Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



16:27
БІТІМ – БОЛМЫСЫ БӨЛЕК, ӘЗІЛ – ҚАЛЖЫҢЫ ЕРЕК ЖАН ЕДІ

Адам өмірі мәңгілік емес. Қамшының сабындай ғана бес күндік өмір қас пен көздің арасында тоқтаусыз зымырап өтеді де шығады. Өткен өмірімізге көз жүгіртіп, өмір кітабының беттерін ақтарған кезде мейірімді ісімен, ақкөңіл мінезімен адамдардың жүрегіне жылулық сыйлаған жарқын бейнелер көз алдымыздан кетпейді.

Сондай жандардың бірі ардақты досым, әріптесім Бекназарұлы Болаттың өткен өмір жолы, бүкіл болмыс-бітімі жадымда жаңғырып, енді естелікке айналып отыр. Оның жаратылысы бөлек еді. Мол пішілген денесіне сай ішкі әлемі де кең, маңайлай кеткенді жатырқамайтын жайсаң азамат болатын. Өзгені сыйлай білетін қасиеті, қарапайымдылығы, кішіпейілділігі өзіне жарасымды еді. Оның тұлғалы бейнесі мен өңіндегі жайдары жарқын күлкісі әлі күн­ге дейін есімде.

Оспанов Болат Бекназарұлы 20 ақпан 1954 жылы Қызылорда қаласында қызметкер отбасында дүниеге келген. 1962 жылы қаладағы 1-Май мектебінің табалдырығынан аттап, он жылдықты үздік бағамен бітіріп шықты.

Мектепті жаңа бітірген жігерлі жастың ендігі мақсаты - жоғары білім алу еді. Медицинаны таңдаған қызылордалық жастар, оның ішінде мен де бармын, 1972 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтына емтихан тапсырып, конкурстан ойдағыдай өтіп, оқуға қабылдандық. Қуанышымызда шек жоқ. Жалпы студенттік өміріміз қарбаласқа толы болып өтті. Үкімет бізді тегін оқытты, стипен­дия­сы тағы бар. Мұңсыз-қамсыз болдық. Сырқаттанып қалсақ, тегін емделетінбіз. Үкімет осындай жағдай жасап тұрғанда неге оқымасқа, жанымызды салып оқыдық. Оқу орнының қоғамдық жұмыстарына да құлақ қақпай қатысатынбыз. Оқу, оқу деп оқудан бас көтере алмай жүргенімізде студенттік өмір­дің қалай өтіп кеткенін де байқамай қалыппыз. Дипломды «өте жақсы» деген бағамен қорғап, 1979 жылы елге келдік.

Болат Қызылордаға келісімен, қалалық жедел жәрдем станциясына жұмысқа орналасып, еңбек жолын бастап кетті. Сол жылы Үрзада Рысмаханқызымен отбасын құрды. Өмірлік жан жары Үрзада да Ақтөбе медициналық институтын бітіріп, сол 1979 жылы №1 қалалық емханаға мамандығы бойынша дәрігер болып жұмысқа орналасқан болатын. Екеуі де үлкен жауапкершілікті талап ететін медицина саласының қызметкерлері атанды. Адам өмірінің сақшысына айналған Үрзада мен Болат ұжымдарында табан аудармастан бірі 20 жыл, екіншісі 33 жыл еңбек етті.

Жедел жәрдем қызметі - қаланың дамылсыз соғып тұратын қан тамыры іспетті. Мұндағы дәрігерлердің емхана, аурухана дәрігерлерінен айырмашылығы - олар жан-жақты әмбебап маман болуы қажет. Себебі, жедел жәрдем ауруханаға дейінгі сатыда шұғыл көмектің барлық түрлерімен қамтамасыз етуге міндетті. Науқасқа шұғыл көмек көрсету үшін дәрiгердiң хирургия, травматология, гинекология, педиатрия, токсикология негіздерінен білімі және әйелді босандырып алу тәжірибесі болуы керек. Әрине, бүкіл халыққа жағу оңай емес. Мысалы, қаланың бір шетінен телефон шалып, жедел жетуін талап етеді, барып не болғанын сұраса, “мен ұйықтай алмай жатырмын, ұйқының уколын салыңызшы” дейді. Ал дәл сол кезде қаланың екінші шетінде көлік апаты болып, адам өлімі орын алып жатады. Негізі жылына 400 мыңнан астам шақыру болатын болса, оның 60-70 пайызы жедел жәрдем жұмысына еш қатысы жоқ. Жедел жәрдем негізі түрлі апатты жағдайлар болған уақытта, күйген кезде, жүрегі қысылып өлім жағдайы туындағанда, төтенше жағдай орын алғанда барып қызмет көрсетуі керек. Ал аталғаннан бөлек шақыртулар емхана қызметіне тиесілі. Әр емхана өз учаскесінде есепте тұрған науқастарды аралап, солармен байланыста болуы тиіс. Алайда, шақырту түскен соң, жедел жәрдем баруға міндетті. Кейде тіпті бастарын қатерге тігетін күндер болады. Тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғаймыз деп жүріп итке де таланады, жазықсыз боқтау сөздер де естиді, жәбірленіп жатады. Иә, жедел жәрдем - алғысы аз, арқалағаны ауыр қызмет.

1982 жылы қала халқының саны өсуіне байланысты және осы саланың білікті маманы ретінде Болат Оспанов жаңадан ашылған №1 жедел жәрдем бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Заманның ең қиын кезеңдерінде 33 жыл бойы тынбай, адал қызмет атқарды.

Сол жылдары қалалық дәрігерлік жедел жәрдем станциясының ұжымында барлығы 500-ден астам қызметкер, оның ішінде 57 дәрігер, 200-ден астам орта білімді мамандар жұмыс істеді. Негізгі қалалық жедел жәрдем станциясының Қызылорда қаласы бойынша төрт бөлімшесі ғана болатын: КБИ-де, Шанхайда, Тасбөгетте және қаланың орталық аймағындағы Ә.Бөкейхан көшесінде. Сол кездері жедел жәрдем қызметінде Болат Оспановпен қатар Алмат Байнаев, Айкен Есіркепова, Марал Айтимов, аға дәрігерлер Закира Таширова, Ғалия Нұрсейітова, Анар Сыздықова, Марина Толыбаева, балалар дәрігерлері Роза Арпабаева, Жанар Қалмағанбетова сынды білікті мамандар абыроймен жұмыс істеді.

Ол кездері жедел жәрдем автокөлікпен толық қамтамасыз етілмеген еді. Автокөлік болғанымен олар жиі бұзылатын. Оларға арналған гараж немесе арнайы автотқұрақ болған жоқ, қыстың қақаған суығында далада тұрған автокөлік жедел шақырту түскен кезде от алмай қалып жататын. Байланыс жүйесі де толықтай орнатылмаған. Материалдық-техникалық базаны, дәрі-дәрмек жетіспеушілігін және т.б. Болат Оспанов осындай қиын жағдайлардың бәрін облыс басшылығына жеткізіп, олардың алдына мәселе етіп қойып отырған. Нәтижесінде 2012 жылдары жедел жәрдем станциясы 70-80 пайыз автокөлікпен қамтамасыз етілді. Байланыс жүйесі жолға қойылып, тиісті құрал-саймандар мен қажетті дәрі-дәрмектер, заман талабына сай түрлі керекті аппараттар берілді. Қала халқының көп шоғырланған аумақтарында жедел жәрдем станциясының бөлімшелері кезек-кезегімен ашылып жатты.

- Болат нар тұлғалы, жүзінен мейірім шуағы төгіліп тұратын жайсаң жан еді. Ал, ұйымдастырушылық қабілетін айтар болсам, оның шешпейтін мәселесі болмайтын. Ол «жоқ» деген сөзді қолданбайтын. Жоқтан бар жасап, қиюы кеткен мәселені лезде шешіп беретін еді... Өте ұқыпты, қандай қиын жұмыс болса да сол мерзімде орындап, сылтау айту, екі сөйлеу дегенді білмейтін. Оның қарапайымдылығы, ақжарқындығы мен кішіпейілдігі соншалық кішімен де, үлкенмен де тіл табыса кететін. Жүрген жерінде үнемі әзіл, қалжың айтып, кез-келген жерге сіңіп кететін, - деп есіне алады сол жылдары қалалық дәрігерлік жедел жәрдем станциясының бас дәрігері болған Сағындық Шәмшіұлы.

- Осыдан бірнеше жыл бұрын ұжымымызда бір қызымыз тұрмысқа шығып, үйіне тойға шақырды. Оған бір машине болып бардық. Аса құрметпен күтіп алды. Құттықтап, өлең айтып, би билеп жатырмыз. Сонан үзілістiң кезiнде Болат үй егесінің жанына барып: “Аға қалайсыз, той құтты болсын, не ел боласыз?” деп сұрап жатыр. Ол кісі: “Біз Сумұрын деген ел боламыз, он екі ата Байұлы, кіші жүзбіз” дейді. Сөйтсе Болат: “Ойбай, көке, сіз менің бауырым екенсіз ғой, туысқан екенбіз, сіз Сумұрын болсаңыз, мен Көкмұрын боламын” деп қалжыңдап, ақжарқын, ашық мінезімен әзіл әңгімелер айтып, көпшілікті күлкіге бөлеген еді.

Болат табиғатынан өте қазақымай, өзі ірі денелі болса да қимылы жеңіл, барлық жерге үлгеріп жүретін. Ұжымында да беделді, сыйлы болды. Басшымын деп ешуақытта көкірек көтермейтін. Қоғамдық жұмыстардың үнемі басы-қасында жүретін. Мәселе туындап жатса, дереу шешуге тырысатын.

Бір күні мынандай жағдай болды. Таңертең жедел шақыру түсті. Көлік жоқ. Айналдырған 3-4 машине, олар да шақыруда жүр. Сонымен жағдайдан қалай шығамыз деп, жеке көліктері барларға жалындық, бензин құйып берейік деп. Көлік тауып барсақ, шақырған кісіміз қайтыс болыпты. Содан қиқу арыз, у-шу. Сөйтсек, ол адамымыз түнде масақанада жатқанда қайтыс болған екен. Үйіндегілер таңертең оянбаған соң, жедел жәрдем шақырған. Сонда “сен барып сөйлес” деп Болатты жібергенмін. Ол барып, жағдайды түсіндіріп: “Арыз жазамын десеңіз жазыңыз, бізге жазғаныңыз керек, мүмкін осыдан кейін бізге көлік бөліп, жағдайымыз жақсаратын шығар” деп мәселені шешіп қайтты. Айтайын дегенім, Болат үнемі осындай жағдайлардың басы-қасында жүретін, шешімін тауып, ақкөңіл мінезімен ешкімді ренжітпеуге тырысатын. Халыққа көп қызмет етті.

1999 жылдары бір жылға жуық айлық алмаған күндер болды. Ол кездерде де Болат басқаратын бөлімше қызметкерлері қыңқ етпестен түсіністік танытып, ешқандай дау-дамай шығарған жоқ. Жұмысынан да ешкім шыққан жоқ. Ол да болса Болатты сыйлап, қадірлегендері деп ойлаймын.

Құдайға да жақсы адам керек. Болаттың пайғамбар жасы 63-ке келгені сол еді. Өмір-ай десейші, тағдырға не дауа! Зейнетке шығып та үлгермеді. Ол өмірінің 38 жылын медицина саласына арнады. 2012-2015 жылдары “Авицина” медициналық мекемесінде, 2015-тен 2017-жылға дейін Қызылорда қаласындағы психикалық жүйке аурулары интернатында дәрігер болып қызмет атқарды. Еңбегі бағаланып, көптеген марапаттарға ие болды.

“Орнында бар оңалар” дегендей, Құдайға шүкір, Болаттың асыл жары Үрзада ұл-қыздарының тілеуін тілеп, шаңырағы­ның тірегі болып отырған жайы бар. Үрзада Рысмаханқызы осы күнге дейін медицина саласында қызмет етеді. №1 қалалық емханада 20 жыл дәрігерлік қызметінен кейін облыстық медицина орталығында, облыстық денсаулық сақтау басқармасында статистика бөлімінің меңгерушісі болып, ал 2010 жылдан бері қазақ лепрозориясында дәрігер-терапевт қызметін атқарып келеді. Үлкен қызы Майра “Казгермұнай” мекемесінде кадр бөлімінің меңгерушісі. Екінші қызы Сәуле Астанада тұрады, қаржы министрлігінде қаржыгер. Ал ұлы Алпамыс 10 жаста.

Алла жасамаған жасын, көре алмай кеткен қызығын жан жары Үрзада мен ұл-қыздарына берсiн, ұрпағы аман болып, ұлы Алпамыс әкесіндей еңселі азамат болсын деп тілеймін.

 

Төрехан ҚАСЫМҰЛЫ,

Қызылорда

"Сыр медицинасы" газеті

 

 

Просмотров: 683 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]