Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты
Главная » 2017 » Қазан » 30 » Медициналық сақтандыру: Қажеттілік пе немесе еліктеушілік пе ?
08:57
Медициналық сақтандыру: Қажеттілік пе немесе еліктеушілік пе ?

Осы жылдың 1 шілдесінен бастап еліміздің денсаулық сақтау саласына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізіліп, алғашқы жарнаны жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер төлей бастады. Сонымен, Қазақстанның медицинасы тек қана бюджетке қарап отырмай, сақтандыру қорына түсетін жарна арқылы өзін-өзі қаржыландыруға кірісті. Денсаулық сақтау саласына нарықтық экономиканың талаптарын енгізе бастаған бұл жүйе елдің үмітін қаншалықты ақтайды? Сақтандыру қоры арқылы қандай нәтижеге қол жеткіземіз? Әңгіме осы жөнінде болмақ.

 

Медициналық сақтандыру тарихы, оның мақсаты

 

Аталған жүйе әлемнің көптеген елдерінде қолданылады. Әсіресе, дамыған мемлекеттер осы жүйеге баяғыдан көшіп алған. Тарихқа үңілсек, медициналық сақтандыру ең алғаш Германияда ХІХ ғасырдың аяғында канцлер Отто фон Бисмарктің бастамасымен енгізілген. Бастапқыда жұмысшыларды жазатайым жағдайлардан сақтайтын әлеуметтік сақтандыру қолданылса, кейін медициналық көмек жұмыс берушілер мен жұмысшылардың міндетті төлемдері арқылы қаржыландырыла бастаған Бұл жүйе тарихта «Бисмарк моделі» атауымен қалды. Кейін оны дүние жүзінің бірталай елдері іліп әкетті.

Жалпы әлемде денсаулық сақтау ісін дамытуға бағытталған үш модель бар.

Оның біріншісі – нарықтық экономика принциптеріне негізделген жекеменшік жүйе. Медициналық сақтандырудың бұл түрі Америкада қолданылады. Қазіргі күні «Обамакэр» атауына ие болып, қоғамның қызу талқысына ұшырап жатқан реформа осы. Обама негізін салып кеткен бұл жүйені АҚШ-тың казіргі президенті Д.Трамп өзгертемін деп әлек, өйткені  осы реформа енгізілгелі елдің медицина саласы шығынға ұшырап, халықтың 15 пайызға жуығы денсаулығын сақтандыра алмай қалған.

Денсаулық сақтау саласын қаржыландырудың екінші моделі – мемлекеттік сақтандыру жүйесі, яғни медицина бюджет есебінен қаржыландырылады. Еліміз тәуелсіздік алғанға дейінгі кезде бұрыңғы Кеңес Одағы одақтас республикаларының бірі ретінде сала осылай өмір сүрді. Казіргі нарықтық экономика жағдайында бұл жүйе тиімсіз. Себебі денсаулық сақтау жүйесін түгел мемлекет қаржыландырса, бюджетке салмақ түседі. Қаржы қанша жеткілікті бөлінгенімен, медицинадағы емдеу тәсілдері мен технологиялары күннен күнге қымбаттап барады. Ғимараттарды ұстап тұру, оларды заманауи құрылғылармен жабдықтау, ескісін ауыстыру, жаңасын алу, одан қала берді жүрек, бүйрек, бауыр ауыстыру секілді қымбат оталарды жасау-үлкен шығын. Бір сөзбен айтқанда осы заманда бюджет қаржысымен медициналық қызмет сапасын жақсарту, салада қордаланып қалған түйткілді мәселелерді шешу мүмкін емес.  Сондықтан медицина саласына демеу жасап, дем беретін қосымша қаражат керек екенін өмірдің өзі алға тартып отыр.

Денсаулық сақтау саласын дамытудың үшінші моделі – қоғамдық сақтандыру жүйесі. Қазақстан сақтандырудың осы түрін таңдап алды. Оның ерекшілігі, әлеуметтік жағдайы әлжуаз топтарды мемлекет өз қамқорлығына алып, олар үшін сақтандыру қорына жарна төлейді. Мұндай азаматтар 14 санатқа бөлінген. Олардың жалпы саны 10,2 миллионнан асады, яғни республика халқының жартысынан астамын құрайды. Мемлекет жарнадан босатылған азаматтар үшін 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жарна төлей бастайды. Қазақстан таңдаған әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі-қоғамға бейімделген, ұзақ жылдар бойы сұрыптаудан өтіп, тиімділігін дәлелдеген жүйе. Сақтандырудың дәл осы моделі Германия, Франция, Бельгия, Литва секілді елдер қолданылады.

Жалпы медициналық сақтандыру жүйесі елімізге таңсық емес. Естеріңізде болса, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары да осы модель Қазақстанда енгізілген. Бірақ экономикалық дағдарыс жайлаған кезде енгізілген сақтандыру қоры екі жылдан кейін жұмысын тоқтатты. Оның сәтсіз аяқталуын сарапшы мамандар қорға тиісті қаржы аударылмағанымен байланыстырады. Дегенмен де, сол кездегі жүйе медицина саласын нарық талаптарына бейімдеуге ықпал етті.

Осы сөз етіп отырған денсаулық сақтау саласын дамытудың үш моделінің де мақсаты – оның қаржылық орнықтылығын және әлеуетін арттыру, медицина саласына дем беріп, демеу болатын қосымша қаражат көздерін қалыптастыру. Соған қарамастан жұртшылықтың көкейінде медициналық сақтандыру жүйесіне деген сенімсіздік пен күдік пайда болды. Биылғы шілде айынан енгізіле бастаған жаңа сақтандыру қорына көпшіліктің күмәнмен қарағаны да сондықтан.

 

Денсаулықты сақтандырудың тиімділігі не?

 

Медицина саласы дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенсек, онда елдің дені сау ұрпақ болып қалыптасуына үш топ жауапты. Оның біріншісі мемлекет болса, екіншісі-жұмыс берушілер, ал үшіншісі-халық. Осы аталған үш жақтың күші біріккенде ғана саладағы қордаланған мәселелерді оңынан шешіп, оны дамытуға болады. Мысалы, әрбір мемлекет өзінің тиісті азаматтарына қол ұшын беріп, денсаулығын сақтауға кепілдік береді. Жұмыс берушілер немесе кәсіпкерлер қол астындағы еңбеккерлерді жазатайым жағдайлардан сақтандыруға мүдделі болса, қарапайым халық өз денсаулығына өзі ұқыптылықпен қарап, дер кезінде дәрігерге қаралуы тиіс. «Ауырып ем іздегенше ауырмайтын жол ізде» деген осы. Демек, сырқат бастапқы сатысында анықталса, оны емдеу де жеңіл және тиімділігі де жоғары, яғни мемлекеттікке онша көп салмақ түспейді. Медициналық сақтандыру жүйесін енгізу арқылы ең алдымен салаға бөлінетін қаржыны көбейту көзделіп отыр.

Өздеріңіз байқап отырғандай, осы кезге дейін саланы тек қана мемлекет бюджет арқылы қаржыландырып келсе, енді оған үш көзден (жоғарыда аталған) қаражат бөліне бастайды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші қаржы көбейсе, денсаулық сақтау саласындағы бірталай мәселе шешіліп, қызмет көрсетудің сапасы артады деген үміт бар. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарушы директоры Е.Байжүнісовтың айтуынша, бұл жүйе дәрігерлер мен емдеу ұйымдарының арасында бәсекелестік туғызады. Ал, бәсеке бар жерде ең бірінші кезекте сапаға ден қойылады. Халық сапалы қызмет көрсететін емханаларды таңдайтын болады, соған сәйкес аталған емдеу мекемелеріне сақтандыру қоры арқылы қаражат көбірек бөлінеді. Егер, қандай да бір дәрігер немесе клиника өз міндетін дұрыс атқармаса, онда оларға бөлінетін қаражат азаяды немесе мүлде берілмейді. Қаржыны көбірек алу үшін әрбір емдеу ұйымы науқасқа жоғары сапалы медициналық көмек көрсетуге ұмтылатын болады. Жүйенің тағы бір артықшылығы, сырқаттарды емдеу халықаралық стандарттарға негізделген және ғылыми түрде дәлелденген хаттамалар бойынша жүргізіледі және оған бақылау күшейеді.

Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі тұрғындарды дәрілік заттармен қамтамасыз ету мәселесін де шешеді деп күтілуде. Бүгінде мемлекет кепілдендірілген медициналық көмек шеңберінде 48 ауру түрі бойынша науқастарға 200-ден астам дәріні тегін босатады. Ал бұл препараттардың дәріханаларға түсуі оның тиісті адамдарға жетуі күрмеулі мәселеге айналғалы қашан?! Алдымен тендер жарияланып, оны белгілі бір компания ұтқанша, диспансерлік есепте тұрған науқастар дәрі-дәрмегін күтумен сарғаяды. Енді сақтандыру қоры дәріханалармен ешқандай делдалсыз, тікелей келісім-шарт жасасуды қарастырып отыр. Мұндай тәсіл арқылы тұрғындар дәрілік заттармен уақытылы қамтамасыз етіліп қана қоймай, дәрілерді таңдау мүмкіндігіне ие болады. Егер өзіңізге тиісті дәрі жақпаса, онда оның басқа түрін таңдай аласыз. Осы орайда таңдалған дәрінің құны белгіленген бағадан асып кетсе, пациент оның айырмашылығын ғана төлейді.

 

Жинақталған қаражат – ортақ игілік

 

Медициналық сақтандыру жүйесінің басты қағидаты – жинақталған қаражатты қазақстандықтардың ортақ игілігіне  айналдыру. Осы орайда әркімнің қорға жинақтаған қаржысы тек өзіне ғана жұмсалады деген ұғым тумауы керек. Егер олай болса, белгілі бір азаматтың жарнасы ол пайдаланған медициналық қызметтің ақысына жетпес еді. Себебі казіргі нарық заманында денсаулық сақтаудың құны шарықтап тұр. Айталық, лейкоз ауруы кезінде сүйек майын ауыстыру отасы Қазақстанда 100 мың еуро шамасында. Мұндай қыруар қаржыны кез келген  адамның қалтасы көтере бермейтіні анық. Сонымен пневмония (өкпенің қабынуы) сынды кең  тараған ауруды емдеу орта есеппен 91000 теңге, соқыр ішекті алып тастау-67500 теңге, босану құны 52300 теңге құрайды екен. Демек, медициналық көмек ақысы әркімнің өзіне жинаған ақшасына ғана тәуелді болса, ол жоғары технологиялы қондырғылардың көмегімен жасалатын оталарды айтпағанда, қарапайым ауруларды емдеуге де жетпейді. Сондықтан, қорға жинақталған қаржы-күллі қазақстандықтарға ортақ табыс. Әлбетте, адамдардың бәрі бірдей ауыра бермейді. Жылдап емхананы көрмейтін, денсаулығы темірдей азаматтар да баршылық. Солардың есебінен қор қаражаты молайса, ертеңгі күні ол күрделі отаға зәру бір адамның өмірін құтқаруы мүмкін. Медициналық сақтандыру жүйесі арқылы азаматтардың ынтымақтасуы деген осы.

Сонымен, биыл қорға жарна құюды жұмыс берушілер, жеке кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар бастады. Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекет әлеуметтік жағынан аз қорғалған 14 топ үшін төлем төлейді. Ал, жұмыс істеп жүрген азаматтар жарнаны 2019 жылдың бірінші қаңтарынан жалақысының 1 пайызы, 2020 жылы-2 пайыз көлемінде аударып отырады.

Сақтандырылған азаматтар МӘМС пакеті шеңберіндегі медициналық көмекті 2018 жылдан бастап ала алады. Сондай-ақ, еліміздің барлық тұрғындарына ЖИТС, туберкулез сынды әлеуметтік  маңызы бар аурулармен қоса, жедел жәрдем, шұғыл медициналық көмек, санитарлық авиация көмектері тегін көрсетіледі. Алдағы екі жылда (2018-2019ж.ж.) сақтандырылмаған азаматтар үшін жеңілдік мерзімі қарастырылған. Жарна төлемеген адамдар амбулаториялық көмек пен шұғыл жағдайларда  көрсетілетін стационарлық көмекті тегін пайдаланатын болады.

Тұрғындардың денсаулығын сақтандыру оларды алдымен емханаға тіркеуден басталады. Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысу барлық азаматтарға міндетті болғандықтан,  әркім өзінің қаралып жүрген емханасына баруы керек. Ол үшін емдеу мекемесінің тіркеу бөліміне, жеке куәлікпен келіп, бас дәрігердің атына өтініш жазу жеткілікті немесе телефон арқылы да осы жүйедегі мәртебеңізді анықтауға болады. Сонымен қатар, дәрігер мен емхананы еркін таңдау құқығы жылына бір реттен аспау керектігін де есте ұстаған жөн.

Ал тиісті ем-домды жасау алдымен емханадағы жалпы тәжірибелік дәрігерден басталады. Өзге клиникаларға немесе бейіндік мамандарға қаралу үшін қолыңызда міндетті түрде жергілікті емхана дәрігерінің жолдамасы болуы қажет, онсыз ешкім сізге тегін көмек көрсетпейді. Егер дәрігер тиісті жолдаманы бермей жатса, онда құқығыңызды қорғап, медициналық сақтандыру қорының ресми сайтына арыз-шағым қалдыруға болады.

 

Сурет Городская поликлиника № 4 сайтынан алынды.

 

Н.ХАЛЫҚҰЛОВ,

Арал аудандық аурухана дәрігер-ұйымдастырушысы

ҚСРО және ҚР денсаулық сақтау үздігі 

 

Просмотров: 58 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]


Бұл сайт жөніндегі деректер сайт туралы ақпаратта орналасқан.