Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



08:32
МЕДИЦИНАДА ЖОЛЫ БАР ҒАЛЫМ

Даңқты жерлестеріміз

Халық денсаулығы  - үлкен байлық. Оның ішінде жас ұрпақтың, балалардың дені-қарнының сау болып өсуі қоғамның мойнындағы үлкен парыз. Ал сол істі атқаратындар - білімді медицина қызметкерлері.

Айдынды Аралдың бір түкпірі «Қасқақұланда» туып, қазақ медицинасының тарландарының біріне айналып, балалар денсаулығын қорғауда ерекше қызмет атқаруға бар ғұмырын сарқи арнаған медицина ғылымдарының докторы, профессор Әбубәкір Ерекешов аралдықтардың нағыз мақтанышы болатын.

Ә.Ерекешов 1946 жылы 10 қарашада дүниеге келген. Мектептен соң, Алматы мемлекеттік медицина институтын, (қазіргі Қазақ Ұлттық медицина университеті) бітірген. 1972-1974 жылдары Алматыдағы бірінші қалалық балалар ауруханасында хирург болып, кейін бас дәрігер қызметін атқарды. 1974-1988 жылдары облыстық балалар ауруханасында хирург, бөлім меңгерушісі, бас хирург ретінде бүлдіршіндердің денсаулық сақтау саласының қалыптасуына үлкен қызмет етті.

1991-1995 жылдары Қазақ Ұлттық медицина универстетінде ассистент, доцент болды. Мұнан соңғы жылдары ҚР Денсаулық Сақтау агенттігіне қарасты дәрігерлердің курс меңгерушісі қызметін атқарды. Балалар травматологиясына байланысты аса бағалы ғылыми зерттеу еңбектері үшін ол 1999 жылы Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.

Өзі өмірден өтсе де қазақ медицинасында жарқын да, жасампаз мектебі оның зерттеулерінен бастау алып, арнасын кеңейтіп келеді.

 

Е.КЕҢТОҒАЕВ

«Құрылтай» газеті, 10 қараша 2016 жыл

Ұлтқа қызмет ету үлгісі (ұстаз туралы эссе)

Өмірді бір сәт түпсіз терең  мұхитқа теңесек, сол мұхиттың бетінде алыстан мұнартып тұратын мұзтау секілді адамдар болады. Біз ондай жанның асқақ бейнесін ғана көріп, бергі жағына таң қаламыз, ал, сол мұзтаудың асыл қасиеті тым тереңде, мұхиттың түбінде шөгіп жатқанын ескере бермейміз.
Сондай жанның бірі -медицина ғылымының майталманы, қадірлі ұстазымыз Әбубәкір Ерекешұлы Ерекешов болатын.

Бүгінде бар ғұмырын балалар хирургиясының биікке көтерілуіне арнаған білікті дәрігердің бақилық болғанына да бір жарым жыл болыпты. Таулардың  биіктігі алыстаған сайын байқалатыны секілді, осы аралықта көкірекке осыбір таутұлғалы азаматтың адамдық болмысы туралы қаншама ой жиналып қалды десеңізші... Естеліктер жиынтығын шығару туралы ізгі мақсатты естігенімде, жүректе жатталған оның жарқын бейнесін көрсету ойы мені де мазалап жүрген. Себебі,  бірде ұстаз, бірде әкемдей болған адам жайлы, оның жүріп өткен өнегелі өмірі жайлы үндемей қалу мүмкін емес.
Әлі есімде... Сәтін салып 2001 жылы балалар хирургиясы кафедрасына ассистент болып орналастым. Менің пешенеме бірден атына сырттай қанық боп жүрген білікті дәрігер Әбубәкір Ерекешұлының қарамағында жұмыс істеу бұйырды. Олай дейтінім, ол өте еңбекқор, кәсібіне  адал, білімдар, хирургия саласының шебер майталманы еді.  Әрине, ол кісінің  мұнан басқа да асыл қасиеттерін  өзге де әріптестері мен құрдастары жазады ғой деп ойлаймын. Мен  тек ұстазымның  ұлтжандылық қасиетіне тоқталғым келеді. Өйткені,  Әбубәкір Ерекешұлының елге, туған  жерге  деген махаббат сезімі кез-келген жанның бойындағы отаншылдық сезімді түртіп оятушы еді. Ондай сезімді менің де бірнеше рет бастан кешіргенім бар-ды.
Бірде жұрттың:  «Қалай, Астанаға үйрендіңіз бе?», - деген сұрағына, ол кісі: «Үйренетін несі бар, Арқа ата-бабамыздың көшіп-қонып жүрген жері емес пе?! Өзіміздің туған жер! Бұл - бос сұрақ...»,- дегені бар. Сонда ол  шынымен елін, жерін  алаламай, тұтастай туған елім деп  жақсы көруші еді.
Ол кісінің кіндік қаны тамған жері Арал өңірі екені белгілі болатын. Айтуынша, бала кезінде әкесімен бірге теңізге шығып, балық аулайды екен. Тіпті, қыстыгүні де әкесінің қасынан бір елі қалмаған. Сонда Аралдың аязы мен  бет қарыған үскірік желінің екпіні Астананың сақылдаған сары аязынан асып кетпесе, кем түспейтін көрінеді деп айтып еді.
Жалпы, «Ұстаз болу - жүректің ұлылығы» деген сөз бар. Ол ағаға арнап айтылғандай.  Әбубәкір Ерекешұлының жастарға деген қамқорлығында шек жоқ еді. Ол жер анадан тамыр алып жаңа ғана көктеген жас шыбық-жастардың түзу әрі жайқала өсуі үшін бар көмегін аямайтын. Соның нәтижесінде, 2005 жылы республикалық байқауда «Жоғарғы оқу орындарының үздік оқытушысы» деген мемлекеттік грантқа ие болды. Жан-жағына тереңдік, кеңдікпен көз тастайтын жаннан үйренетін жер көп болды. Ұстаз әрдайым соңынан ерген шәкірттерге тура жол сілтеп, дұрыс бағыт берді, олардың бір-біріне  қамқорлықпен қарауын, бір-бірін үнемі  қолдап отыруын қалап, ынтымақты болуға ұйыстырды. Бүгінгі таңда сол  шәкірттердің бәрі өз мақсаттарына жетіп,  медицина саласының  асқар шыңына көтерілген. Бірде ол кісіге осы жетістіктер сіздің арқаңызда болды дегенімде:
- «Шын мәнісінде, олай емес. Бұл жетістіктер сендердің ерінбей  еңбектеніп, тапжылмай ізденгендеріңнің арқасында келді. Әрқайсысың ел азаматтарысыңдар. Соны ұмытпа!», - деді. Ағаның бұл  нақыл сөздері әлі есімде.  
 «Өсетін елдің баласы бірін-бірі батыр дейді, өспейтін елдің баласы бірін-бірі қатын дейді» деген мақалды да  сол кісіден алғаш рет естідім. Естідім де бар қазақ менің жалғызым деген ойға жетелейтін бұл нақылды мәңгілік жүрегіме байладым.
Шыны керек, қазіргі уақытта жүзге, руға бөліну үрдісі өрбіп,  кейде тіпті, адамдарды бір-біріне қарсы қоюға дейін баратын жағдайлар жиі етек алып барады.  Елбасымыз айтқандай, ондай адамдар тек күлкі-мазаққа лайық.   Бірақ, өкінішке орай, теріс пиғылды, майда мүдделі жандардың аз емес екені ойландырады. Осындайда, Әбубәкір Ерекешұлының бар ғұмыры, іс-әрекеттер мен  терең ойлары қазақ жастарына үлгі болары анық.
Ұстаз Астанаға келісімен 5 жылдан астам уақыт асыл жары Раушан Зияшқызымен бірге студенттердің жатақханасында тұрды. Медицина ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреатының  тұрмысын көріп, сол тұста  біздің де жанымыз ауыратын. Бірақ, тұрмыс  тауқыметі таутұлғаны шыңдамаса, тұқырта қоймады.  Ғалым  ашқан ғылыми жаңалықтар да, балаларға жасаған шипалы әрі нәтижелі оталар саны да, шәкірттерінің жетістіктері де осы жылдардың жемісі екені анық.   
Ол  Ресей мен Израильдің балалар хирургиясының  профессорларымен тығыз байланыс орнатып, өнімді жұмыс жасады. Шәкірт дәрігерлерді әлемдік деңгейде жоғары талапқа сай  жұмыс істеуге үйретті. Студенттерді шетелге шығарып, жат елдің балалар хирургиясындағы озық жетістіктерімен тікелей танысуына мұрындық болды. Маған әрдайым Әбубәкір Ерекешұлының еліне, жеріне, қазақ халқына деген сүйіспеншілігі мен махаббаты шексіз көрінетін.  Тәуелсіз еліміздің болашағына таудай  сеніммен қарайтын ұстаз жастарға көп үміт артатын. Сондықтан, жастарға  қолдан келгенше қолдау жасап,  бағытын дұрыс анықтауға бар күшін салатын.  Бүгінде сол шәкірттердің барлығы ұстаз берген бағыттың дәл әрі асқан көрегендікпен жасалғанын айтады.
 Бірде Әбубәкір Ерекешұлы мені өзіне шақырып алып: «Қазір Мұса деген жігіт келеді, ғылыми жұмысының құжаттарын дайындауға көмектесіп жіберерсің»,- деді. Кабинетте күтіп отырғанда, есіктен  қара нәсілді  африкалық бауырымыз Мұса кірді. Бұл эпизод та ағамыздың білім-ғылымға талпынған жастарды бөлмей, барынша көмек беруге тырысатын риясыз көңілін байқатқандай. Оның шәкірттерінің ішінде өзге ұлт өкілдері де аз емес еді.
Осы орайда, өмірде мұндай текті де, дана адамдардың қатары көп емес екенін  өкінішпен айтқым келеді.  Бүгінде осыбір асыл жанның үлгі-өнегесін есімізден шығармай, Әбубәкір Ерекешұлының ұстанымына лайым лайық болуға  тырысып келеміз.  
Менеджмент немесе басқару саласының  белгілі американдық маманы Стивен Ковидің пайымдауынша, нағыз нәтижелі кісінің мінезі тұрақты келеді, іске деген жауапкершілігі, оны  орындауға қоятын талабы да  жоғары деңгейде болады, сонымен қатар, ондай кісіде адамға деген мейірімділік пен қайырымдылық сезімдері қатар жүріп, бір-бірімен үндесіп отырады дейді. Қасындағы кісілердің жан дүниесін өте жақсы түсіне білетін Әбубәкір Ерекешұлының өмірлік жолы мен азаматтық болмысына үңілсем, бұл қағиданың айна қатесіз айтылғанын көрем.  
Ол кісі мені 2006 жылы Қазақ мемлекеттік медицина академиясының үш факультетін басқаруға ұсынып, қолдау көрсетті. Алғашында ойланып көрейін дедім. Алайда, мұндай жауапкершілігі мол жұмысты алып жүруге  жастау екенімді сылтауратқан сөзімді құп көрмей, ұлт тарихынан мардымды мысалдар келтіре жөнелді. Тарихта 28 жасында Ишанбай Қарақұлов министр болған, 34 жасында Қамал Сәруарұлы Ормантаев ғылым докторы атанды дей келіп, ақыр аяғында декан болуға көндірді. Қарап отырсам, өмір жолымда адам және маман ретінде өсуіме маған Әбубәкір Ерекешұлындай ешбір жан ықпал жасамапты. «Клиникадағы дәрігердің қателігінен бір адам зиян көреді, ал, егер денсаулық сақтауды ұйымдастырушы қателессе, зардабын мың адам көреді. Сондықтан жұмыстың бұл қырын да біліп, үйрену керексің»,- дегені әлі күнге дейін көкейде жатталып тұр. Факультет кеңесінің отырыстарын өткізгенімде оған елімізге сыйлы медицина ғылымдарының докторлары, профессорлары атанған  кафедра меңгерушілері қатысатын. Осы кісілермен дұрыс қарым-қатынас орнатып, жұмыста нәтижеге қол жеткізуге кеңесші болған да Әбубәкір Ерекешұлы болды. Бір жылдың ішінде академияның барлық факультеттерінің ішінде ешбір ескертусіз министрліктің лицензиясын алып, ISO 2001 аккредитациясынан өткен біздер ғана болдық. Кейін 2007 жылы бала урологы мамандығымды жалғастыру мақсатында жаңадан ашылып жатқан Ана мен бала ғылыми орталығына құжаттарды тапсыруыма ақыл-кеңес берді. Өткен күндерді ой елегінен өткізсем, менің, жалпы, отбасымның бағының ашылуына ол кісідей ықпал жасаған ешкім болмағанына көзім жетеді. Ағаға деген  алғыс сезім менде ғана емес, барлық шәкірттерінде  де бар екеніне  күмән жоқ.
Ұлтымыздың жарқын болашағын жастармен байланыстырған Әбубәкір Ерекешұлы бар білімі мен  іс тәжірибесін, ақыл-жігері мен күш-қуатын дәл осы жас толқынға, шәкірттері мен әріптестерінің білікті маман ретінде өсуіне, олардың елжанды азамат боп өсуіне аямай жұмсады. Біз Әбубәкір Ерекешұлының үміті ақталатынына, Қазақ елінің болашағы зор болатынына сенеміз, әрі солай болуы үшін аянбай еңбек етеміз. Бұл шәкірт жүрегінде  сөнбес сәуле қалдырған адамға деген ізгі құрметіміз бен мәңгілік естелігіміз деп білеміз.  
 
  Б.А.ТӘЖІБАЙ   27.10.2013 жыл.

http://afprz.kz/index.php/ru/blogart/showtext/12

АЛҒЫСПЕН НҰРЛАНҒАН АДАМ

“Адам үшін денсаулық – ең ұлы қазына, онымен салыс­тыр­ғанда, басқа мәселелердің бәрінің де маңызы төмен” деген екен Шопенгауэр. Денсаулықтың қа­ді­рін біздің ата-бабаларымыз да жақ­сы білген. Әйтпесе “бірінші бай­лық – денсаулық, екінші бай­лық – ақжаулық, сонан кейін – он саулық” деп айтпаса керек еді.

Бүгінгі балалар хирургиясы саласындағы еліміздегі ең мықты мамандардың бірі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Президент грантының иегері, медицина ғы­лымдарының докторы, профес­сор Әбубәкір Еркешов осы ден­саулық мәселесі жайлы айтудай айтып жүр, тек тыңдайтын құлақ болса.

– Бұл күнде балалар денсау­лы­ғынан қадірлі дүние жоқ. Әр бала – қоғамымыздың келешегі. Сондықтан оны көздің қарашы­ғын­дай сақтауымыз керек. “Бала­сын гигиена талаптарына сай тәрбиелемеген ана – болашақ ал­дын­да кінәлі” деген екен И.Меч­ников. Расында да тазалық пен денсаулық барлық мәселелерге әсер етеді. Біздің қазақ “дені сау­дың – жаны сау” дейді. Осы бір ауыз сөздің астарында терең мән жатыр. Өзін күтіп, таза ұс­тайтын адам тәні­мен қатар жанын да кірге шалдыр­ғы­сы келмейді. Сөйтіп, адам бірте-бірте ластықтан, соның ішінде жан-дүние лас­ты­ғынан жиіркене­тін болады. Бәрінен де тәртіп пен тазалықты, адамдар арасындағы құқықтық қатынастарды жоғары қоятын салауатты, мәдениетті қоғам осылайша қалыптасады. Ал толымды қоғамнан болымды ұр­пақ өсіп шығады, – дейді Әбубәкір Еркешұлы.

Аспандағы ай неге қараңғы түнде алтындай балқып, жерге неге нұр төгеді? Себебі, ол күн сәу­лесіне малынып, сол сәулені Жерге бағыттайды. Өмірде үлкен жетістіктерге жеткен білікті ма­ман­дар мен ғалымдардың қыз­ме­ті де ай секілді. Олар өздерінің ал­­ған білімдері мен бай тәжі­ри­бесін айналасына нұр ғылып шашады.

Әбубәкір Еркешов 1946 жыл­ғы 10-қарашада Қызылорда облы­сының Арал ауданындағы Көз­жет­пес ауылында дүниеге келді. Орта мектепті бітірген соң Алма­ты медицина институтының бала емдеу факультетіне түсіп, оны 1970 жылы педиатрия маман­дығы бойынша бітіріп шықты. Оқуды бітірісімен әскер қатарына алынып, әскери дәрігерлік қызмет атқарды.

Әскерден оралысымен Алма­ты қаласындағы қалалық балалар клиникалық ауруханасында бала­лар хирургі болып жұмысқа орна­ласады және өз ортасында білік­ті­лігімен, білімділігімен, ең бас­ты­сы аса ізденімпаздық қа­сиетімен көзге түседі. Осы қасиет оның болашағына жарқын жол ашып бергендей болды. Ор­ди­натор, хи­рургия бөлімшесінің меңгерушісі болып тағайын­да­лады.  Алматы облыстық ден­саулық сақтау бөлі­мін­де бас хирург қызметтерін атқарды.

Әбубәкір Еркешұлының мұ­нан кейінгі қызметі Алматы қа­ла­сымен тікелей байланысты болды. 1987 жылы қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігерінің орын­басары және көп өтпей-ақ бас дәрігері болды.

Мұнан кейін ғылым жолында ізденуді жөн көрді. Әдетте ғы­лым­ға айтсам деген ойы мен идеясы бар адамдар келеді. Мұндай адам­дар өзінің атқарып отырған кәсібі бойынша бұрын адамдардың көзіне түспеген кей­бір құбы­лыс­тар мен жайттарды басқалардан бұрынырақ байқай­ды. Сонан кейін сол құбылыс­тардың соңына түседі. Олардың заңдылықтарын зерттейді. Осыдан барып ғылыми жаңалықтар ұшқындай бастайды. Мәселен Әбубәкір ағамыз хирург бола жүріп, өзінің осындай аң­ға­рым­­паздық, ізденгіштік қасиетінің арқасында жеке ғылыми жұмыс­тар­мен шұғыл­данып, емдеу саласында көп­теген өнертапқыштық жаңалық­тар ашқан еді. Осындай еңбектері­нің нәти­жесінде балалар хи­рургиясы бой­ынша жоғарғы ка­тегорияға, Қазақ КСР Денсау­лық сақтау министр­лі­гінің бірінші және екінші дәрежелі дипломдарына ие болды. Оған КСРО-ның өнертапқышы атағы берілді. 1986 жылы “КСРО ден­саулық сақтау ісінің үздігі” атанды. Осы жылы “Бала­лар­дағы иық сүйегінің айдаршық үсті және айдаршық арқылы сынықтарды емдеу” тақырыбы бойынша канди­даттық диссер­та­циясын сәтті қорғап шықты. Ал 1991 жылы Ал­ма­­ты мемле­кеттік медицина инс­титуты кафедрасына доцент болып, шәкірт тәр­бие­леумен де шұ­ғыл­данса, 1995 жылдан бас­тап Ал­ма­ты мемле­кет­тік дәрігерлердің білімін же­тілдіру инсти­ту­тында балалар хирургиясы кур­сы­ның меңгеру­шісі болып істеді.

Ғылым саласында да үлкен табыстарға жетті. 1999 жылы оған “Балалар жасындағы травматоло­гияны және ортопедияны диаг­ностикалау мен емдеудің жаңа технологиясы”  бойынша ашқан жаңалығы мен еңбегі үшін ғылым, техника мен білім беру саласы бойынша тағайындалған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді. 2000 жылы  “Ба­лалардағы иық сүйегі сынықтары­ның жаңа тәсілдерін жасау және клинико-патогенетикалық негіздеу” деген тақырыпта докторлық диссертациясын ойдағыдай қорғап шықты.

Әбубәкір Еркешұлы 2001 жылдан қазіргі уақытқа дейін Аста­надағы Қазақ мемлекеттік меди­цина ака­де­миясында балалар хи­рургиясы кафедрасының мең­герушісі қызме­тін­де. Профессор. Сонымен қатар №2 балалар емханасында бас ортопед-хирург болып жұмыс іс­тей­ді. 220-дан астам ғылыми жұмыс­тарын жариялап, 1 монография, 8 оқу-әдістемелік құ­ра­лын әзірлеген, 40-қа тарта өнер­тап­қыштық жаңа­лық­тар жария­ла­ған үлкен еңбек иесі. Оның же­тек­шілігімен 7 канди­дат­тық, 1 док­тор­лық диссертация қор­ғалса, енді  19 ғылыми ізденуші Әбе­кең­нің ақыл-кеңесімен ғылыми жұ­мыстарын сәтті жалғастырып келеді.

Өткен жыл Әбекең үшін жемісті жылдардың бірі болды. Оған Білім және ғылым министрлігінің шешімімен “2005 жылдың ең үздік оқытушысы” атағы берілді және Қазақстан Республикасы Прези­денті­нің гранты тапсырылды.

“Кісінің кісілігі айтқан сөзінен емес, істеген ісінен көрінеді” деген тамаша сөз бар. Әбубәкір Еркеш­ұлы 2 миллион теңге тұратын Пре­зидент грантына ие болысымен, оны игілікті шаруаға жұмсағанды жөн көрді. Ол осы қаржымен Израиль еліне қарай жол тартты.

– Қолыңда қаржы бар кезде медицинасы дамыған елдердің ма­мандарымен араласып, тәжірибе алмасып, артықшылықтарын өз көзіңмен көргенге не жетсін. Сапардың басты мақсаты осы болды.

Хайфе деген қаласындағы меди­циналық орталықта тәжірибе жи­нақтап, әрбір операцияға қатыс­тырғаны үшін ақша төлеп, он жеті операцияға қатыстым. Бұл елде тұрғындарға медициналық қызмет көрсету ерекше дамып кеткен. Олар­да адамды емдеу жедел жәр­дем­нен басталады. Жедел жәрдем қызметкерлерінің әр түрлі жағ­дайларға байланысты жасалатын арнайы нұсқаулықтары, емдері бар. Ауруды емханаға жеткізгенше-ақ айналдырған 10-15 минут уақыттың ішінде сырқатын анықтап, жолай неше түрлі күрделі процедураларды жасап үлгіреді. Жедел жәрдемде жұмыс істейтін паромедиктердің біліктілігі, салыстырмалы түрде айтқанда, біздегі маман дәрі­гер­лермен тең. Яғни, бұл елде ма­мандардың біліктілігіне өте үлкен мән беріледі. Мәселен, дәрігер болып шығу үшін жоғары оқу орнында он бір жыл оқу қажет. Оқуды бітіргеннен кейін де алты-жеті жыл бойы жай ғана дәрігердің көмек­ші­сі болып жүрген­дер бар. Мұ­ны өз басым теріс демеймін. Өйткені, дәрігер – адам жанының арашашысы, Ең бір қасиетті мамандық иесі. Сон­дықтан дәрігерлік қызметпен айналыса­тын­дар шала сауатты болмауы керек. Осыны израиль­дықтар жақсы түсін­ген. Егер елі­міздің әлеу­мет­тік-экономикалық дамуы қа­зір­гі қарқынмен жал­ғаса бе­ретін болса, дәл Израиль­да­­ғы­дай талап пен жағдай бізде де орнығуы тиіс, – дейді Әбекең.

Медицина саласында отыз жылдан астам уақыт қызмет етіп келе жатқан Әбекең осы уақытқа дейін жеті мың адамға операция жасаған екен. Яғни, жеті мың тағдырға араласып, жеті мың өмірді қорғаған. Міне, дә­рігер-хирург еңбегінің құді­реті. Жеке адам қызметінен осыдан артық қандай нәтиже іздеуге болады. Бірде тіпті Елбасының Алтай, Айсұлтан атты немерелерін де емдеп, көмегі тиген көрінеді.

Ал талай жанға шуағын тү­сірген, білімнің нәрін сеп­кен ғылыми, ұстаздық еңбе­гін қайда қоясыз. Алайда ол ешуақытта осы еңбектері үшін кісімсіген емес. Оның қолы балаға да, данаға да бір­дей. Өйткені, білікті хи­рург үшін өзінің қызметтік пары­зын өтегеннен артық бақыт жоқ. Ол өз еңбегінің нәтиже­сін күн­де көріп, күнде сезі­неді. Адам­дардың да алғысы шексіз. Олар мұны құрмет­тей­ді, қадір тұтады. Кездес­кен кезде рахмет­те­рін айтып жатады. Осы жағдай Әбубәкір Еркешұлының жанын нұрға бөлейді.

Әбекенің негізгі жұмыс­тары­ның сыртында атқа­ратын қоғам­дық қызметтері де толып жатыр. Ол дәрі­гер­лерге жоғары кате­гориялар ұсынатын сарапшылық аттес­тат­тау комиссиясының,  Қа­зақ­стан мен Ресей балалар хи­рургтері және Халықара­лық ор­то­педтер мен трав­мато­логтар ас­со­­циация­лары­ның мүшесі,  “Ба­лалар пе­диа­триясы мен хи­рур­гиясы”, “Травматология және орто­пе­дия” журнал­дарының ре­дак­циялық алқа мүшелігінде де Әбекеңнің аты-жөні жа­зулы тұр. Ал осындай мін­дет­тердің өзі адамға қосымша жауапкершілік жүктейтіні де рас.

Жұбайы Раушан Зияшқы­зы дәрігер-анестезиолог. Үлкен ұлы Асылжан медици­на ғылымдары­ның кандида­ты. Қазақ ұлттық ме­дицина университетінде хи­рур­гия ка­федрасының ассисенті. Ке­лі­ні Манира республикалық психо-наркологиялық орта­лық­та дәрігер. Немерелері Аян мен Әлімбай мектеп оқушылары. Кіші ұлы Уәйіс ІІМ қызметкері, капитан.

Иә, Әбубәкір Еркешұлы, сөз жоқ, бақытты адам. Ол өз отба­сына, айналасына, хал­қы­на шуа­ғын түсіріп, шұғы­ла­сын шашу­мен келеді. Осы шуақтың өзі оған адамдардың алғысы, шы­найы көңіл риза­шы­лығы болып қайтуда. Адам үшін бұдан артық бақыт бар ма?!

 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ.

2006-11-01: 

https://egemen.kz/old/?act=readarticle&id=2866

Просмотров: 952 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]