Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



12:33
МЕДИЦИНА МАЙТАЛМАНДАРЫ

Қасиетті Қармақшы мекенінде талай дарын иелері өмір сүріп, туған еліне адал қызмет істеп келеді. Солардың қатарында бүгінде ата-баба жолын жалғастырып, аудан әлеуетінің дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан Алмас Қаржаубаевтың отбасы өңір жұртшылығының алғысына бөленген. Расында да, киелі Қармақшы топырағынан нәр алып, туып-өскен еліне перзенттік парызын өтеп жүргендер аз емес. Десе де, осы өңірдің тумалары бір отбасының отағасы мен отанасы атанып отырған Алмас Қаржаубаев пен Раяш Құрманбаеваның есімдерін жерлестері мақтанышпен атайды.
Шынында да, бұл әулет несімен сыйлы? Әрине, олар өздерінің мейірімділігімен, іскерлігімен, еңбекқорлығымен, ағайыншылығымен, ізденімпаздығымен құрметті.
Ал, енді туған халқының ықыласына бөленген осы екі жан туралы айтар болсақ, Алмас ағамыз Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Жұбан Қаржаубайұлы мен Дәмелі Айдарханқызының отбасында өсіп-өнген 8 перзенттің ортаншысы. Анамыз Дәмелі 16 перзент сүйген, бірақ оның 8-і сәби кезінде өмірден өткен екен.
Міне, осындай отбасында тәрбиеленген 8 ұл-қыздың ортасында өскен Алмас өсе келе аудан орталығындағы №26 орта мектепті тәмамдаған соң, «Автобаза» мекемесі жанындағы жүргізушілер мектебінде дәріс алады. Содан кейін ол еліміздің Қиыр шығысында азаматтық әскери парызын өтеп келеді және аудандық орталық ауруханада жедел-жәрдем бөлімшесінің жүргізушісі болып жұмысқа орналасады.
Тұла бойы жігерге толы жас жігіт өзінің білімін одан әрі жетілдіру мақсатында 1980-1983 жылдары аралығында облыс орталығындағы медициналық училищеде тіс дәрігері мамандығы бойынша арнаулы білім алып шығып, 1986 жылға дейін аудандық ауруханада тіс дәрігері болып абыройлы қызмет істеп, жас та болса бас болып жүреді.
Ал, отанасы Раяш Шәкенқызының шыққан тегіне зер салсақ, ол өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында еліміздегі ұсақ ауылдарды біріктіру мақсатында жүргізілген саясат қорытындысымен ірілендірілген қазіргі Иіркөл ауылының алғашқы төрағасы Есенбек атамыздың баласы, бар саналы өмірін осы ауылдың өсіп-өркендеуіне арнап, ел құрметіне бөленген Шәкен ағамыз бен Үрліхан анамыздың отбасында тәрбие алған үш баланың үлкені. Раяш Шәкенқызы да аудан орталығындағы №26 орта мектепте Алмас ағамызбен бірге бір сыныпта білім алады. Ол да аталмыш мектепті тәмамдаған соң, Қызылорда қаласындағы медициналық училищесін «орта буын медицина қызметкері» мамандығы бойынша бітіреді. Аудан орталығындағы ауруханада операциялық бөлімде өз мамандығы бойынша еңбек етіп жүрген кезінде Алмас Жұбанұлымен шаңырақ көтереді. Перзент сүйеді.
Бірақ, бала кезден арман болған мамандықтарын орта жолда тоқтатып тастауды жөн санамаған екі жас ата-аналарымен ойласа келе, білімдерін одан әрі жетілдіру мақсатында 1986 жылы Алматы қаласындағы медициналық институтқа оқуға түсіп, бірі – стомотология, ал енді бірі – гинекология бөлімінде аталмыш жоғары оқу орнының білікті сала мамандарынан білім алып шығып, 1991 жылы туған елге оралады. Туған халқының денсаулығын нығаюуына үлестерін қосуға еңбек етеді.
Арада жылжып, ай мен жыл өтті. Кешегі жас мамандар алғаш аудандық ауруханаға келгенде бауырына басып, ақыл-кеңесін берген ұстаздарының бүгінде қатары сиреді. Тіпті, қазіргі таңда өздері сол аға-апаларының орнын басты деуге болады.
Алмас Жұбанұлы бүгінде ауданның бас стомотологы, амбулаториялық емханалық қызметі бар аудандық емханада стомотология бөлімшесінің меңгерушісі, бөлімде қызмет ететін 10-ға жуық маманның ақылшы ұстазы. Ел әлеуетінің өсіп-өркендеуіне қосқан перзенттік парызы үшін ол ҚР-сы Президенті сайлауларында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан екі рет алғыс алса, 2017 жылы тәуелсіз еліміздің медицинасын дамытудағы қажырлы еңбегі үшін «ҚР-ның еңбек сіңірген дәрігер-стомотологі» төсбелгісімен, бірнеше рет облыс және аудан әкімдіктері мен салалық басқармалардың құрмет грамоталары және алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен бірге, білікті сала маманы «ҚР-сы Тәуелсіздігіне–20, 25 жыл» мерекелік медальдарының иегері атанды.
А.Қаржаубаев майталман маман аудан жұртшылығына тек медицина саласының білгірі ретінде ғана емес, өңірімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға да белсене аралысып жүрген азамат ретінде танылған тұлға. Бүгінде оның «Абылай» шаруа қожалығы мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасы бойынша несие алып, 70-тен астам мүйізді ірі қара малын асылдандыру бағытында жемісті еңбек етуде. Екі отбасыны тұрақты жұмыспен қамтып, олардың толықтай жұмыс істеуіне жағдай жасауда. Сонымен бірге, Қамбар ата тұқымын да көбейтуге еңбек етуде.
Алмас Қаржаубаевтың тағы бірі қырына тоқталар болсақ, ағамыз аудандық мәслихат депутаты, аудандық қоғамдық кеңес мүшесі және аудандық «Қармақшы-Даму» кәсіпкерлер бірлестігінің төрағасы ретінде өңір дамуының өркендеуіне сүбелі үлесін қосып келе жатқан атпал азамат. Туған халқының әлеуетін арттыру мақсатында аудандық депутат ретінде өзі сайланған учаске сайлаушыларының мұң-мұқтажын құзырлы органдарға дер кезінде жеткізіп, оның орындалуына аянбай еңбек етуінің арқасында ел құрметтеген халық қалаулысы атанды.
Ал, енді «аудан сәбилерінің анасы» деген үлкен құрметке ие болған Раяш Шәкенқызының туған еліне сіңірген еңбегі жайлы айтар болсақ, 1991 жылдан бері ауданда дүниеге келген сәбилеріміздің тең жартысы осы аялы алақан иесінің қолымен жарық дүние есігін ашты десек артық айтқандық емес. Расында да, майталман маманның 31 жылдан бері бар саналы өмірін арнап келе жатқан мамандығы бойынша талай баланың екінші анасы атанды.
«Еңбек – түбі береке» дегендей, еңбек ешқашан елеусіз қалмайды. Міне, Раяш Шәкенқызы да өзінің өмірлік жары Алмас Жұбанұлы сияқты туған елінің өсіп-өркендеуіне арнаған ерен еңбегі үшін көптеген алғыс пен мадақтамаларға ие болған білікті маман. Киелі өлке тұрғындарының денсаулығын нығайтуға қосқан жемісті еңбегі үшін 2016 жылы ҚР Құрмет грамотасымен марапатталса, алдыңғы жылдарда ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, сонымен бірге облыс, аудан әкімдерінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттарына ие болды. Ал, 2014 жылы аудан әкімінің «Жылдың үздік дәрігері» номинациясының иегері атанды.
– Біз бақытты ұрпақпыз. Олай дейтінім, біз ғасырлар бойы ата-бабамыз армандап өткен тәуелсіздікке қол жеткізіп, сол арман еткен қоғамда өмір сүріп келеміз. Лайымда осы күніміз ұзағынан болғай. Расында да, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының ортасында Ақтөбе өңірі қазақтарының ұйымдастыруымен сталиндік саясатқа қарсы өткізген «Қарақұм көтерілісінде» хабарсыз кеткен атам Қаржаубай, 1939 жылы Отан алдындағы азаматтық парызын атқарып жүрген кезінде КСРО мен Финляндия мемлекеттері арасында өткен соғысқа қатысушы, сондай-ақ Ұлы Отан соғысында, яғни 1943 жылы өзі қызмет еткен әскери бөліммен бірге неміс шапқыншыларының тұтқынына түсіп, 1945 жылы АҚШ әскерінің көмегімен босанып елге келген, бірақ сол кездегі солақай саясаттың салдарынан «халық жауы» ретінде еліміздің Қиыр Шығысында жапон елімен өткен соғысқа қатысып, аман-есен елге оралған Жұбан майдангердің ұрпағымыз. Соғыс жылдарында Қызылтам елді мекені тұрғындары арасында «кендірком» аталып кеткен, яғни кендірден есілген арқан шығарған комбинаттың бастығы, үш жүзге пір атанған әйгілі Марал ишанның қалпесі болып қызмет еткен Есенбай атамыздың баласы Айдарханның қызы Дәмеліден өрбіген 8 ұл-қыз бүгінде тәуелсіз еліміздің өсіп – өркендеуіне сүбелі үлесімізді қосып келе жатқан жайымыз бар. Ата-анамыз медицина саласында еңбек етпегенімен, жоғарыда айтып өткенімдей, Марал ишанның қалпесі, емшілік қасиетімен елге танылған нағашы атам Есенбайдың ұрпағымыз. Міне, бүгінде Қаржаубаевтар әулетінде туған апайым Тұрар және мен, жарым Раяш, сонымен бірге қызым Зухра мен кіші ұлым Абылайхан медицина саласын таңдадық, – деді А. Қаржаубаев.
Иә, адамзат баласы бұл фәниге пенде болып келген соң, әрине, ұрпақ өрбітіп, олардың өзі өмір сүрген қоғамнан орындарын нықтап табуына еңбек етуі тиіс. Бұл ретте, мақала кейіпкерлері Алмас ағамыз бен Раяш апайымыз қалыс қалған емес. Тұңғышы Спартак Ақтау қаласында отбасымен тұрып жатса, қызы Зухра да жанұялы. Қазіргі таңда Қызылорда қаласындағы облыстық медициналық орталықтың нейроинсульт бөлімінде невропотолог әрі доплер Узи дәрігері болып қызмет істеуде. Ортаншы ұлы Талғат жоғары білімді маман, қазіргі таңда отбасылық шаруашылықты басқарады. Яғни «Абылай» шаруа қожалығының барлық шаруасы оның басқаруында. Ал, оның жары, отбасының инабатты келіні Анар болса енесі Раяш Шәкенқызының қолқанаты. Сондай-ақ, отбасының кішісі Абылайхан Ақтөбе қаласындағы мемлекеттік медициналық академиясының 5-курс студенті. Балаларының барлығы да жоғары білімді.
Мен өткен сенбі күні кешке Алекеңнің отбасында болдым. Ол кісі бөлмесінде «Астана» арнасындағы жаңалықтарды тамашалап отыр екен. Жөн сұраса отырып, ауыл ахуалына да назар салдық. Ел жаңалықтарын да сараладық. Оңтүстік Кореяда өтіп жатқан қысқы олимпиадада ел намысын қорғап жүрген қазақстандықтардың өнері жайлы айттық. Тіпті, Сыр медицинасындағы толымды жаңалықтармен де таныстырды. Отбасылық шаруашылықтың жаңалықтарына да қанықтырды. Әңгіме арасында Раяш апайымызды сұрап едім. Ол маған күле қарап: «Ә, манадан бері сені неге жан-жағына алаңдап отыр десем,қайын апаңды іздеп отыр екенсің ғой пәтшағар. Апайың қазір Қызылорда қаласында, біліктілігін арттыруға кетті. Бүгін тест тапсырып жатқан шығар. Бірер күннен соң келіп те қалар», – деді әңгіме артын әзілге айналдырып. Алекең екеуміз түннің бір уағына дейін әңгімелесіп отырып қалыппыз. Сағат тілі түнгі 12-ден асып түсіпті. Ағайдың жүзінен мен шаршаңқылықты көрдім. Сәлден соң мен де үйіме қайттым.

Нұрбай ӘБІЛАХАТҰЛЫ,

«Қармақшы таңы».

Просмотров: 111 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]