Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты
Главная » 2017 » Қазан » 11 » Мақсұт Құлжанов, «республикалық медицина палатасының» басқарма төрағасы: БҰЛ ЖҮЙЕ БИЗНЕСКЕ АУЫРЛЫҚ ТҮСІРМЕЙДІ
14:38
Мақсұт Құлжанов, «республикалық медицина палатасының» басқарма төрағасы: БҰЛ ЖҮЙЕ БИЗНЕСКЕ АУЫРЛЫҚ ТҮСІРМЕЙДІ

Қазір міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін кейінге шегеру мәселесі қызу талқыланып жатқаны белгілі. Сіз бір сөзіңізде «бизнес міндетті сақтандыру жарнасын төлегеннен ұтылмайды» депсіз. Осының себебін түсіндіріп берсеңіз...
– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу мерзімін кейінге шегеру мәселесі қоғамдық пікірталас өзегіне айналды. Бірақ заң қабылданды, оны парламенттің қос палатасы мақұлдады, мемлекет басшысы қол қойды. Кейін тағы жарты жыл бойы талқыланып, өзгерістер енгізілді. Талқылауға қатысқандар арасында бизнес өкілдері де бар. Ең бастысы, жұмыс берушілерге, жеке кәсіпкерлерге түсетін жүк жеңілдетілді. Былайша айтқанда, заңның айта қоярлықтай олқылығы болған жоқ деп ойладық. Дегенмен «өзін-өзі жұмыспен қамтыған топтар сақтандырудан тыс қалуы мүмкін» деген пікірден кейін президент осы мәселені шешіп алуды ұсынған болатын. Алайда президент міндетті сақтандырудың қажеттігін де жоққа шығарған жоқ. Осыны ұмытпауымыз керек. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың жалпы саны бүгінде шамамен 2,7 миллионға жуықтайды. Әрине, бұл белгілі бір қиындықтар тудыруы мүмкін. Бірақ бұл жүйе бизнеске ешқандай ауырлық түсірмейді. Неге? Олар төлейтін жарна мөлшері әлемдегі дамыған елдермен салыстырғанда 3-5 есе төмен. Ол жақта жұмыс беруші 5-7 пайыз көлемінде жарна аударады. Ал бізде денсаулық сақтау саласына ішкі жалпы өнімнің 1,9 пайызы ғана беріледі. Оған қоса, шетелдердің ішкі жалпы өнімін де біздікімен салыстыруға болмайды. Қазақстанда жұмыс берушілер төлейтін жарнаның ең жоғарғы мөлшері 3-ақ пайыз. Бұл экономикалық секторға әсер ете қоятындай сома емес. Ал дау тудырған өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды бірнеше топқа бөлуге болады. Олардың арасында ауыл шаруашылығында табысты жұмыс істеп жүргендер бар. Малы бар, өзін-өзі қамтып отыр. Ол салық төлемейді, балалары мектептер мен университеттерде тегін оқып жатыр. Өзі ауырып қалған жағдайда ауруханаға барып тегін емделеді. Енді бір топ – күн сайын жолаушы тасымалымен айналысатын таксистер. Олар да салық төлемейді. Алматыға күніне сырттан 200 мың көлік кіреді екен. Соның үштен бірі жолаушы тасымалын кәсіп қылған. Бұл топты мүлдем жағдайы жоқ, кедей деуге келіңкіремейді. Сонымен қатар шын мәнінде жұмыс істемейтін, мұқтаж жандар да бар. Яғни осы жағдайларды ескеріп, ақ-қарасын анықтайтын болсақ, 2,7 миллионның қатары едәуір азаяр еді. Жалпы, бұл медицинаның бас қатыратын мәселесі емес. Онымен экономика секторы, салық органдары, әлеуметтік органдар айналысуы тиіс. Бір мысал келтіре кетейін. Біз осы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін түсіндіру мақсатында барлық облыстарды араладық, сол өзін-өзі жұмыспен қамтығандармен сөйлестік. Жұртшылық жүйеге дайын. «Жылына 15-17 мың теңге төлеп, барлық медициналық қызмет түрлерін пайдаланамыз» деп қуанып отыр. Себебі ауырып қалған күннің өзінде, бір жылдың ақшасын төлеп, сақтандырудың қызығын көруге болатынын түсініп отыр. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың төлейтіні – 1414 теңге. Ойлап қарасақ, қазір 1000 теңгеге 3-4 қорап темекі ғана ала аласың. Меніңше, міндетті сақтандыру жүйесі денсаулық саласын тұрақтандыруға, дамытуға үлкен үлес қосады. Сондықтан денсаулықтан аянудың қажеті жоқ.

– Жарна мөлшері төмен дедіңіз. 18 миллион халықтың сұранысын қанағаттандыруға қордың қаржылық жағынан мүмкіндігі бола ма?
– Бұл басқа мәселе. Қорға төленетін жарна мөлшері төмен. Былайша айтқанда, қаржының аздығынан қор халық алдындағы міндеттемелерін толық орындай алмауы мүмкін. Батыс елдерінде сақтандыру қоры ішкі жалпы өнімнің 15 пайызын алып отырады (оның 8 пайызы жұмысшылардан, 7 пайызы жұмыскерден). Бұл азаматтардың сұранысын толық қанағаттандыруға жеткілікті. Ал біздегі 1-2 пайыз өте аз, әрине. Себебі адамдардың медициналық қызметтерге деген сұранысы өте жоғары. Қазақстан – экономикалық жағынан әлсіз емес, мұнай өндіретін ел. Бірақ халқының денсаулық деңгейі төмен. Біздің еліміз денсаулық индексінде 190 елдің ішінде 111-ші орында тұр. Тым болмаса жүздіктің де ішіне кіре алмай отырмыз. Өйткені халықтың сырқаттану деңгейі жоғары, оған ана мен бала өлімін қосыңыз. Онкологиялық аурулар да жыл сайын көбейіп барады. Қорға жиналған қаражат оған жетпей қалуы мүмкін. Ал сақтандырылған адамдар медициналық көмекті толық көлемде талап етеді. Осы жағынан қиындық туындауы мүмкін.

– Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, салаға қаржы жетпейді. Өткенде министр «сақтандыру енгізілмейтін болса, жақын болашақта отандық медицинадан айырылып қалуымыз мүмкін» дегенді айтты...
– Денсаулық сақтау саласына қаржы жетіспейтіні жасырын емес. Министрліктің мәліметіне сүйенсек, кепілдендірілген тегін медициналық көмекке 451 миллиард теңгеге жуық (38 пайыз) қаражат жетіспейді. Атап айтқанда, стационарлық көмекке – 61 млрд, консультативтік-диагностика қызметіне – 51 млрд, амбулаторлық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге – 41,9 млрд, онкология қызметіне 37 млрд теңге жетпейді. Салдарынан азаматтар көптеген қызметтерді сатып алуға мәжбүр. Соңғы кезде қазақстандық пациенттердің қалтасынан шығатын шығын денсаулық саласы бюджетінің 39 пайызына тең болып тұр. Жалпы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша, денсаулық сақтауға ішкі жалпы өнімнің кем дегенде 5 пайызын бөлу қажет. Осы 4-5 пайызды барлық ел бөліп отыр. Өзбекстанның өзі 4 пайыз бөледі. Қырғызстанда 3,5 пайыз. АҚШ сынды алпауыттар денсаулық сақтау саласына ішкі жалпы өнімінің 17 пайызын береді. Ал бізде 1,9-ақ пайыз. Сондықтан министр міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың денсаулық сақтау саласын қаржыландырудың қосымша көзі, медициналық көмекпен қамту жүйесінің жағдайын жақсартуға көмектесетін жүйе екенін айтады. Сапалы медициналық көмек дегеніміз не? Ол – білікті көмек көрсететін дәрігер мен медбике, сапалы да қолжетімді дәрі-дәрмек, тиісті құрал-жабдықтар, техника, қосымша материалдар, ғимараттар. Бізде аурухана салынды, дәрігер бар, мәселе шешілді деп ойлайтындар баршылық. Денсаулық саласы конвейерді сатып алып, тетігін бассаң тоқтаусыз жұмыс істейтін зауыт емес қой. Бұл жерде ішкі жалпы өнімнің 2 пайызымен сапалы медициналық көмек көрсету мүмкін емес. Қазіргідей қаржыландыру деңгейімен ұзаққа бармаймыз. Ал біздің үкіметте қаржыны көбейтуге мүмкіндік жоқ.

– Халық денсаулығы нашар дедіңіз. Оның себебі неде? Бәлкім, аурудың алдын алуға ден қою қажет шығар?
– Жалпы, халықтың денсаулығы белгілі бір индикаторлар арқылы анықталады. Ең басты индикаторлар – жүрек-қан тамыры жүйесінің аурулары, онкология, диабет, жұқпалы аурулар, ана мен бала өлімі, СПИД, туберкулез. Осының бәрін зерттей келе, елдің жалпы иерархиядағы орны анықталады. Бізде жүрек-қан тамыры ауруларынан болатын өлім-жітім көрсеткіші Францияға қарағанда 5-6 есе көп. Онкологиялық жағдай одан тәуірлеу. Ал Францияда онкологиялық аурулармен ауыратын адамдар саны көп болса, жүйесінің де, одан қайтыс болатындар саны да аз. Себебі француздарда аурудың алдын алу мәселесі бізге қарағанда жақсы шешілген. Бізде қатерлі ісікке шалдыққандар 3-4-стадияда анықталып жатады. Бұл – бір үлкен проблема. Бұрын ілуде бір кездесетін диабет те кейінгі кезде жасарып барады. Балалар арасында соңғы екі жылда диабет екі есе, жасөспірімдер арасында 2,6 есе артқан. Неге? Себебі балалар дұрыс тамақтанбайды, фаст-фуд жейді, кока-кола, пепси-кола т.б. сияқты зиянды сусындарды көп ішеді. Мектепте балаларды тамақтандыру дұрыс жолға қойылмаған. Бұл болашақта үлкен қаржылық ресурсты қажет етпек. Егер осы мәселені қазірден бастап шешпейтін болсақ, ертең мүгедектер саны көбейіп кетуі мүмкін. Бүгін денсаулық саласына бөлініп отырған 1 трлн-ға жуық қаржы, әлбетте, оның жұмырына жұқ болмасы анық. Жоғарыда айтылған мәселелердің тағы бір себебі – профилактикаға көңіл бөлінбеуі. Денсаулық сақтау министрлігінің түрлі скринингтері бар. Оны біреу білсе, біреудің бұдан мүлдем хабары жоқ. Білсе де тегін болғандықтан, халық оған көңіл бөлмейді. Егер соны елдің бәрі пайдаланатын болса, ұлттың денсаулығы жақсарар еді. Қазақ «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеу» қажеттігін әлдеқашан айтып қойған. Десе де, жұртшылық арасында денсаулығына көңіл бөліп, дұрыс өмір сүруге дағдыланғандар көп емес. Халықтың жалпы білім деңгейі жоғары болғанымен, медициналық сауаты төмен болып тұрған жайы бар. Әлі күнге емшіге, бақсы-құшынашқа сенеді. Оны көтеру үшін салауатты өмір салтын насихаттап, профилактиканы насихаттау қажет. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры алдағы уақытта осы профилактика мәселесіне ден қоюды жоспарлап отыр. Бұл құптарлық дүние.

– Қазір кейбір сарапшылар Қазақстанда сақтандырудың мүлдем жаңа үлгісін ұсынып жатыр. Олардың ойынша, салада бәсекелестік болуы үшін тізгінді жекеменшік сақтандыру компанияларының қолына беру керек. Осыған қатысты пікіріңізді білсек?
– Жекеменшік сақтандыру жекеменшік сала үшін тиімді. Бірақ жекеменшік сақтандырудың құны қымбат, көп қаржыны талап етеді және оны пайдалануға екінің бірінің жағдайы келе бермейді. Сондықтан біздің еліміз үшін ең дұрысы – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру. Оған мемлекеттік емдеу мекемелері де, жекеменшік клиникалар да қатысады. Сонда медицина саласында шынайы бәсекелестік пайда болады. Адамдар қалаған жеріне барып емделеді. Емге кеткен шығынды әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры төлеп береді. Тиімді емес пе? Оның үстіне ондаған сақтандыру қорын бақылағаннан гөрі жалғыз қорды бақылау үкіметке де жеңіл болары сөзсіз. Сондықтан, меніңше, біздің елімізде тізгінді жекеменшік сақтандыру компанияларына беруге болмайды.
Сұхбаттасқан Шынар ӘЛЖАНОВА
http://zhasalash.kz/kogam/20889.html

Просмотров: 30 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]


Бұл сайт жөніндегі деректер сайт туралы ақпаратта орналасқан.