиген деген осы екен деп, оңды тері­ске, терісті оңға бұратын біз емес. Сондай-ақ олардың жарнамасын жандандырып, саудасын қыздыруды да қолдамаймыз. Тек оқырмандардың ой түйгенін қалаймыз. Сонымен, біз «FG Invest», «Gano World Wide» және «Тяньши» секілді компа­нияларға олардың өніміне таңыр­қаушы  әрі  тамсанушы ретінде  бас  сұқтық.

 

Көптің  аузынан түспейтін

«ҚЫЗЫЛ  МАЙ»

 

Алғашқы әңгімелесуші­міз «FG Invest» компания­сының Қызылорда облы­сындағы өкілі Меруерт ханым­  болды.  Оның айт­уынша, елімізде аталмыш сау­да мекемесін «Қызылмай» компаниясы деп те атайды.

- Президенті Е.Г.Перепелица мырзаның осы компанияны құрғанына 8 жыл толды. Осы жылдың қазан айында 9 жылдық мерейтойымызды атап өтеміз. «Қызылмай» компаниясы шығаратын өнімдер адамның барлық ағзасын­а пайдалы. Компа­нияның негізгі қояр талабы – қандай да бір өнімді пайда­ланып, өнімнен нәтиже көріп, сол өнім туралы сенімді әрі жеткілікті түрде ақпарат тарату. Әрі маңайыңызға түрлі адам тартумен айна­лысасыз. Сол адамдарыңызбен жұмыс жасай отырып, ақша табу көзіне түсесіз, - деп түсіндірді.

Бұл өнімдерге Қазақстаннан ғана емес, шет елдерден де сұраныс жоғары екен. Аталмыш дәрілер Түркия, Қытай, Қырғызстан, Ресей елдеріне де танылып үлгерген. Медициналық колледждердің бірінде мұғалім болып жұмыс істеген Меруерт апай бүгінде жұмысын тастап, осы компанияның айналасында жүргеніне бір жыл толыпты. Мұнда жан аямай жұмыс істесе, шет мемлекеттерге саяхатқа шығуға да мүмкіндік туатын көрінеді. Қалай, ә?! Бастаған іске қызықтырудың сан түрлі амалы деген осы болар, сірә. Айтқандай, әлгі Меруерт апайымыз ком­панияның тегін жолдамасымен Қытайдың Хайнян қаласына  барып  келіпті.

Компанияның алғашқы түсімі 3000 теңгеден баста­лады, яғни мұнда кіру үшін осындай ақшаңызды аямай шығындайсыз. Сонан соң кез келген өнімді 25 пайыз жеңілдікпен алатын боласыз. Барлық өнімдердің бағасы 1000-7500 теңге айналасында. Бұдан өзге мәліметтермен компания­ның  www.fginvest.kz жеке сайтынан толық танысуға болады.

 

Қытайдың  соңғы  патшасының дертіне  дауа  болған САҢЫРАУҚҰЛАҚ

 

Келесі «Gano World Wide» компаниясының «тәу етері» –  қызыл саңырауқұлақ. Бұл сауда­ нысанының қыр-сырын білу үшін Гүлнар деген апаймен тіл табысуға тура келді. Оның мұнда жұмыс істеп жатқанына бір жылдың жүзі болса, демеушісіне алты жылдан асып барады екен. Жалпы, бұл компанияның Қазақстанда қанатын жайғанына 7-8 жылдың көлемі болған. Соның ішінде Қызыл­орда облысында жұмыс жүр­гізіп жатқандарына 4 жыл толған.­ Кеңселері қала бойынша бір ғана жерде, «Бабаста» орналас­қан.

- Жалпылама түсіндіре кетер­  болсам, бұл саңырау­құлақ Ганодер­ма Лусидум деп аталады. Бұл – Малайзияның қызыл саңырауқұлағы. Рейши – бұл жапонша атауы және Қытайда – «Линчжи», Кореяда «Енжи» сияқ­ты атаулармен танымал. Табиғатта Ганодермалардың 270 түрі  кездеседі.  Зерттеулер­ Ганодерманың  құрамында 200-ден астам элементтер бар екендігін дәлелдеген. Біздің компания – денсаулық нарығында көшбасшы халықаралық ком­пания. Леау Сун Сунг мырза 1995 жылы «Gano Excel» корпорациясының негізін қалаған. Ал 2006 жылы «Gano World Wide»  дүние­жүзілік электронды желісін құрды. 1983 жылдан бастап 200-ден аса саңырауқұлақтың түр­лерін зерттеп, соның ішінен ем­дік қасиеті өте жоғары болуын­а­ байланысты 6 түрін таңдап алға­н. Сол  бойынша қазіргі таңда­  адамзат денсаулығы үшін түрлі жұмыстар жүргізілуде, - деді  Гүлнар.

Ганодерма лусидум жайлы білімдердің 2000 жылдан аса терең тарихы бар. Бұл саңырау­құлақтан негізінен кофе, шай, какао, тіс пастасы, коктейль, сабын, косметика секілді дүние­лер жасап шығарылады. Қытайдың ең соңғы патшасы эпилепсис ауруына ұшыраған. Осы саңырауқұлақтың арқасында дертіне дауа тауып,       240  жыл өмір сүрген деседі.

Енді осы саңырауқұлақтың қандай ауруларға пайдасы бары­н толығырақ айта кетсек...

1. Онкологиялық қатерлі ісікке.

2. Жүрек-қан тамыр ауруларына.

3. Аллергиялық ауруларға.

4. Аутоиммунды ауруларға.

5. Сусамыр қант диабеті және оның алдын алу.

6. Орталық жүйке жүйесіне әсер ету.

7. Тотығуға қарсы антиоксидантты белсенділік.

8. Қабынуға қарсы әсер.

9. Созылмалы обструктивті өкпе ауруларына СОӨА.

10.    Бауырдың диффузды аурулары.

Тағы да айта кететіні, мұнда тек денсаулықты жөндеумен ғана емес, бизнеспен де айналысуға болады. Жұмыс жасау үшін ең бірінші 4 пакетпен кіресің. Сосын адам жинаумен айналысып, олардың үстінен жалақыңды алып отыратын көрінесің. Біз әңгімелескен Гүлнар апайдың демеу­шісі айына­ 4-5 мың доллар алады­ екен. Бір жеңілдігі онда жұмыс жасап жүрген қызметкерлер өз жалақыларын тек ғаламтор арқы­лы алып отырады. Жұмыс уақыты 09:00-12:00 мен 14:00-18:00 аралығында.

 

«ТЯНЬШИ» тауардың  «төресі»   ме?!

 

«Тяньшидің» негізін 1995 жылы Ли Цзиньюань қалаған. Бұл корпорация небәрі екі жылдың ішінде (1997 жылы) халықаралық сауда айналы­мына шыққан. Содан кейін «Тяньши»  ірі  трансұлттық компанияға айналған. Аталмыш халықаралық корпорация әлемнің 190 елінде өз бизнесін жүргізіп, 110 мемлекетте фи­лиалдарын ашқан. Қазіргі таңда бұл корпорация – 20 жаста.

«Бұл не корпорация? Қандай корпорация?» деген сауал ойыңызға оралуы мүмкін. Негізін­ен «Тяньши» сөзінің мағынасы – «Екі қанатты арыстан­. Бірінші қанаты денсаулық сыйлайды, екінші қанаты байлы­қ сыйлайды» деген ма­ғынаны  береді.

- Корпорацияның  мақсаты – адамдардың денсаулығын сақтау, оны сыйлау және қоғамға қызмет ету, - дейді компания қызметкері.

Халық арасында көп айтылып жүрген «Тяньши» дәрісі шын мәнісінде халыққа сеп­тігін тигізіп жүр ме? Осы сұрақ­қа жауап іздеу барысында «Екі қанатты арыстан» корпорация­сының қызметкерін сөзге тарт­қан болатынбыз. Бүгінде көп адам фито-шай ішуді әдетке айналдырған. Олар дәрілік шөптердің зияны жоқ, әрі денсаулыққа пайдасы көп деп санайд­ы. Сөйтіп шөп тұнбаларын дәрігер тағайындауынсыз қабылдай береді. Мұндай жандар біздің арамызда да кездеседі.

Ал ресейлік дәрігер-натуропат Светлана Ольховская емдік шөптерді қабылдағанда өте сақ болу керектігін айтады. Оның сөзіне сенсек, емдік шөптерді дұрыс және сауатты қолдана білген жағдайда ғана пайдасын тигізеді екен. Дәрігер емдік өсімдік­терден әзірленген шайды су секілді орынсыз көп ішуге болмайтынын ескертеді. Тіпті ең тәтті деген киікоты мен жалбыздан әзірленген шайдың өзін бақылаусыз үнемі ішуге болмайды, тек курстарға бөліп, белгілі бір уақыт аралығында ішу керек. Сондай-ақ емдік шөптерді басқа да дәрілер секілді дұрыс пайдаланбаған жағдайда кері әсерін тигізетін улы зат екенін есте ұстау қа­жет. Кей­бір қырыққұлақ, омела, қарақошқыл, оймақ­гүл, грек ем шырмауығы се­кілді емдік өсімдіктер ерекше улы болып саналады. Оларды емдеуші дәрігердің нұсқауымен, көр­сетілген дозадан асырмай, ас­қан­ сақтықпен пайдалану қажет. Тек бұларды ғана емес, емдік шөптердің қайсысын пайдалансаңыз да өте абай болған жөн.

Қолайсыз жағдайларды болдырмау үшін, ең дұрысы, кәсіби фитотерапевтке емделіңіз. Болмаса танысыңыз айтқан емдік шөптер рецептін емдеуші дәрігеріңізге көрсетіп, кеңесін алғаныңыз  дұрыс.  Есте  ұстарлық бір жайт, кейбір адамдарға емдік шөптермен мүлдем емделуге болмайды. Егер өзіңізді осы аталғандардың қатарынан тапсаңыз, қатерге бас тік­пеңіз. Фитотерапия аяғы  ауыр   және  емізулі  әйелдерге ұсынылмайды. Сондай-ақ бауыры мен асқазан­ жолы, жүрек-қан тамы­ры ауруына шалдыққандар, гипертония мазалайтын адамдар, аллергиясы бар жандар мен 14 жас­қа дейінгі балаларға емдік шөп дәрі­лермен емделу­ қауіпті.

 

Сөз соңында айтарымыз, дертке шалдығып, жанына дауа іздеп, басын тауға да, тас­қа да ұратын жандар көп нәрсеге аса сақтықпен қарай бермейді. «Осы дәрі ем болып­ қалар» деген сығы­райған­ үмітпен түрлі шөп дәрілерді қолдана береді. Сондай кезде бірінің бол­маса екіншісінің залалы тисе, бар кінәні кімге артады? Дәл осы шөптік дәрі­лердің сапасын бақылап, пайдалануға жарамды деп бір ауыз сөзді кесіп айтат­ын маман­дар бар ма?! Оның ар жағында, халық  «е-е-е, осының бір пайдасы тиер» деумен қалтасынан ақшасын суы­рып, түрлі шөптерді сатып­ алып жатады. Осы орайда санадан бір сұрақ кетер­ емес. Толған компа­нияларға халық жем болып, тоналып жатқан жоқ па?!

Десе де... біз жоғарыда мысалға келтірілген компанияларды қаралап, оған қара күйе жақпаймыз. Тек аса сақ болуды, сондай-ақ бақылау жасау керек жандардың дәл осы жағдайда қарап қал­мауын қалаймыз.

Ердәулет  КӘКІМЖАНОВ,

Серіжан  ҚҰЛАХМЕТОВ

http://www.halyk-gazeti.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=4270:2015-07-02-09-52-19&catid=5:2011-11-18-09-02-24&Itemid=5

Просмотров: 892 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]