Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



17:29
ТҮРЛІ СЫРҚАТҚА СЕБЕПКЕР

Әлем бойынша ересектердің 30 пайызға жуығы ұйқы кезінде қорылдайды екен. Бұл көрініс көбіне ер азаматтарға тән. Әсіресе, артық салмақтан зардап шегетіндер бұдан айналып өте алмайды. Оған түрлі жағдай себеп болуы мүмкін.
Бала кезде ауылдағы туысымның үйіне қыдырып бардым. Сонда түн ұйқымнан айырылғаным бар. Оған себепсол үйдегі апамыздың қорылы. Бір бөлмеден екіншісіне жеткен қолайсыз дыбыс мазаны алды. Содан бері мен үшін қорылдаған дыбысқа тітіркену сезімі қалыптасты. Десек те, көпшілік оны қалыпты құбылыс санайды. Алайда, мұның адам өміріне аса зиян екендігін мамандар жиі айтады.
Расында, қорылдауденсаулықта кінәрат барлығын білдіреді. Ол тыныс жолының бұзылысынан туындайды. Ал, оны медицинада сомнология ғылымы зерттейді. Бұлұйқы қызметін, оның бұзылысы мен адам ағзасына әсерін зерттейтін сала. Десе де, әзірге жеке мамандық ретінде қалыптаспаған. Сол себепті жоғарғы оқу орнында терапевт, невролог, психиатр, педиатр, эндиокринолог мамандығына қосымша оқытылады. Қазіргі таңда ұйқымен байланысты 90-ға жуық ауру түрі анықталған. Соның барлығына осы ілім негізінде диагноз қойылады.
Ұйқы кезінде қорылдаған дыбыстың шығуы айналаңа жағымсыз әсер қалдырары белгілі. Ондай сәтте қасыңдағы кісінің түн ұйқысы бұзылары анық. Оны оятып, қорылын тоқтатуға тырысқаныңмен бұл сәл уақыттан соң тағы қайталанады. Жуырда бір танысым осындай жағдайдан мазасы қашқанын айтып еді. Айтуынша, сіңлісі түнгі уақытта қорылдайды екен. Тіпті, ұйқы кезінде тынысы бір сәтке тоқтағандай болады. Бастапқы уақытта оның мұндай әрекеті қорқыныш тудырған. Дегенмен, мұны ол күндіз шаршағандықтан деп түсініп жүргенін айтады. Осыған орай, біз маман пікіріне жүгінгенді жөн көрдік.
Қорылдаудың түрлі себептері бар. Ол адам ағзасы қатты шаршағанда не жайсыз жатқанда пайда болуы мүмкін. Бұл – уақытша құбылыс. Ал, күнделікті ұйқы кезінде тұрақты қорылдаса тез арада дәрігерге көрінуі қажет. Ұйықтау кезінде демнің тоқтап қалуы көбінесе жүрек-қан тамырларының асқынуынан туындайды. Қорылдау инфаркт пен инсульттың мөлшерін, жүрек соғысының бұзылу қаупін, гипертонияны айтарлықтай арттырады. Мәселен, толық адамдарда жүрек қызметі нашар. Ағзадағы артық майлар қан тамырын бітеп қана қоймай, тыныс алуға да кедергі жасайды. Салдарынан қорыл пайда болады. Сол сияқты эндокриндік жүйенің немесе жүйке жүйесінің нашарлауы да өз әсерін тигізеді. Алайда, көпшілік бұған атүсті қарап, аса мән бермейді. Біздің тәжірибеде науқастардың басым бөлігі бұл жайында шағымданбайды. Оның салдары біз ойлағаннан да қиын болуы мүмкін. Қорылдайтын адам тез арада ем-дом қабылдауы тиіс, – дейді №6 емхананың жалпы тәжірибе дәрігері, терапевт Ләззат Есетова.
Бүгінде бұл ауру жастар арасында да белең алған сыңайлы. Өйткені ұйқы төңірегінде сөз болса екінің бірі қорылдайтынын айтып жатады. Одан арылудың жолын сұрайды. Десе де, оны ауру түрі деп қабылдамайды. Сондықтан мамандар ұйқыға жатар кезде темекі шекпеуге, көп мөлшерде ішімдік қолданбауға кеңес береді. Себебі, олар – қорылдауды тудыратын бірден-бір өнім. Сондай-ақ, биік жастық жастану да ұйқы кезінде тыныс алуға кедергі жасайды.
– Егер ұйқы кезінде қорылдасаңыз бөлме ауасының ылғалдылығын қамтамасыз еткен жөн. Сонымен қатар, мұрынның бітелуі, жайсыз жату да – бұған себеп. Ал, еш себепсіз қорылдасаңыз, тез арада терапевт, эндикринолог немесе кардиолог маманның көмегіне жүгіну керек. Әйтпесе, оның арты бас, жүрек ауруына, инсультке, есте сақтау қабілетінің нашарлауына, күйзеліске әкелуі ғажап емес, – дейді Л.Маратқызы.
Ертеде қорылдауды ер жігітке тән құбылыс санаған. Алайда, дамыған медицина оның қауіпті екенін айтады. Ғалымдар қорылдайтын адамның қалыпты ұйықтайтындардан бірнеше жылға аз өмір сүретінін алға тартады. Сол себепті, мұны әдет емес, кесел деп қараған жөн.

 Айдана СЕЙІЛ.

http://aqmeshit-aptalygy.kz/t-rli-syr-at-a-sebepker/

Просмотров: 906 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]