Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



15:15
МАМАН МЕРЕЙІ

Басы ауырып, балтыры сыздамайтын адам жоқ. Сондайда алдымен Алладан, онан кейін ақжелеңділерден дертімізге дауа сұрайтынымыз анық. Талай жанды сырқатынан сауықтырып, дертіне дауа дарытып, елдің алғысына бөленіп жүрген абзал жандар қашан да ел абыройы. Өзінің біліктілігімен, білімімен мыңдаған жанға өмір сыйлаған сондай мамандарды ел ішінде «алтын қолды дәрігер» деп дәріптеп, құрмет-қошеметке бөлеп, ілтипаттарын білдіріп жатады. Ақ желеңіне дақ түсірмей, көпшіліктің ықыласына ие болып жүрген сондай жанның бірі – Шынжырбай Оразмаханұлы. Ол – өзінің дәрігерлік еңбек жолында қаншама жанды ажал аузынан арашалап, халықтың құрметіне бөленіп жүрген майталман маман.
Есімі ел арасында кеңінен танымал Шынжырбай Оразмаханұлы – жоғары санатты нейрохирург дәрігер, облыстық медицина орталығы нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі. 20 жылдан астам еңбек өтілі барысында ол мидағы ісіктер мен жедел гематомаларына, омыртқа бағанасы жарықтарына, перифериялық нерв жүйесіне күрделі оталарды жасауда талмай ізде­ніп келеді. Өзінің негізгі жұмысымен қатар, аудандарда жоғарыда аталған ауру түрлерінен емдеуде мамандандырылған медициналық көмек көрсетіп келеді. Жылына 40-қа жуық күрделі ота жасайды.
Шынжырбай Оразмаханұлы 1968 жылы Шиелі ауданындағы Ақмая ауылында дүниеге келген.

1985-1993 жылдар аралығында Ақтөбенің мем­лекеттік медицина институтын «Емдеу» маман­дығы бойынша бітірген. 1993-1994 жылдар аралығында облыстық ауруханада хирургия мамандығы бойынша интернатурадан өткен.

Шынжырбай Оразмаханұлының қиындығы мен машақаты мол дәрігерлік мамандыққа деген қызығушылығы бала күнінен басталады. Жетінші сыныпта оқып жүргенде әкесі қатты ауырып, операцияға түседі. Бала Шынжырбай әкесіне қарайласып, жарасын таңып, қолғабыс етеді. Сол кезде Шиелі аудандық ауруханасының бас дәрігері болып қызмет атқаратын Өтеген Жәленов деген кісінің әкесіне көрсеткен қамқорлығы, дәрігер ретіндегі қызметі бала қиялын болашақта дәрігер болсам деген арманмен ұштастырған еді.

– Өтеген ағаның түрі қатал болып көрінетін, бетіне тура қарауға именетін едік. Аудан орта­лығынан ауылға жиі қатынап, менің әкемнің хал-жағдайын бақылап жүрді. Үнемі әкемнің жанынан табылатын маған бір келгенінде «Бола­шақта сен дәрігер боласың» деп қадап айтты. Ол кісінің осы бір ауыз сөзі сол күннен бастап менің құлағымда қалып қойды. Сонан дәрігер болуды армандап, өзімді осы мамандыққа дайындай бас­тадым, – дейді ол.

Сонан жоғарыда айтып өткеніміздей, мек­тепті бітірген соң ол Ақтөбе мемлекеттік медицина институтына оқуға түсіп, оны ойдағыдай бітіріп шығады. Еңбек жолын 1994 жылы Қызылорда медицина училищесінде анатомия пәнінің мұғалімі қызметінен бастайды.
1995 жылдың мамыр айынан бастап облыстық медицина орталығының нейрохирург дәрігері, 2006 жылдың маусым айынан бастап нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі қызметін атқарып келеді. Бүгінде қандай жетістікке жетсе де, Шынжырбай аға оны медицина майталмандары, ұстаз ағалары Тұрғанбай Маханов, Абдулла Шүленбаевтардан алған тәлім-тәрбиесінің жемісі деп біледі. Сондай-ақ, нейрохирургия саласында Виталий Пак, Серік Ақшолақов сынды мамандардан үйренгенінің көп екенін айтудан жалықпайды.

Шынжырбай Оразмаханұлы білікті дәрігер ғана емес, сонымен бірге ізденімпаздығымен, өз ісіне деген жоғары жауапкершілігімен, маман­дығына деген адалдығымен өз ортасында абыройлы. Ол сонымен бірге ізінен ерген жас буын әріптестеріне нейрохирургияның қыр-сырын үйретуден, тәжірибе алмасудан жалық­пайтын жан.

– 2006 жылы Виталий Пак және Филипп ­Федорович Алхазов сынды мамандарымыз түрлі себептермен жан-жаққа кетті. Нейрохирургтардан мен ғана қалдым. Үш жыл еңбек демалысына шықпастан жұмыс істедім. Бірте-бірте жас­тар келе бастады. Жастардың келгеніне қатты қуандым. Бар білгенімді, жинаған тәжірибемді соларға үйретуге тырыстым. Бүгінде сол жас мамандар білікті дәрігер болып, абыроймен қызмет етіп жүр. 4 шәкіртім бар деп қуанып отырамын. Қанат Наддинов, Алмас Әбдіқали, Марат Алматов және Нұржан Байдүйсенов, ал балалар нейрохирургиясы бойынша Аманжол Айдын, Қанат Медетбаев деген дәрігерлеріміз бар. Бүгінде біз үлкен командамыз. Күрделі оталардың 90 процентін өзіміз жасаймыз, – дейді Шынжырбай Оразмаханұлы шаттана. Қуанатындай, мақ­танатындай жөні бар, әрине. Өйткені, шәкірт жетістігі – ұстаз мерейі.

Білікті дәрігердің осындай үлгілі қасиеттері, өнегелі істері лайықты бағасын алып та жүр. Атап айтқанда, ҚР Құрмет Грамотасымен, «Ден­саулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталса, 2011 жылы облыс әкімінің стипендиаты, 2013 жылы «Жылдың үздік маманы» атағына ие болған.

Жуырда ғана ер жасы – елуге толған майталман маман, білікті дәрігер, абыройлы азаматтың шекпенінен әлі талай талапты жастың қанаттанып ұшатынына сенім мол. Күрделі оталар жасаудың шебері Шынжырбай Оразмаханұлының шәкірт­теріне деген ұстаздық сүйіспеншілігін, ағалық ақ ниетін көріп, осындай ой орнықты бізге.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы».

http://syrboyi.kz/tagilim/19414-maman-merey.html

Просмотров: 576 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]