Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



09:34
ШОРТАННЫҢ ШИПАСЫ


 
Дәруменнің тапшылығынан шаршаңқы күйде жүрсіз бе? Есте сақтау мен көру қабілетіңіз нашарлап кетті ме? Олай болса, балық өнімдерін күнделікті тамақтану рационыңызға енгізгеніңіз мақұл. Себебі, балық еті – адам ағзасы үшін ең пайдалы тағамдардың бірінен саналады.
Оның құрамында бізге аса қажетті ақуыз, май, дәрумен, протеиндер, омега 3, 6, 9 амин қышқылдары, көптеген минералды заттар бар екен. Ал сүйегімен жейтін майшабақ, арқан (лосось) балықтарында фосфор және фтор көп мөлшерде кездеседі. Кальций сүйекті қатайтса, фосфор ағзаның атқаратын барлық қызметін жақсартады. Осындай сирек тұтынатын балықтың еттен де құнарлы екенін ескере бермейміз. Су маржанының адам денсаулығына қаншалықты пайдасы бар? Ендеше, ғылыми зерттеулермен дәлелденген мына бір деректерді біле жүріңіз:
– балықтағы амин қышқылдары адам ағзасына тез сіңімді;
– бауыр ауруларының алдын алады;
– ақуызында бой өсіруге ықпал ететін лизин қышқылы мол;
– майының құрамында А және Д дәрумені көп. Сондай-ақ, менолен және арахидон қышқылдары да бар;
– балық өнімдерінен жасалған тағамдар ас қорыту бездері мен жүрек жұмысын қалпына келтіруге көмектеседі;
– құрамында йод, фтор, мыс, кобальт секілді химиялық элементтер кездеседі.
Жалпы, әр балықтың өзіндік ерекшеліктері болады. Оны су жағалаған адамдар жақсы түсінеді. Мысалға, атыраулықтар бекіре балығын аса қадірлеп, оның уылдырығын бағалы астардың қатарына қосады. Арал теңізі мен Балқаш көлінің маңына орналасқан тұрғындар сазан, тісті, ақ амур балықтарын кептіріп, ыстап ұзақ мерзімге сақтайды. Теңіз, көлдерді мекендеушілер арасындағы қаяз, мөңке, жайын, лақа тұқымдастары өте дәмді болып келеді. Алайда, осылардың ішінде шортан балығының емдік қасиеті басымырақ. Бастысы, бұл су мекендінің еті майсыз ең төменгі калориялық болғандықтан оны диеталық тағамдар қатарына қосады. Сондай-ақ, оның құрамында ауруды жеңіп, бактериялық жұқпаны жоятын қуатты табиғи күш бар. Сондықтан да көбіне тұмауға қарсы ем ретінде қолданылады. Ол калий мен фосфорға бай және кальций, магний, натрий, күкірт, темір, мырыш, йод, мыс, марганец, хром, фтор, кобальт, никель, молибден сынды химиялық элементтер бойында жинақталған. Сонымен бірге, В1,2,6,9, С, Е, А, РР дәрумендері де кездеседі.
Балықтардың ішінде шортан әрдайым сапалы ас саналады. Егер қуырылған, асылған, бұқтырылған, буға және тоқ пешінде пісірілген түрлері дастархан мәзірінде тұрақты болса, жүректің соғу ырғағының бұзылу қаупін айтарлықтай төмендетеді. Салмақ тас¬тап және қайта толмаудың амалын іздейтіндерге мамандар осы өнімді қолдануға кеңес береді. Өйткені, өте төмен калориялы болуымен қатар, көп мөлшерде ақуызбен қамтылған. Ас-қорыту жүйесі нашар жұмыс істейтін адамдар үшін мұндай етті жеу аса тиімді.
Көне римдіктер оны құнарлы тағам қатарына қоспағанымен, қазіргі ағылшындар ерекше бағалайды. Дене бітімінің мінсіз болуын қалайтын француз арулары ас мәзіріне сүйсіне қосады. Орыс халқы шортаннан жасалған сорпаны (уха) айрықша қадірлейді. Себебі, ол кез келген дертке қарсы тұрарлық қуат бойынан табылатын табиғи өнім.
Бұрынғы халық емшілеріне жүгінсек, көзді шел басқанда жаңа ұсталған шортанның өтін сол жерге тамызса, бір қолданғаннан-ақ оны кетіреді-мыс. Бірақ, көзді ашытып, қызартады. Оған бола үрейленудің қажеті жоқ. Сонымен қатар, тізе буынының қабынуына қарсы бірнеше мәрте жағу бірден-бір таптырмас ем болып есептелген.
Бұл су жыртқышы етті болғандықтан, одан котлет пен рулет жасауға және салатқа қосуға ыңғайлы. Халық медицинасының кейбір рецепттері бойынша басты құрамда шортанның еті мен сүйегін кеңінен қолданады. Мысалы, ұйқы безі мазаласа, күнде азанда аш қарынға 100 грамм асылған шортан етін жеу ауырсыну белгілерін басуға септігін тигізеді. Ал уылдырығы жеңіл ас ретінде тұтынылса, ағзаға мол күш-қуат береді.
 
 

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА.

http://qazaly.kz/shortanny-shipasy/

Просмотров: 1648 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]