Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



15:52
ИНСУЛЬТ НЕГЕ «ЖАСАРЫП» БАРАДЫ?

Бұл тақырыпты зерттеу мақсатында облыстық медицина орталығына арнайы бардық. Өйткені, инсульт бөлімшесі Қызылорда облысында 3 жерде бар. Бірі – осында, екіншісі – қалалық ауруханада, үшіншісі – Қазалы теміржол ауруханасында.

Кіре бере менің басты сұрағымның жауабы анықталғандай болды. Сырт киімді қалдыратын орында бәрімізге таныс әрі қалыпты жағдайды байқадым. Киім алуға асыққан апай жанындағы адамда қағып өтті. Ол да қарап қалмады, «абайлап жүрмейсіз бе» деп қатқыл сөйлеп, суық жүзбен бір қарады. Байқадыңыз ба? Адамдар ашулы. Ішіне әлденені толтырып алған шар сияқты, тиіп кетсең жарылады. Мұндайда оның ішіне жиып алған күйзелісі, артық ой, өзіне деген сенімсіздік пен жұртқа деген реніші әсіре көп болса, әлгіндей бір-екі сөзбен сыртқа шыға қоймайды. Миында, қан тамырларында «жарылыс» жасайды. Бұл «төңкерістің» аты – инсульт. Қол-аяғының ұйығанын дұрыс ұйықтамағаннан көріп, атауларды, тіпті өз есімін дұрыс айта алмағанын шаршағаннан деп жүре беретін адамдардың науқасы өзінен-өзі «жазылып кетпейді», «уақыт емдемейді». Егер дәл осындай белгі байқалып, 3 сағат ішінде көмек көрсетілмесе инсульттің қақпаны дайын. Ал қақпан өмір бойғы мүгедек етеді не о дүниенің хабарын әкеледі. Република бойынша инсульт «жасарып» барады. Бұрын 80-90 жасты алқымдаған қарттардың кеселі болса, бүгінде 20 жастағы ұл-қызың да басын ұстап, бүктетіліп құлауға дайын. Облыстық медицина орталығындағы нейроинсульт бөлімінің меңгерушісі Рүстем Баешов мұның себебін тарқатып айтып берді.

Облыста бұл диагнозбен емделушілер саны өткен жылғыға қарағанда көп. Күніне 3-4, ең көбі 7-8 адам қабылдап аламыз. Науқастардың ең үлкені 82-83 жаста. Ал ең жас емделушіміз – 1995 жылы қыз дүние есігін ашқан. Өткен жылы 1200-ден аса адам осы диагноз бойынша емделді. Тамыр да резеңке секілді, тозады, қанның қысымына шыдамай жарылады. Ал оның басты себебі – дұрыс тамақтанбау, күйзеліс, анемия, қан қысымы. Науқастарды әсіресе, кешкі, түнгі мезгілде көп қабылдаймыз. Өйткені, адамдар кешке майлы әрі көп мөлшердегі аспен тамақтанады да, бойына сіңірмей ұйқыға кетеді. Ұйықтаймын деген ниеті болғанмен, құнарлылығы көп тамақ бауырдың жұмысын қиындатып, қан айналымын бұзып, демалдырмайды. Мұндайда қан қысымы көтеріледі. Бойында дерті бар адамдардың миына «шабуыл» басталады. Ақырында тамырда тромб тұрып қалады не жарылады. Әлгінде айтқан 3 сағаттың маңызы зор. Әдетте адамдар «қазір басылады» деумен-ақ бұл уақытты өткізіп алады. Асқазанның сұрағанын іздеп, ойланбай ас ішіп, артық салмақ жинамаңыз. Қандағы жоғары холестерин, қанттың жоғары көрсеткіші, артық май мөлшері осы дертке шалдықтырады,-дейді дәрігер.

Компьютерлік томография қолданысқа енгелі бері адамдардың да, мамандардың да анықтай алмай жүрген инсульті тайға таңба басқандай білінетін болған. Мұның алдында дәрігерлер дерттің дауасын ұзақ уақыт таба алмай, тіпті басқа диагноз қойып, ем жасайтын. Компютерлік томография келгелі инсультпен ауыратындар нақтыланып, республика бойынша статистика атқақтап шыға келгені содан. Мұндай құрылғы, Қазалыда да, қалалық ауруханада да бар. Ал нейрохирург маман облыстық медицина орталығында ғана. Ол тамырдағы тромбтың үлкен-кішілігін, тереңдігін анықтап, ем қолданады. Сондықтан, коматозды күйдегі науқастардан бөлек, емделушілердің барлығы осы орталыққа ағылып келеді.

Байқасақ, ауруды кейде «қолдан жасаймыз». Тұрмыстық проблема, әлеуметтік мәселелер де денсаулықтың – жауы. Бірақ, көбімізге шыдам, қанағат, түсіністікпен қарау дейтін қасиеттер жетіспейді. Сондықтан бойымызда ашу, көңілімізде дық бар. Ол түйткілдің түбі – инсульт.

Айдана ЖҰМАДИНОВА

https://aqmeshit-zhastary.kz/zanalyk/ruhaniyt/45-insult-nege-zhasaryp-barady.html

Просмотров: 212 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]