Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



10:29
ҚҰРМЕТКЕ ЛАЙЫҚ

Қашанда адам жанына араша түсіп, шықпас жанға себепші болатын дәрігерлер қауымының еңбегі қазіргі қоғамда ұшан-теңіз. Солардың ішінде бала жанының бағбаны болып, абыройлы еңбек ету кім-кімге де оңай тимес. Осы ретте, біз білетін Туби Ибраева есімді аудандық емхананың балалар невропатологы көптің алғысын арқалаған жандар қатарынан. Ол 1958 жылы Арал қаласында дүниеге келген. Талай тұлғаны түлеткен бұл өңірдің киелі топырағы біз білетін Тубиге де бір кісінің бойынан табыларлық білім мен ғылымды, ақыл мен мейірімді дарытып қойған. Біз оның өзіне тән жылы шырай мен жанға жағымды майда сөзінен ерекше бір ілтипаттың лебін сезінгендей боламыз. Дертіне шипа іздеп келгендердің қашанда көңіліне қарай білетін қатардағы маманның аудандағы медицина саласында өзіндік орны ерекше дер едік. Ол соған әбден лайықты. Ісімен де, адамгершілік болмысымен де басқалардан дараланып тұратын ақ халатты жанның еңбек жолы сонау 1985 жылдардан бастау алған. Оған дейін Ақтөбе қаласындағы медициналық инсти тутты бітіріп, Қызылорда қалалық балалар ауруханасында интернатурадан өткен. Бүгінде отыз жылдан астам уақыт бойы бір салада табан аудармастан тер төгіп келе жатқан білікті дәрігердің елге жасайтын қызметіне біздер дән ризамыз. Мейірімге толы мінездің иесі бола білген кейіпкеріміз жыл сайын өтетін атаулы мерекелерде мүгедек балаларға сый-сияпат жасауды да қаперіне алған. Балалар дәрігері біздердің сал ауруына шалдыққан балаларымызды ұдайы қамқорлығына алып келеді. Олардың жүйелі түрде, уақытымен ем алуын қатаң қадағалайтын Туби Бақтыбайқызы - аудандағы жас буынның жақсы ем алып, қатарға қосылуына себепші болған жан. Бүгінде бұл кісіге біздердің айтар алғысымыз шексіз. Отбасын жұмақ мекені санайтын кейіпкеріміз бүгінде ел білетін аяулы жар, өнегелі ана, немерелері үшін сүйікті әже. Біздер осы орайда әйел бақытына тән берекелі өмірдің иесі атанған ақ халатты абзал жанды төл мерекесімен құттықтай отырып, деніне саулық, қызметіне табыс, отбасына ортаймас бақыт тілейміз.

 

Мейрамкүл ҚҰЛМАҒАНБЕТОВА,

қала тұрғыны.

«Толқын» газеті. 17 маусым 2017 жыл

Просмотров: 1036 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]