Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



19:40
Шипа іздеп шетел асатындар

Анар ЛЕПЕСОВА

Елімізде денсаулық саласының дамуына айрықша назар аударылып, медициналық мекемелердің қызмет көрсету сапасын арттыруға, емдеу технологияларын жетілдіре түсуге күш салынуда. Бір кездері қазақстандық мамандар жасай алмайтын күрделі оталар, өз емханаларымызда табыла бермейтін емдеу құралдары қазір қолжетімді. Десе де, ел мамандары әлі де бірқатар күрделі дерт түрлеріне шалдыққан науқастарға көмектесуге қауқарсыз. Жоғары технологиялық емдеу әдістерін талап ететін ауруларды шетелдік емханаларда емдеу үшін 2011 жылдан бері мемлекеттік бюджеттен қыруар қаржы бөлініп келеді. Жыл сайын дертіне елімізден шипа таппаған қаншама науқас квота арқылы шекара асады. Биылғы жылдан бастап Қазақстан азаматтарын мемлекет есебінен шетелге емделуге жіберу ережелеріне бірқатар өзгерістер енгізілді.

Қазақстандықтарды тегін медициналық көмекпен қамтамасыз ету мақсатында 2011 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жанынан Жұмыс органы құрылып, бюджет қаражаты есебінен ҚР азаматтарын шетелде емделуге жіберу туралы ережелер бекітілген болатын.

Ережеде бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге жіберілетін ауру түрлері де нақтыланған еді. Ертеректе шет мемлекеттерге науқастар 20-дан астам ауру түрлері бойынша жіберілсе, отандық медицинаның ілгерілеуі арқасында қазір шетелге жолдама берілетін аурудың түрі 8-ге қысқарды. Атап айтқанда, мидың хирургиялық қолжетімсіз және функциялық елеулі аумағындағы радиохирургиялық емдеу әдісін (гамма-пышақ) талап ететін артерия-веналық мальформациялары мен ісіктер, эндоваскулярлық емдеуді талап ететін ми діңі, жұлын тамырларының артерия-веналық мальформациялары және артериялық аневризмдер, трансоральдік алып тастауды қажет ететін бассүйек негізінің ісіктері секілді елімізде емделмейтін күрделі аурулардың шипасын дерттілер мемлекеттің көмегімен жатжұрттық емханалардан тауып жүр. Сондай-ақ, квота кадиохирургиялық емдеуді (гамма-пышақ, радио белсенді аппликаторлар) талап ететін көздің қатерлі ісіктері, кератопротездеу, жүректі, бүйректі, бауырды, өкпені, жұлынды транспланттауды талап ететін аурулар, өңеш стеноздары және трахея стеноздарына шалдыққан науқастарға тағайындалады.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің бас сарапшысы Қайсар Әбдалиевтің айтуынша, шетелдік емханаларға жолдама жоғарыда аталған ауруларға шалдыққан науқастардың бәріне бірдей берілмейді. Бөлінетін квота саны шектеулі болғандықтан, министрліктің арнайы комиссиясы өтініш берген азаматтардың құжаттарымен толық танысып, денсаулық жағдайын зерттегеннен кейін шешім қабылдайды. «Шетелдік клиникада емделуге жолдама алу үшін әуелі жергілікті денсаулық сақтау басқармасы министрлікке пациентті шетелдік медицина ұйымдарында емделуге жіберу туралы қолдаухат жолдайды. Бұдан бөлек, медициналық ұйым жүргізген барлық зерттеулер, консультациялар, емдеулер және пациентті шетел медициналық ұйымдарда емдеу қажеттілігі туралы қорытынды болуы керек. Азаматқа елімізде медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік жоқ екендігі расталған соң, оның сырқатын емдей алатын шетелдік клиникаларды іздестіру жұмыстары жүргізіледі. Барлық құжаттар дайын болған соң министрліктің арнайы комиссиясының қарауына беріледі. Науқасқа квота берілетін-берілмейтінін сол комиссия шешеді», – дейді Қайсар Әбдалиев.
Статистикалық деректерге сүйенсек, 2011 жылдан 2016 жылға дейін 385 Қазақстан азаматы мемлекеттік қаражат есебінен шетелге емделуге жіберілген. 2011 жылы 78 пациент, оның ішінде 17 ересек және 61 бала жолдама алса, 2012 жылы – 64, оның ішінде 17 ересек және 47 бала квота бойынша жатжұрттық емханаларға аттанған. Мемлекет 2013 жылы – 64 (18 ересек, 46 бала), 2014 жылы – 70 (45 ересек, 25 бала), 2015 жылы – 57 (30 ересек, 27 бала) науқастың шетелде емделуіне жағдай жасады. Ал 2016 жылы 62 науқас өзге мемлекеттердің медициналық мекемелеріне жіберілген. Бұл мақсатта бюджеттен жылына орта есеппен 1,5 миллиард теңгедей қаражат бөлінеді екен. Бір қызығы, бұрындары шетелге емделуге ауыр науқас балалар жиірек барса, кейінгі жылдары ересектерге көбірек жолдама берілгені байқалады. Мұнда құпия сыр бар ма?

Сингапурға көз сүзгендер

Шетелден өз бетінше ем іздейтін отандастарымыздың да қатары көбейіп барады. Шекара асатындардың кейбірі елімізден гөрі көрші елдерде медициналық қызметтің арзандығын алға тартса, енді бірі елімізден дертіне шипа таба алмаған соң еріксіз өзге елдің медициналық қызметіне жүгінетін көрінеді. Шетелге емделуге аттанатындардың арасында отандық дәрігерлердің біліктілігіне сенімсіздік танытатындар да аз емес.

Медициналық туризм қауымдастығының атқарушы директоры Батырбек Әбділдиннің айтуынша, қазақстандықтар 2014 жылы шетелде емделу үшін 300 миллион еуро жұмсапты. Ал Havard Medical International ұйымы 2015 жылы «Қазақстандықтар шет мемлекеттерде емделу үшін жылына 200 миллион доллар қаражат жұмсайды» деген тұжырым жасады. Яғни, жыл сайын шамамен осынша ақша өзге елдің қазынасына құйылады деген сөз.
Мамандардың айтуынша, қазақстандықтардың шетел медицинасына жұмсайтын қаржысы мен медициналық қызметіне жүгінетін елдерінің жыл сайын көлемі өсіп, географиясы кеңейе түсуде. Бұрын отандастарымыз Ресей, Беларусь, Германия елдеріне ем іздеп жиі барса, қазір Сингапур мен Корея, Қытай және Израильге көбірек сапарлайды. Тіпті, стоматологиялық қызметі арзанырақ болғандықтан, көрші Қырғызстан мен Өзбекстан елдеріне баратындардың саны да өскен. Тістерін емдеп, жартысын ауыстырып, заманауи қондырғылар көмегімен бекітіп алған сондай бір отандасымыз: «Дәл осындай қызмет үшін өз елімізде жекеменшік клиника 800 мың теңге сұрады. Көрші елде барлығын 150 мың теңгеге жасаттым. Сапасы да жақсы, бағасы да көңілге қонымды», – дейді.

Бүгінгі таңда Азия елдері арасынан медициналық туризм бойынша Қытай, Сингапур елдері көш бастап тұр. Сингапур медицинасы аймақтағы өзге мемлекеттерден әлдеқайда арзан болғандықтан, бұл елге шетелдік емделушілерден түсетін табыс көлемі артып келеді. Бұл елдегі медициналық қызметтер құны АҚШ пен Германиядан – 40, Ұлыбританиядан 60 пайызға арзан көрінеді. Сондай-ақ, Сингапурдағы клиникалар сапасы бойынша да әлемдегі үздіктер қатарында. Медициналық туризмнің орталығына айналған елде шетелдіктердің емделу үрдісін жеңілдететін құрылымдар қалыптасқан. Емделушілерге орнығу үшін арнайы орындар беру, басқа елдердегі аурухана мен дәрігерлер арасында байланыс орнатуды жүзеге асыратын және тұрмыстық мәселелерді шешуге көмек беретін аудармашы мен координатор дайындау ісі Сингапурда еш қиындық тудырмайтын көрінеді. Медициналық туризмнің дамуын жолға қойған біздің елімізде де осы мәселелер шешімін табуы керек.
Негізінен, медициналық туризм тасқынында екі бағыт көрініс тапқан. Біріншісі, қызмет көрсету ақысы жоғары елдерден бағасы қолжетімді мемлекетке барып емделушілер. Екіншісі, медициналық көмек көрсету деңгейі төмен елдерден қызмет көрсету сапасы дамыған мемлекеттерге баратын азаматтар. Алғашқысына мысал ретінде Американы атауға болады. Онда медициналық тур бойынша сапар шегушілер саны 2012-2013 жылдары 750 мыңнан 3 миллион адамға дейін өсіп, бұдан АҚШ 1 миллиард доллар табыс тауыпты. Ал екіншісіне бұрынғы кеңестік кеңістікте болған елдерді қосуымызға әбден болады. Соңғы жылдары өз еліндегі емдеу мекемелерінің шамасы жететін жай емдеу түрлерін де шетелден алуға әуестенушілер шоғыры қалыптаса бастады. Тіпті, шетелде босануды сәнге айналдырғандар туралы жиі естіп жүрміз. Олардың көп жағдайда көздейтіні сапалы әрі қолжетімді ем емес, басқа мақсат екені бүгінде жасырын болудан қалған.

Ауруына ауру жамады

Өкінішке қарай, өзге елге шипа іздеп барып, дертіне дерт қосып келетіндер де бар. Солардың бірі – 11 жастағы Диана есімді Алматы тұрғыны. Сүйек кемігі ауруына душар болып, Түркияға аттанған қаршадай қызға түрік емханасында С вирустық гепатиті жұққан. Бір аурудан айыға алмай жүрген Диана енді екі дертпен бірдей күресуге мәжбүр. Донор табылып, өміріне қауіп төндірген дерттен біржола жазыламын деген үмітпен шекара асқан қыздың ендігі халі екіұдай.

Жанын жегідей жеген дерт Диананы соңғы екі жылда қатты есейткен. Аурухананың сұрықсыз қабырғаларына, күнделікті тапсыратын анализдер мен қан құюға әбден еті үйренген. Бірақ өмірінің қыл үстінде тұрғанын ойласа, кішкентай қыздың жұдырықтай жүрегі сыздап қоя береді.
«Қызымның бас сүйегі жансыз десек болады. Екі жыл бойы Диана өзгенің қанымен өмір сүріп келеді. Әрдайым қан құйып тұрамыз. Осы аралықта 280 адам бізге донор болды. Қазір біздің алтын уақытымыз гепатитті емдеуге кетіп жатыр. Қызым бұл дерттен сауыққан соң дәрігерлер ағза ауыстыру отасын бастайды. Бұл біз үшін өте қиын кезең болмақ», ‒ дейді Диананың анасы Ольга Мурзина.

Қыздары аты жаман ауруға шалдығады деген ой ата-анасының үш ұйықтаса түсіне кірмеген. Әуелде әлсіздікке шағымданған қаршадай қыздың бірте-бірте денесі көгере бастапты. Отандық педиаторлар бастапқыда науқасқа тұмау деп диагноз қойыпты. Бірақ анализдер расталмай, дәрігерлер Диананың апластикалық анемияның ауыр түріне шалдыққанын айтқан. Денсаулық сақтау министрлігі емнің 70 пайыз ақысын төлеп, Диана мен анасын Стамбұлға арнайы жолдамамен жіберген. Өкінішке қарай, бұл қуаныш көпке созылмады. Науқас барған емхананың жағдайы сын көтермейді екен. Ольганың сөзінше, дәл сол мекемеде емделіп жатқан екі қазақстандық науқас сауықпастан көз жұмған. Диананың да денсаулығы күн өткен сайын нашарлап бара жатқан көрінеді.
«Түріктің «Медикал парк» емханасының науқастарға медициналық көмек көрсету деңгейін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мамандарын іссапарға жіберу жолымен тексердік. Қорытынды бойынша қанағаттанарлық деген баға берілді. Алайда сәйкес донордың ұзақ уақыт болмауына орай, бұл науқас түріктің Абжибадем емханасына ауыстырылды», ‒ деді “Ұлттық ғылыми медициналық орталығы” АҚ бөлім басшысы Лаура Рахимова.

Жаңа емхана дәрігерлері Дианаға көмектесуге білек сыбана кіріскен. Ондағылар науқастан бірден анализ алып, С вирустық гепатитін жұқтырғанын анықтаған. «Диана бізге апластикалық анемия сырқатымен түсті. Қазір донор табылып, біз қыздың басын емдеуге дайынбыз. Мұндай отаны біз бірінші рет жасағалы отырғандықтан, толық сараптама алдық. Екінші анализдер қыздың бауыры қатты зақымданғанын көрсетті. Осылайша, қыздың С вирустық гепатитінің асқынған түрін жұқтырғанын анықтадық», ‒ деді Түркиядағы ACIBADEM ATAKENT емханасының дәрігері Гульюз Озтюрк.
«Менің өмір сүргім келеді», ‒ дейді Диана. Қазір оның тағдыры жатжұрттық дәрігерлердің қолында. Отасы сәтті өтіп, елге оңалып ораларына сенгіміз келеді.

 

Анар ЛЕПЕСОВА

http://turkystan.kz/aleumet/46748

Просмотров: 204 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]