Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



09:02
ЕРІККЕН ЕМШІГЕ СЕНУГЕ БОЛМАЙДЫ

- Қазір емші көп. Бірақ «емшімін» деп елді алдап жүргендер де жетерлік. Дәстүрлі халық емі соңғы 25 жылда қай деңгейге көтерілді? Денсаулық сақтау саласын дамытуға қаншалықты үлес қосты? Көзі ашық елдің алдау-арбауға тез түсетіндігінің себебі неде? Осындай бірқатар мәселелер жайында Денсаулық сақтау министрлігінің Халық медицинасы жөніндегі бас маманы, Құртқа тәуіп атындағы академияның президенті, Қазақстан медицина университетінің «Шығыс медицинасы» кафедрасының меңгерушісі, академик, Республикалық «Халық және рухани емшілері» орталығының директоры Шәкен Мұқанұлымен әңгімелескен едік.

– Түркітектес халықтар емшілерінің дәстүрлі құрылтайы тұрақты өткізіліп тұрады. Жуырда өткен құрылтайдың бұған дейін өткен жиындардан айырмашылығы неде? Нақты қандай мәселелер талқы¬ланды?

– Орта Азия, Еуропадан жиналған емшілердің басын қосып құрылтай өткізудегі мақсат – олардың жұмысын саралап, талдап, жаңаша дамыту, бағыт-бағдар беру. Осы жолғы құрылтай 25 жыл бойы емшілер қандай жетістікке жетті, болашақта қандай жұмыстар атқарылуы керектігіне арналды. Кеңес өкіметі кезінде көлеңкеде қалған қазақ емі тәуелсіздік алған соң кең қанат жайды.
Құрылтайда халық медицинасының дамуына жол ашқан Елбасы тапсырмасын жүзеге асыру жайы кеңінен талқыланды. Тәуелсіздікке дейін арнайы медициналық білімі жоқ емшілерге анатомия, физио¬логияны терең меңгерту мақсатында арнайы мектеп аштық. Шығыс меди¬цинасы факультетінде білікті кадрларды дайындаймыз. Күні бүгінге дейін 137 маман бітіріп шықты.

– Нақты қандай нәтижелерді айта аласыз?

– Бұған дейін табиғаттың берген сыйымен уфілеп емдеп келе жатқан деңгейден ғылыми тұрғыда емдеу жолға қойылды. Елбасы тапсырмасынан соң 11 доктор дайындап шығардым. Он бірі де – дүниежүзілік деңгейде мойындалған мамандар. Қытайда тұратын қандас бауырларымыз: Ердос Нұржан, Кемал Мәушәріп, Гүлниса Оңқай – Құртқа тәуіп, Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының ізба¬сарлары.Көптеген емшіміз «Шапағат», «Құрмет», «Отан», «Ерен еңбегі үшін» төсбелгілерімен мара-патталған.

– Елге белгілі танымал тұлғалар да емшілерге қаралады. Сізге келіп сауығып кеткендерден кімдерді айтар едіңіз?

– Барлығының бірдей атын айтып, түсін түстеп диагноздарын айту дәрігерлік антымызға сәйкесе келмейді. Дінмұхамед Қонаев атамыз көзі тірісінде келіп ем алып тұратын.

– Қазір емдеудің түрлі әдіс-тәсілі, медициналық құрал-жабдықтар заманға сай дамып жатыр. Соған қарамастан, дертінің диагнозын дәл таба алмай сан-далып жүргендер жетерлік. Халық емшілері жаңалықты қажетіне жаратып, орынды пайдаланып жүр ме?

– Қазіргі дамыған академиялық медицинаның негізі халық емінің тамырынан жаралған. Сынықшылар – травматолог, үзу – массаж, шөппен емдеу – фитотерапия, сүлік салу – гиру¬дотерапия. Ата-бабамызда ешуақытта дендеп жайылып кететін инфекциялық аурулар болмаған. Мәселен, көзге қарап 36 түрлі, бетке қарап 32 түрлі ауруды анықтаған.Қазіргі медицина мен емшілік – екеуі егіз ұғым. Бір-бірін толықтырады. Ауруханадан үмітін үзгендердің емшіге келіп емделіп жататындығы сондықтан болса керек. Емханадан келіп емшіден жазылып кетіп жатқандар да көп. Науқас адам ең бірінші қандай қауіпті дерт болса да, аурудың ырқына берілмеуі керек. Диагноз ешқашан адам өміріндегі соңғы үкім емес. Ең әуелі ауру санадан алыстаса, тән қандай дертті болсын жеңіп шығады.
Қазіргі медицинада кеңінен қол¬данылып жүрген аппараттарды игілікке пайдаланып жүрміз. Бірақ тек аппарат нені көрсетсе соны диагноз екен деп түсіну қате. Әр ағза әртүрлі. Ауру да сан алуан. Зерттеу, талдау қажет. Дұрыс диаг¬ноз қойылса, науқасты емдеу де жеңіл.

– Сананы шырмап, алдап арбаумен елдің ақшасына бизнес жасап жатқандар да жетіп артылады. Жалған емшілерге халық көзі ашық болса да неге алданады? «Шетелден емші, тәуіп, көріпкел келеді» десе, ел неге соған қарай ағылады? Біздің емшілерден артықшылығы неде?

– Соңғы 25 жылда халық емшілері де көп нәтижелерге қол жеткізді. Бізден 7376 емші сертификат алды. Оның арасында әртүрлі қауымдастықтар бар. Олар да өз міндетін атқаруы тиіс. Кез келген емшімін дегенге «адам емде» деп айта алмайды. Кімді нақты емші деп айтатын біздің аккредитациялық ор¬талық. Шетелдік көріпкел, емшілердің насихаты мықты. Күні бұрын жарнамасы жер жарған соң жұрт ағылмай қайтсін. Жарнамасы телеарна, радио арқылы насихатталған соң ел имандай сенеді. Емделушілер емшіге барған кезде: «Қандай біліміңіз бар, сертификатыңыз бар ма?» – деп сұрауға ұялады. «Егер маған келіп емделмесең, теріс бата бе¬ремін» дейтіндер де табылады. Одан соң халық сол емшіге қорыққанынан ем¬деледі. Санасын арбап халықты са¬былтудың қажеті жоқ.

– Соңғы жылдары хиджама әдісімен қан алдыратындарды жиі байқаймыз. Хиджаманың пайдасы мен зияны жөнінде не айтасыз?

– Хиджама жасау, қан алудың да әдісі бар. Пайдасы – қанды жаңарту арқылы ағзаны түрлі дерттен сауықтыру. Хиджама арабшадан қазақшаға аударғанда «сору» дегенді білдіреді. Артық қанды алу арқылы денені зиянды заттардан арылтады. Қан алдырудың пайдасы көне заманнан бар, күні бүгінгі медицинада да дәлелденген. Бірақ қазір жаппай хиджама жасатындардың жайы алаңдатарлық дүние. «Бұл емдеудің арабтардан келген әдісі» деп қорада да, базарда да, жертө¬леде де хиджама жасайтындары дұрыс емес. Ең бірінші тазалық қатаң сақталуы керек. Бұрын денсаулық сақтау саласына да жауап берген министр Тамара Дүйсенова: «Егер емшілер хиджама жасайтын болса, сіздің орталықтан рұқсат алатын болсын» деген еді. Қазақ¬станда министрліктің тапсырмасына сәйкес, Республикалық «Халық және рухани емшілері» орта¬лығынан өткен кәсіби емшілердің біліктілігіне құжат, сертификат бер¬гендіктен жауаптымыз. Жауап¬кершіліктің жүгі ауыр.

– Әңгімеңізге рақмет! 

Сұхбаттасқан 

Майра ЖАНЫСБАЙ
https://aikyn.kz/2017/03/02/5659.html 
 

Просмотров: 997 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]