Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты
Главная » 2017 » Қыркүйек » 29 » Дисплазия дендеп барады
19:04
Дисплазия дендеп барады

Самалды егіздері шыр еткен күннен әбігерге салды. Егіз шаранасының бірі туабітті дертті болды. Жас ана шарадай басы шақшадай болып, басын тауға да, тасқа да соқты. Бірақ, асептикалық некроз диагнозы қойылған ұлы жүре алмайтын еді. Анасының құрсағында жатқанда-ақ жабысқан бұл кесел сәбиді кемтар етіп тынды. Қолдан келер қайран не? Дертті баласын дүниенің әр бұрышына сүйреп, арада бірнеше жыл уақытты артқа қалдырды. Дені сау қызы мектепке баруға дайындалып жүр.

Ал жасында ем қонбаған ұлы тар төсекке таңылып жатыр. Дәрігерлер қолынан келгенін жасады, әрине. Бірақ, нәтиже жоқ. Жыл сайын сауықтыру орталығының табанын тоздырып, қажетті ем алғанымен, бала орнынан қозғала қоймады. Бірнеше рет ота жасалды. Сәтсіз шықты деуге келмейді, бірақ сәби жүріп кете алмады. Күнін жылаумен өткізген жас ана баласының болашағын ойлап, көкірегі қарс айырылады.

– Ұлыма туабітті асептикалық некроз деген диагноз қойды. Бұл – дисплазияның бір түрі. Баламның оң аяғының ұршығы мүжілген. Өзім арық болғандықтан, құрсағыма біткен егіздерге қолайсыз болған дейді. Оған қоса жүктілік кезінде ағзаға дәрумен жеткіліксіз болған екен. Егіздің сыңары қызым аман-есен, шауып жүр. Ал ұлымның төсекке таңылып жатқанына бірнеше жыл өтті. Қазір денсаулығы дұрыс болмай, мүгедектік алатын жағдайға келдік. Дәрігерлер екі жақты коксартроз, оң жақ аяғы асептикалық некроз дейді. Негізі кезінде гипс салынған еді. Ал қазір гипсты салмаулары керек еді деп отыр. Әзірге ешқандай ем жоқ, Астана қаласының дәрігерлері 18 жасқа толып, баланың өсуі тоқтаған кезде эндопротездеу отасы жасалынатындығын айтты. Бірақ, жүріп кетуіне еш кепілдік берілмейтін көрінеді. Ұлымның оң жақ аяғының ұршығы мүжіліп шашылып кеткен, ұнтақталған. Жыл сайын емдеу, бейімдеу орталықтары мен санаторияларда емделеміз. Жүре алмайды. Әзірге нәтиже жоқ, - дейді Самал Тұрлашова.

Ә.Жақсылықова, Асфендияров  атындағы ҚазҰМУ-дың  интерні:

– Бүгінгі таңда көбіне кездесетін, қимыл-қозғалтқыш аппаратының туабітті паталогиясы – ол жамбас буынының дисплазиясы. Оған қоса баламалы кеселдер де көптеп кездеседі. Көбінесе ол қыз балаларда, әр үшінші отбасында ұшырасады. Оның шығуы нәресте жамбаспен келіп туылғанда 10 есе жиі болады. Ал негізі дисплазия жүктілікті дәрі-дәрмекпен емдеу кезінде, жүктілікті анықтағанда, токсикоз асқынғанда анықталады. Дисплазия тәжірибеге сүйенсек, барлық елдерде таралған. Нәрестенің аяғын жаялықпен дәстүрге сай қатты байлау аурудың көбеюіне тікелей себепкер. Баланы олай орамайтын халықтарда бұл кесел көп кездеспейді, себебі балалар отырып, аяғын бүгіп, өзін еркін ұстайды. Ал сырқаттың негізгі салдарын тұқымқуалаушылық, әйелдің тұқымқуалаушылық кезіндегі гормональдық бұзылушылықтары, іштегі нәрестенің жамбаспен туылуы, су аздық, ұрықтың ірілігі мен ананың гинекологиялық аурулары құрайды. Алдымен ауру белгілері пайда болғаннан бірден баланы ортопед дәрігеріне қарату керек. Себебі баланың жүруі кешеуілдейді, үйрек жүріс, тіпті жүре алмай қалуы да ықтимал. Сондықтан балаңыздың болашағын ойласаңыз, ертерек дәрігерге қаралғаныңыз абзал.

Ұршық басы дисплазиясы нәресте анасының жатырында жатқан кезінде сүйектері мен жіліктерінің дұрыс дамымауынан пайда болатын көрінеді. Оған кез келген жағдай: анасының жүкті кезінде түрлі аурулармен ауыруы, сәбидің ірі болуы, экологиялық жағдай, дұрыс тамақтанбау – осының бәрі әсер етеді. Мұны дер кезінде емдемесе, бала аяғының кемістігіне, бір аяғының екіншісінен қысқа болуына әкеліп соғады. Ортопед дәрігерлер дертке шалдыққан баланың буындарын сылап, физиотерапия жасап, емдік үзеңгі кигізеді. Ал өз кезегінде ата-аналар да баласының буындарына массаж жасап, қимылдатып отыруы керек. Сондықтан балаңыздың болашағына бейжай қарамаңыз.

Құралай   ВЛАДИМИРҚЫЗЫ

http://www.halyk-gazeti.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=7969:2017-09-28-05-02-09&catid=6:2011-11-18-09-03-06&Itemid=6

Просмотров: 41 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]


Бұл сайт жөніндегі деректер сайт туралы ақпаратта орналасқан.