Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



09:09
ҚОЛЫ ШИПА, СӨЗІ ДӘРУ ДӘРІГЕР

Әр кезеңнің алмағайып күндерін өз абыройына, адами биіктігіне сай өткере білу, азаматтық таным-пайымына сәйкес етіп тіршілік кешу — шын мәнінде, қажырлы да табанды кісілердің еншісіндегі қасиет. 1938 жылдың 15 қарашасында Сайғонды ауылдық кеңесіндегі Ақжона елді мекенінде дүниеге келген Қали Әбішев талайлы тірлікке, құндылық пен құбылыстарға куә болған ақсақал. Арал-Қазалы өңіріне жігерімен, өз саласына адалдығымен танымал болған Қалидың өрелі де өнеге тұтарлық өмір жолы көпке үлгі. Әр заманның өзіндік құбылыстары, дүрбелеңі болатындығы уақыт шындығы емес пе?

Иә, ол жылдары Арал-Қазалы өңірінде лепра ауруымен ауыратын жеті мыңдай адам бар еді. Екі ауданда бұл сырқатпен күресетін 11 пункт ажал аузындағы адамдарды арашалау жолында жұмыс жасап, жыл сайын Қызылорда қаласындағы емдеу ауруханасына жүздеген осы аурумен ауыратын адамдарды жіберіп тұратын. Маман аз ба, әлде дәрі жеткіліксіз бе, әйтеуір, сонда да бүл дерттен сауығып қайтушылар аз еді. Осындай зұлмат жылдарды басынан өткерген Қали қария бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып отыр. Кезінде қара халықты күйзелткен дертпен күресу жолында аянбай тер төге еңбек еткен білікті маман саналы ғұмырында сан алуан тірліктің дәмін татты. Түйткілі мол тіршіліктің тауқыметіне ерте араласты. Жас күнінде әке жолын қуып шопан да болды. Ерте есейіп, бауырларына қамқор, қорған да бола білді. Алайда, бала күннен бері дәрігер болсам деген арманын ешқашан естен шығарған емес. Сол мақсатына жету үшін 1958 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтына оқуға түсіп, емдеу ісі факультеті бойынша тәмамдады. Жоғары оқу орында оқып жүрген кезінен білімпаздығымен, жан-жақтылығымен ерекшеленді. Өз дарынымен көзге түскен болашақ маманнан ұстаздары үлкен үміт күтті.

Дәрігер мамандығын алған Қали 1966 жылы Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің жолдамасымен сол кездегі «Арал-Қазалы» лепродиспансеріне жұмысқа жіберіледі. Институтта үздік болуды мақсат еткен ол, медицина жайлы кітаптарды ізденіп оқыған болса, жұмысқа орналасқан соң да, ел ішінде «жаман ауру», «алапес» деп аталатын дертпен күресу жолында жазылған әдебиеттерді ақтарды. Сонау Қытай, Индия, Парсы, Африка, Латын Америкада көптеп кезігетін бұл лепра ауруы Арал-Қазалы аймағындағы Карл Маркс кеңшары, Құланды, Ауан, Ұялы, Аманөткел елді мекендерінен қылаң беруі қатты алаңдатты. Жүртшылық үшін де үлкен қасірет болған бүл дертпен күресу жолында, яғни, 1962-1965 жылдар аралығында екі ауданның кішкене баладан қарияға дейін жалпы саны 70 мыңга жуық адамға екпе жасалды. Сол қажырлы еңбектің арқасында ауру саны күрт азайды. Яғни, Арал-Қазалы лепродиспансерінде меңгеруші-дәрігер қызметін атқарған Қали ағамыздың ұжымы көптеген жетістіктерге жетті. Ұйымшыл басшының жүйелі жоспарларының нәтижесінде жыл сайын бұл ауруды емдейтін әдістер жетілдіріліп, дәрілердің түрлері табылды. Мәселен, жыл өткен сайын елді мекендерде аталған ауру түрімен ауыратындар саны өте сирек болып, кейіннен мүлдем жойылды.

Осы салада 40 жылдан астам басшылық қызмет жасаған «Қазақстанның денсаулық саласының үздігі», «Еңбек ардагері» төсбелгілерінің иесі, бірінші санатты білікті дәрігер Қали Әбішев мехнаты бөлек абыройлы жұмыс жасап, өз ісіне деген жауапкершілігімен ел құрметіне бөленіп отыр. Абыройлы жұмыс жасаған сала мақтанышы Қали Әбішев:

— Дәрігер болуды арман ететін жандар өте көп. Алайда, екінің бірінің дәрігер бола алмасы анық. Ол үшін қызметке деген қызығушылық пен мамандық алу ғана жеткіліксіз. Сондай-ақ, олардың құлшынысы мен адалдығы, адамдығы маңызды. Дәрігер болатын жанға ең алдымен, үлкен жүрек пен өзіңе деген сенімділік қажет. Ұзақ жылғы жүмыс тәжірибемде қарамағымдағы мамандардың барлығы дерлік жауапкершіліктері жоғары, өз саласының үздіктері болатын, Атап айтар болсам, кезінде әр жылдары жұмыс істеген маман дәрігерлер — марқұм Зейнолла Мамырбаев, Аққағаз Оспанова, Ұзақбай Әлсейітов, Жеткерген Әзілхановтың еңбектері өлшеусіз. Олардың барлығы дерлік күн-түн демей елді мекендерді аралап, мүмкіндігінше көмек қолдарын созып, қажет болған жағдайда Қызылордадағы емдеу орталығына жолдама беріп отыратын. Ылғи өзім де, әріптестерім де Алматыдагы республикалық тері аурулары институтында, Ленинградта, Мәскеудегі Бүкілодақтық лепро институтында білім жетілдіру сатыларынан өтіп отыратынбыз. Қаншама адамның жазылуына себепші болып, ризашылығына бөлендік — деп, дәрігерлік қызметтің қыр-сырымен бөлісті.

Мыңдаган науқас жанды емдеп, алғысына бөленген Қали ақсақал жұмысқа келгенде қандай талапшыл болса, ұрпақ тәрбиесінде де сондай мінез-құлық танытты. Жұбайы, зейнеткер-ұстаз Света екеуі балаларына өнегелі тәлім-тәрбие бере білді. Әке мұратын, ана мерейін мәртебе тұтқан ұрпақтары азамат болып жетілді.

 

Света АРТЫҚБАЙҚЫЗЫ,

Арал қаласы.

Арал аудандық «Толқын» газеті.

11 мамыр 2018 жыл

Просмотров: 32 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]