Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



17:22
Дегдар дәрігер


Абай Қабатайұлы Байгенжиннің қызметтік мәртебелерін, атақтары мен наградаларын қысқаша санамалап шығудың өзі біраз көлемді алған болар еді. Ең негізгілерін атап өтер болсақ, ол – медицина ғылымдарының докторы, «Ұлттық ғылыми медицина орталығы» акционерлік қоғамының директоры, Еуропа жаратылыстану академиясының толық мүшесі, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының комитет төралқасының мүшесі, «Барыс» және «Парасат» ордендерінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ресми атақ-лауазымдарымен бірге жұртшылық оны азаматтық ұстанымы берік адам, өз ісінің кәсіби біліктілігі жоғары маман және беделді басшы, білікті ұйымдастырушы, практик ғалым әрі ұлағатты тәлімгер-ұстаз ретінде жақсы біледі.
Туған жердің әр адамның қалыптасуына және оның азамат болып өсуіне тигізетін ықпалы өте зор. Себебі кіндік қаны тамған туған жер – тек сағыныштың арқауы ғана емес, сарқылмас шабыттың да қайнар көзі. Абай Қабатайұлы Байгенжин 1947 жылдың 27 ақпанында Көкшетау облысының Ботай ауылында дүниеге келді. Ол 1964 жылы Алматыдағы №25 мектепті бітіргеннен кейін, сол жылы Алматы медициналық институтына оқуға түсіп, оны 1970 жылы үздік тәмамдайды. Ақ желең киген арманшыл жастың еңбек жолы осылай басталды. Кемел білім мен еңбекке деген талпынысын қатар ұштастырған жас жігіт аз уақытта өз ортасының құрметіне бөленіп, 1978 жылы Алматы қалалық клиникалық жедел жәрдем ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Енді өз біліктілігін арттырумен қатар оған еңбек ұжымы қызметінің барлық жауапкершілігін де қоса алып жүру міндеті жүктелді. Сол жылы кандидаттық диссертациясын табысты қорғап, көкірек ауруларын емдеудің жаңа тәсілін енгізетін маман болып танылды. Тәжірибе талмас ізденістен туады. Тумысынан зерек әрі ізде¬німпаз Әбекең осы саланың жолына дендеп түсіп, талай жандарды өлімнен арашалап, өмірге қайта оралуына жағдай жасады. А.Байгенжиннің өкпе ауруларының алдын алу немесе оны біржолата сауықтырудың әдістерін әзірлеу мақсатындағы ғылыми ізденістері 1995 жылы өте сәтті қорғап шыққан докторлық диссертациясында жан-жақты көрініс тапты. Дарынды әрі мақсатына ұмтылған жас ғалымның еңбегі лайықты бағаланды және республикамыздың ғылыми медицинасында тағы бір ірі әрі келешегі зор маман өсіп келе жатқандығы туралы әңгіме айтыла бастады.

ХХ ғасырдың соңғы ширегі айтулы да айрықша оқиғаларға толы болды. 1978 жылы қыркүйек айында елдің астанасында Дүние¬жүзілік денсаулық сақтау ұйы¬мының әлемдік деңгейдегі ғы¬лыми-практикалық конференциясы өтіп, ол Алматы конференциясы деген атпен медицина тарихына енді. Сол жылдардағы КСРО-ға тән терең оқшаулану жағдайында бұл «сыртқы әлемге» кездейсоқ ашылған терезедей болып еді. Әлемнің 150 мемлекетінен білікті әрі есімдері дүние жүзіне белгілі ғалым-мамандар келген сол аса ірі халықаралық форум жас әрі жаңашыл дәрігер Абай Байгенжиннің өмірінде өшпестей із қалдырды. Оның 1981 жылы Женева қаласында өткен Денсаулық сақтау ісін ұйымдастырушылардың халық¬аралық курсына шақырылуы кез¬дейсоқ емес еді. Сол жерден ол «Дүниежүзілік денсаулық сақтау саласының шебері» деген құрметті атақпен оралды. Абай Қабатайұлының ұйым-дастырушылық талантына тағы бір сынақ 1988 жылға сәйкес келді. Ол өзі бас болып, барлық жобалау құжаттарын әзірлеп, Аймақтық диагностикалық орталық ашып, соған басшылық жасады. Ол кезде мұндай құрылымды құру дегеніңіз мүлде жаңа әрі беймәлім іс еді, оны жолға қою көп кәсіби және адами қасиеттерді талап етті. Алматы тұрғындары медициналық қызмет көрсетудің жаңашыл әрі баламалы түрін лайықты бағалады, олар осы мекеменің қызметін белсенді пайдалана бастады. Оңтүстік астананың орталық бөлігінде орналасқан бұл денсаулық сақтау ошағы осы кезге дейін халыққа табысты әрі үздіксіз қызмет көрсетіп келеді. Жақсының артында жарқын із қалады деген осы. Еліміз тәуелсіздік алған ал¬ғашқы күндерден бастап Мем-лекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың әлеуметтік-экономи¬калық про-грестің маңыз¬ды факторы болып табылатын денсаулық сақтау саласына көп көңіл бөліп отыратыны белгілі. Оны ұйымдастыру, басқару және қаржыландыру жүйесіне рефор¬ма жасалды. Ең алдыңғы қа¬тарлы жабдықтары бар ондаған медициналық орталықтар салынды. Барлық өңірлерде сапалы медициналық қызмет алу үшін жағдайлар жасалуда. «Елдің болашағы ұлттың денсаулық жағ¬дайына тікелей байланысты» – Президенттің айтқан осы сөздері дәрігер Байгенжин мен оның әріптестері қызметінің арқауына айналған. 
Халықта «көзбен көргенге қол жетеді» деген жақсы сөз бар. Әрине, бұл да адамның қабілет-қарымына байланыс¬ты. Денсаулық сақтау ісінің тәжі¬рибелі ұйымдастырушысы болып алған Абай Қабатайұлы 2001 жылы Астанада ашылған Ұлттық ғылыми медициналық орта¬лықтың құрылуына тікелей атсалысты. Бастапқыда респуб¬ликалық клиникалық аурухана болып ашылған бұл мекеме қазір елордадағы іргелі медициналық орталықтардың біріне айналды. Ғылым мен техниканың ең озық құрал-жабдықтарымен жарақ¬тандырылған бұл орталық қазір өзінің қызметі арқылы елімізде ғана емес, шет елдерге де кеңінен танымал. Өйткені, оның басшысының есімінің өзі осы орталықтың беделін арттырып тұр. Ауру деген аяқ астынан ғой. Мен бұдан тоғыз жыл бұрын қиын жағдайға тап болып, жүрек дертіне ұшыраған едім. Қан қысымым атойлап тулап, жүрек дертінің қаупін одан сайын асқындыра түсті. Сол кезде, Алланың қалауы¬мен шығар, дәрігер Байгенжин менің қасымнан табылды. Ол аяқ астынан келген дерттен жанымды аман алып қалуға себін тигізді. Абай Қабатайұлы күндіз-түні жанымда болып, барлық өзгерістер мен қауіп-қатерлерді тікелей өзі қадағалады, әйгілі кардиохирург Юрий Пямен бірге жүрекке күрделі операция жасауды ұйымдастырып, онымен өзінің маңызды байқауларымен және ұсыныстарымен бөлісті. Біз әдетте «жаныңда жүр жақсы адам» деген сөзді жай айта салуымыз мүмкін. Алайда, бұл сөздер адамның өмірі мен өлімінің мәселесі шешіліп жатқан кезде өзінің аса айрықша мәніне ие болады. Осындайда дәрігерлердің жанқиярлық, кейде елеусіздеу еңбегінің нағыз бағасын сезіне бастайсың, адамдық және дәрігерлік борышына адал олар өздерінің білімі мен білігінің арқасында қиындыққа душар болған адамдарға көмек қолын созады. Кез келген дәрігердің міндеті – әрбір сырқаттың өмірі үшін күреске өзінің жанын салу. Егер сен өз ісіңнің нағыз майталман маманы болсаң, онда сенің игілікті еңбегің қалайда халықтың көңілінен шығып жатады. Абай Қабатайұлы – жігері адамдардың шынайы алғыстарынан қуат алатын, міне, дәл сондай беделдің иесі. Оның көп қырлы әрі тынымсыз қызметінің төркінінде нағыз патриотизм, өз елінің лайықты бүгіні мен жарқын ертеңіне деген қамқорлығы, өзінің азаматтық және кәсіби борышын сезіну қасиеті жатыр. Гиппократтың антына бұл¬жымастай адалдық танытып, халық¬тың денсаулығын іргелі ұлттық идеялардың қатарына көтере білген отандық медицина элитасының көшбасшыларының бірі Абай Қабатайұлы десек, мұнымыз сірә да артық айтқандық емес шығар. Қазіргі күнге дейін Астанадағы Әбекең басқаратын Ұлттық ғылыми медициналық орталықта мыңдаған күрделі әрі ерекше операциялар жасалды. Мұның өзі өмірге қайта оралған мыңдаған ғұмыр, қайта соққан жүрек деген сөз. Қазір үлкендер мен сәбилерге арналған бұл орталықта әртүрлі күрделі операциялар: аорто-коро¬нарлық бекемдеу, жүрек тамырларына қорғаныш стендтер қою, баллондық ангио¬пластикалық ота, ми қатпарларына және омырт¬қаларға күрделі ота жасау жүзе¬ге асатын болды. Әрине, мұның барлығы – қазіргі Қазақ¬стан ме¬дицинасының нақты жетістіктері. Соңғы отыз жылдың кө-лемінде А.Байгенжиннің ав¬торлығымен жүргізілген зерттеулер мен ізденіс жұмыстары тек біздің елде ғана емес, шет елдерге де кеңінен танымал болды. Атап айтқанда, Ресей, Франция, Швейцария, АҚШ, Гер¬мания тәрізді елдерден ға¬лымдар мен мамандар ол жетек¬шілік ететін орталыққа күн құр¬ғатпай ат ізін салып жатады. Тәжірибе алмасу мақса¬тында әріптестері мен серіктес¬терінің шақыруымен өзі де шетелдерде болып тұрады. Ердің атын еңбек шығарады. Ал оның еңбегі елдің жетістігіне айналып отыр. Өзі қол ұшын созған және солардың жақын адамдарының біріне айналған Абай Қабатайұлының атына айтылған алғыстар жеке әңгіме етуге лайықты өз алдына бөлек тақырып. Сонымен қатар, оның еліміздің жоғары мемлекеттік марапаттарына сан мәрте ие болуы да маңызы одан кем емес тақырып. Мереке күндері оның кеудесінде «Барыс», «Парасат» ордендері мен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген құрметті атақтың белгісі жарқырайды. А.Қ.Байгенжин – шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың көптеген атақтары мен наградаларының иесі. 2007 жылы оның Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының комитет төралқасының мүшесі болып сайлануының өзі де көп нәрсені аңғартады. Ресей Денсаулық сақтау минис¬трлігінің қолдауымен «Денсаулық ассамблеясы» қоры оны «Ар-намыс, қайраткерлік, жасампаздық, мейірбандық» орденімен марапаттады. 2009-2010 жылдары оған «Гиппократ» және «Сократ» халықаралық ордендері табыс етілді. Ол – «Еуропаның құрметті ғалымы» атағына да ие. Дәл сол 2010 жылы ол Ұлыбританияның ең жоғары марапаты – «Королева Виктория» орденінің иегері атанды. 2011 жылы Абай Қабатайұлы халықаралық Сократ комитетінің шешімі бойынша «The Name in Science» жоғары титулын алды, ал оның есімі ХХІ ғасырдағы ең үздік ғалымдар кітабының тізбесіне жазылды. Оны тапсыру салтанатты шарасы Лондон қаласында өтті. Абай Қабатайұлының көш¬бас¬шылық қасиеті, ұйымдас¬тыру¬шылық таланты және азаматтық белсенді ұстанымы Астана қалалық мәслихатының депутаты және Медициналық орталықтың қызметкерлерін біріктіріп отырған «Нұр Отан» партиясы филиалының жетекшісі ретінде де оның қоғамдық және саяси қызметінен көрініс тапты. Ол тату-тәтті өмір сүріп жатқан зиялы отбасының басшысы, қамқор әке және ардақты ата. Зайыбы Фания Айдарханқызы екеуі жасыл шалғынның ортасында тамырын тереңге жіберген бәйтеректей өз шаңырағын құрған. Абай Қабатайұлын білетін көптеген адамдар үшін тағдыр оларға тамаша замандасты, ақылман әңгімешіні және сергек те сенімді досты тарту еткені нағыз бақыт деп ойлаймын.

Автор:
Серғалы ҚАСАБЕКОВ. «Егемен Қазақстан».
http://zhardem.kz/news/8322

Просмотров: 876 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]