Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



16:05
САҚТАНСАҢ САҚТАЙДЫ...

Қазақстанда туберкулез бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Соңғы 10 жылда бұл дертке шалдыққандар саны 2,4 есеге төмендеген. Бұған диагностиканың халықаралық стандарттарға сәйкес заманауи әдістерінің қолданылуы септігін тигізіп отыр.

Туберкулез белгілері уақытында анықталып, емделген жағдайда, одан толық айығып кетуге болады. Яғни, туберкулез микобактерияларын шығармайтын және айналасындағы адамдарға қауіп тудырмайтын пациенттер тұрғылықты мекенжайы бойынша емханада амбулаториялық ем қабылдайды. Жуырда «Туберкулездің бизнеске ықпалы» деген тақырыпта амбулаториялық-емханалық қызметі бар аудандық орталық ауруханада өткен баспасөз конференциясында айтылды. Жиын барысында амбулаториялық-қызметі бар Жалағаш аудандық орталық ауруханасы туберкулезге қарсы күрес бөлімінің дәрігері Райкүл Ахетова сөз алып, жұқпалы аурудың белгілерін, алдын алу шараларын тыңғылықты түсіндіріп өтті.
– Туберкулез – ең алдымен ауа арқылы жұғады. Бірақ, оның кез келген адамға жұғу мүмкіндігі жоқ, оны иммунитеті төмен, әлсіз адамдар тез қабылдайды. Қазіргі заманның дамуына көз ілеспейді. Заманына қарай түрлі заманауи технологиялар, медициналық аппараттар, ауру белгілерін демде анықтайтын құрылғылар пайда болып, соның арқасында көптеген дерттің алдын алып жатырмыз. Туберкулезбен ауырған адамды емдеуге болады. Бірақ, емнің ерекшелігі көп уақытқа созылуында. Кох таяқшалары оңтайлы сәтті күтіп, адамның иммунитеті төмендегенде, яғни тұмау тигенде басқа да аурулар дендегенде өз белгілерін бере бастайды. Алайда, көбіне біз мұны басқа аурулармен шатастырып алуымыз мүмкін. Сондықтан, егер жөтеліңіз апталап созылып кетсе, тәбетіңіз жоғалып, салмағыңыз азайса, қызуыңыз көтерілсе, әркез шаршаңқы күйде болсаңыз дереу дәрігер көмегіне жүгініңіз.
Барлық облыстық, қалалық және өңірлік туберкулезге қарсы ұйымдардағы бактериологиялық зертханаларда туберкулезді және ауқымды дәрілерге көнбейтін туберкулезді тез диагностикалау, яғни 2 сағат ішінде анықтайтын технологиялар қолданыста. Олар BACTEС MGIT-960, Hain-test және Genе-Хpert. Әрбір адам жыл сайын тексеруден өтіп, өз денсаулығының жағдайын біліп тұруы қажет. Әсіресе, кәсіпкерлер жұмысшыларыңызды және өзіңізді флюрографиялық тексерістен өткізіп, жағдайыңызды білгеніңіз жөн. Туберкулезді жұқтырған адам айналасына зиянын тигізбес үшін, дер кезінде ем қабылдауы тиіс, – деді Р.Адисқызы.
Конференцияда «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қаншагүл Мұстафаева жұқпалы аурулардан сақтанудың жолдарын және туберкулездің бизнеске ықпалын айтты. Қаншагүл Шоңмұрынқызы жұқпалы аурулардың барлығы да тазалық сақтамаудан болатынын айта келе сапасы сын көтермейтін, ашық орындарда сатылатын азық-түлік түрлерін тұтынудан сақтандырды.
Қазақстанда туберкулездің алдын алу, диагностикалау мен емдеу тегін және ол мемлекет есебінен жүргізілетінді. Тез диагностикалау әдістері мен тиімділігі жоғары дәрі-дәрмектер арқасында бұл дертті толығымен емдеуге болады. Ауруды еңсеріп, айығып кеткен адамдар оқып, еңбек етіп, дүниеге дені сау сәби әкеліп, мәнді де мағыналы өмір сүруге толық мүмкіндігі бар. Мұны айтқан бас дәрігердің пациентті қолдау және ішкі бақылау қызметі жөніндегі орынбасары Гүлсім Каюпова уақытылы тегін медициналық қызметті пайдалануға шақырды. Жиынға қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Мамандардың айтуынша, наурыз айында ел ішінде туберкулездің бизнеске ықпалы жөнінде, бизнес құрылымдары өкілдеріне сауалнама жүргізу түріндегі жыл сайынғы Дүниежүзілік экономикалық форум (ДЭФ) сауалы өткізіледі. Қатысушылар қатарында шағын, орта, ірі бизнес өкілдері болады. ДЭФ сауалының қорытындысы бойынша халықтың туберкулез жөніндегі сауаттылық деңгейі бағаланады екен. Бизнес басшыларының туберкулездің бизнеске ықпал ету қаупінің жоқ екендігін объективті түрде бағалауы еліміздің бәсекеге қабілеттілік рейтингінің өсуіне және инвестиция тартудағы өзіндік тартымдылығының артуына септігін тигізетін болады.

 

 

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ.

https://zhalagash-zharshysy.kz/kogam/1320-satansa-sataydy.html

Просмотров: 59 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]