Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты
Главная » 2018 » Ақпан » 2 » МЕДИЦИНАНЫ ЦИФРЛАНДЫРУ ЖҰМЫСТЫ ЖЕҢІЛДЕТЕ МЕ?
19:34
МЕДИЦИНАНЫ ЦИФРЛАНДЫРУ ЖҰМЫСТЫ ЖЕҢІЛДЕТЕ МЕ?

Қазақстандық денсаулық сақтаудың кіріктірілген платформасын хорваттық компания жасап жатыр. Бұл туралы Мәжілісте өткен Үкімет сағатында жария етілді. Вице-спикер Г.Исимбаеваның төрағалығымен өткен жиында медицина саласын цифрландыру мәселелері талқыланды.

Шараны ашқан вице-спикер Г.Исимбаева Мемлекет басшысы өзінің биылғы Жолдауында цифрлы технологиялар арқылы медициналық көмектің қол­жетімділігі мен тиімділігін арттыру қажет екенін атап өткендігіне және денсаулық сақтаудың бірыңғай ақпараттық жүйесін әзірлеу осыдан 13 жыл бұрын басталғанына баса назар аударды.
– Цифрландыру бағдарламасы денсаулық сақтау жүйесін, үйге жедел жәрдем мен дәрігерді шақырудан бастап бүкіл профи­лактикалық, диагностикалық және емдік медициналық қызметтерді толық қамтуға тиіс. Бұл ретте осы қызметтердің барлығы өзара байланысты болып, бірыңғай респуб­ликалық ақпараттық жүйеге біріктірілуге тиіс. Осыны ескере келе, біз ең алдымен, Елбасы тапсырғандай, денсаулық сақтау саласын цифрландыру арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттырып, халық үшін қолайлы медицина жасауға міндеттіміз, – деді вице-спикер.
Үкімет сағатында депутаттар алдында есеп берген Денсаулық сақтау министрі Ержан Біртанов медицина саласын жетіл­дірудің шаралары туралы баяндады. Ол өңірлік және жергілікті деңгейлерде негізгі клиникалық процестерді цифрландыруды «жергілікті атқарушы органдар қамтамасыз етуге тиістігін» мәлімдеді. Денсаулық сақтау министрлігі тек республикалық деңгейдегі жүйені дамытады екен. Ол қаржыландыру және басқару мәселелерін қамтитын көрінеді. Ведомство сондай-ақ жалпыұлттық «денсаулық сақтау электронды паспортын» құру арқылы медициналық ақпаратпен алмасу тетігін іске қосып, жүргізуге жауапты.
– Осы мақсатта Дүниежүзілік банктің жобасы аясында, 2015 жылдың 18 желтоқ­санында хорватиялық Ericsson Nicola Tesla d.d. компаниясымен арамызда Денсаулық сақтаудың интеграцияланған платформасын жеткізу туралы келісімшарт бекітілді. Бұл жұмыстарды аяқтау және пилоттық іске қосу 2018 жылдың орта кезеңіне жоспарланып отыр. 2015 жылдан бері өңірлерде меди­циналық ақпараттық жүйелерді (МАЖ) ендіру бойынша жұмыс та жанданды. Егер 2015 жылы МАЖ-дар тек 50 денсаулық сақтау ұйымында ғана ендірілсе, ал биылғы 2018 жыл басында бұл көрсеткіш 500-ден асып кетті, – деді Е.Біртанов.
Министрдің мәліметінше, қазіргі уақытта бүкіл еліміз бойына министрліктің 22 ақпараттық жүйесі жұмыс жасайтын көрі­неді. Олар көмегімен медициналық ұйым­дардан деректер, статистикалық ақпараттар жиналады, ол деректер ұлттық деңгейде ұсынылады. Алайда бұл ақпараттық ағынға басты кейіпкерлер – сырқаттар қол жеткізе және қатыса алмайды. Мұның сыртында депутаттардың айтуынша, осы МАЖ-дар өзге орталық органдардың база­сымен, сондай-ақ бір-бірімен бірік­тірілмеген.
Алда «денсаулық сақтау паспорты» арқылы бұл олқылықты ішінара болса да, жою көзделуде. Бірақ ол үшін әрбір емхана мен аурухана жеткілікті көлемде ком­пьютерлік құралдармен жарақтандырылуға және жоғары жылдамдықпен ғаламторға шыға алуы тиіс. Бірақ бұл іс ақсап жатыр. Мұны министр де жасырмайды.
«Дәрігерлер мен орта буындағы меди­циналық жеке компьютерлік техникамен жарақтандыру деңгейі бүгінгі таңда тек 82,7 пайызды құрайды. 2019 жылдың 1 қаңтарына қарай бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу көзделуде. Интернет желісі әзірге денсаулық сақтау ұйымдарының тек 55,7 пайызы үшін ғана қолжетімді. Алдағы жылдың 1 қаңтарына қарай бұл көрсеткішті де аудан орталықтары деңгейінде 100 пайызға жеткізу жоспарлануда. Әкімдіктердің дерегіне сәйкес, 2018 жылдың І тоқсанының соңына дейін медициналық ақпараттық жүйелерді Павлодар, Жамбыл, Маңғыстау облыс­тарының денсаулық сақтау ұйымдарының 90 пайызынан астамында ендіру қарас­тырылуда» деді Елжан Біртанов.
Министр интеграцияланған плат­форманы, соның ішінде барша қазақстан­дықтардың «денсаулық сақтау электронды паспорты» мен «сырқаттың жеке кабинетін» пилоттық режимде ендіру биыл баста­латынын, нақтырақ айтқанда, ол оқиға 2018 жылғы маусымда болатынын хабарлады.
Министр алдағы ақпан айында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды (МӘМС) ендіру аясында sms-хабарландыру сервисін іске қосуға уәде етеді. Сонда әрбір қазақстандыққа қандай да бір емхана-ауруханада медициналық қызмет алғаны туралы құлағдар етіп, көрсетілген қызметтің сапасын бағалау үшін пікірін (отзыв) білдіруі сұралатын SMS хабарлама келіп тұрады.
І тоқсанның соңына қарай «сыр­қаттану қағазын» (уақытша еңбекке қа­білетсіздік қағазын), сондай-ақ туберкулезге қарсы, психоневрологиялық, нарколо­гиялық ұйымдарда тіркеуде болғандығы туралы анықтамаларды Электронды үкімет порталы арқылы беру жолға қойылады екен.
Бұдан бөлек, Елбасының биылғы Жолдауын жүзеге асыру мақсатында «Ха­лықтың денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы» жаңа кодекс әзірленетін болады. Бұл құжат қазақстандық медицина жүйесін цифрландыруды қолдауға бағыт­талған бірқатар жаңа нормалардан тұрады.
Үкімет сағатында Мәжіліс депутаттары медицина саласындағы көптеген өзекті мәселелерді көтеріп, олырдың шешілу жолдарын ұсынды. Жиналысты қорытын­дылаған вице-спикер Гүлмира Исимбаева ұсыныстарды тұжырымдап, Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетіне беруді тапсырды. Олар негізінде палатаның денсаулық сақтауды цифрландыру бойынша ұсынымдары қабылданады.

Дайындаған Айхан ШӘРІП

https://aikyn.kz/2018/01/30/40895.html

Просмотров: 51 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]


Бұл сайт жөніндегі деректер сайт туралы ақпаратта орналасқан.