Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



18:43
Сөздің шыны керек: Трансплантология түйткілі

30.03.17, 20:31

Алматыда бір бүйрегін беремін деп, өзі қайтыс болған жігіттің өліміне кім кінәлі?

Ғаламторда өз дене мүшелерін саудаға шығарғандардың қылмысына қашан тоқтау болады?

Қазақстандық трансплантологияның қауқары қандай?

 

Алматының Қалқаман ықшамауданында орналасқан жетінші ауруханада өз бүйрегін беріп, басқаның өмірін сақтап қалғысы келген донор қайтыс болды. 28 жастағы Ержан Құлбаевқа өткен жылдың 7 желтоқсаны күні сол бүйрегін алу отасы жасалған. Алайда, дәрігерлер отадан кейін 12 тәуліктен соң Ержанның денсаулығы сыр беріп, ағзасында асқыну процесі жүргенін айтады.

 

СЕРІК НАҒАШЫБАЙҰЛЫ, ҚР Денсаулық сақтау министрінің штаттан тыс Бас трансплантологы:

- Бүйрегі алынды. Бірақ 12 тәуліктен соң донордың денесінде асқыну пайда болып, ота жасалған жерінен қан кете бастады. Бұл жағдай бірнеше мәрте қайталанып, инфекция пайда болды да, өкінішке орай, донор қайтыс болды.

 

Бірақ "Время" газетінің тілшілері, дәрігерлер ота кезінде науқастың денесіне бес бірдей медициналық мата қалдырып кеткенін, соның салдарынан асқыну болғанын алға тартады. Оның үстіне, Ержан Құлбаевтың өз бүйрегін 10 мың АҚШ долларына сатқаны туралы да медициналық құжаттарда көрсетілмегені айтылады. Қазір донор өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сол себепті тергеу амалдары аяқталмай, біржақты дәрігерлерді кінәлауға болмайды деді денсаулық сақтау министрі.

 

ЕЛЖАН БІРТАНОВ, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Трансплантация - өте жоғары теxнологиялық медициналық көмек түрі және бұл отаның қаупі де жоғары. Біздің стандарт бойынша, кез-келген жағдай бойынша, донор да, реципиент те ота алдында келісімге қол қояды, себебі оның қаупі өте зор.

 

Басқаның өмірін сақтаймын деп, өзі өлім құшқан азаматтың жақындары қазір қандай да бір пікір беруден бас тартып отыр. Сот-сараптамасының қорытындысы қолдарына тигеннен кейін ғана журналистермен жүздеспек ниетте. Ал, бір кездері Алматының Бас дәрігері болған, бүгінде ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Зәуреш Аманжолова ақ халаттылардың жұмысы ауыр екенін алға тартып, бұл жағдай - басқа жұмысқа кедергі келтірмеуі тиіс деген пікірде.

 

ЗӘУРЕШ АМАНЖОЛОВА, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:

- Бұл өкінішті мұндай іс болғаны, бірақ мұндай өкінішке орай, бүкіл саланың тоқтап қалуы ол дұрыс емес. Себебі бұл біздің прогресіміз. Медицина саласында істейтін әріптестеріме айтарым, әрине, әрбір ол хирургтың ақ шашы. Әрбір операция жасау ол қан мен тер.

 

Расында да күні мен түні алмасқан ақ халаттылар жасайтын отаның мұндай түрі елімізде жыл сайын дамып келеді. Мәселен, транспланттау жөніндегі республикалық үйлестіру орталығының мәліметінше, 2012 жылмен салыстырғанда, әр жылғы есеппен, адам ағзасын транспланттау отасы 240-қа өскен.

 

Транспланттау отасының саны:

2012 - 65

2013 - 164

2014 - 224

2015 - 298

2016 - 306

 

Өткен жылы 221 науқасқа бүйрек салынып, 67 науқастың бауыры ауыстырылған. 15 адамның жаңа жүрегі соғып, 2 науқас жаңа өкпесімен тыныстаған екен.

 

2016 жылы:

Бүйрек : Мәйіттік донор - 30

Тірі донор - 191

Бауыр: Мәйіттік донор - 10

Тірі донор - 57

Жүрек - 15

Өкпе - 2

Барлығы: 305

 

Биылғы үш айдың ішінде елімізде 57 транспланттау отасы жасалыпты. Жыл санап мұндай оталар жиі жасалғанымен, сұраныс әлі де тым жоғары. Нарық заңы бойынша сұраныс бар жерде, тауардың да заңсыз саудаға түсетіні секілді, ғаламторда адамның дене мүшелерінің қара саудасы қызып-ақ тұр.

 

АНАР, Шымкент қаласының тұрғыны:

- 20 миллион алсаңыз, оны не істейсіз? - Алсам егер, үй алар едім. Үй үшін осындай қадамға барып отырсыз ғой? - Иә.

 

Бізбен кездесуге келісімін бермеген бұл келіншек - Шымкенттің тумасы. Бес жасар қызы бар жалғызбасты ана, пәтер жалдаудан жалығып, бір бүйрегін саудаға шығарыпты. Ал, бауырының жартысын сатылымға шығарған жігітағасы алматылық азамат екен.

 

МАРСЕЛЬ, Алматы қаласының тұрғыны:

- Өзіңіздің бауырыңыздың жартысын сатасыз? - Өз денсаулығыңызға алаңдамайсыз ба? - Алаңдаймын. Бірақ бауырдың жақсы жері, өзін қайтадан толтырады ғой. Сіз өзіңіз айтып тұрсыз ғой, денсаулығым жақсы деп. Онда неге жұмыс істемейсіз? - Жұмыс істеймін. Бірақ жетпейді.

 

ҚР Денсаулық сақтау министрінің штаттан тыс Бас трансплантологы Серік Нағашыбайұлы, адам органдарына сұраныс жоғары болғандықтан, осындай заңсыз әрекеттерге баратындар көбейеді дейді. Сондықтан заңсыз әрекетке баратындарды заңмен жазалауды күшейту керек деген пікірде.

 

СЕРІК НАҒАШЫБАЙҰЛЫ, ҚР Денсаулық сақтау министрінің штаттан тыс Бас трансплантологы:

- Бұл - заңсыз! Мұны адамдар түсінуі қажет! Адам ағзасын саудалауға қатысты кез-келген жарнамаға Қазақстанда тыйым салынған. Тек жарнама жасаушыларды жазалау тетіктері әлі қарастырылмаған".

 

Расында да бүйрек жетіспеушілігі ауруы секілді, науқасын жеңу үшін донорға тәуелді науқастар саны тым көп екен. Мәселен күту парағындағы науқастардың дәл қазіргі сәттегі саны:

 

Күту парағындағы науқастар саны:

2700-ден астам адам бүйрек

500-ден астам адам бауыр

155 адам жүрек

4 адам өкпе ауыстыру отасына мұқтаж екен.

 

- 2011 жылдан бері ауырамын, 6 жыл болды. Ең бірінші Аллаға рахмет айтамын. Екінші мына донор берген кісілерге рахмет айтамын.

 

Сұраныс тым жоғары болғандықтан, дамыған мемлекеттердегідей біздің елде де транспланттау жөніндегі үйлестіру орталығы құрылды. Енді мәйіттік донор тәсілін ел арасында дұрыс насихаттау, түсіндіру жұмысын қолға алмақ. Яғни бір мәйіттік донор арқылы бірнеше адамның өмірін сақтап қалуға болады дейді дәрігерлер. Мәселен, таяуда ғана Ақтөбеде көз жұмған келіншек жеті адамға өмір сыйлаған.

 

МЫЛТЫҚБАЙ РЫСМАХАНОВ, Дәрігер:

- 45 жастағы әйелдің органдарын алдық. Мультиорганды забор деп аталады. Ақтөбеде бірінші рет жасалды ондай ота. Екі бүйрек Ақтөбеде қалды. Өзіміздің пациенттерге жасалды. Қалған органдар Астанада медициналық орталықтарда жасалды, ауыстырылды.

 

Айта кету керек, марқұм Ержан Құлбаевтың қарызын қайтару үшін, 10 мың АҚШ долларына бүйрегін саудалағаны анықталса, адам өлімі дерегінен өзге де бірқатар іс қозғалуы мүмкін. Өйткені, біздің елде адамның дене мүшелерін саудаға салуға заңмен тыйым салынған. Соған қарамастан, ғаламторда өз бауырын, бүйрегін миллиондарға бағалап, сатылымға шығарғандар саны сағат санап, көбеюде. Тек бүгіннің өзінде біз бақылауға алған жарнамалық сайтта 5 адам бүйрек-бауырын сатуға ұсыныс білдіріп, тағы бір бес адам бүйрек іздеп, сұрау салыпты. Қорқыныштысы - аталған адамдар адам ағзасын саудалаумен айналысатын қылмыстық топтардың құрығына өздері барып, топ ете түспесіне кім кепіл?!

http://www.31.kz/video/show/id/17542/show/ib

 

Просмотров: 886 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]