Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



11:38
БҮГІНГІНІҢ ТАЛАБЫ – БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК

Білімнің салтанат құрған заманында кез-келген маман иесіне біліктілігін жетілдіріп, білімін нығайту өте маңызды. Мұндайда шет елдердің озық тәжірибесін меңгеріп, қабілет-қарымды шыңдау маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, ауданның бас мейірбикесі Тұрғаш Данееваны ізденімпаз маман ретінде бағалау керек-ақ.
Онымен пікірлескенімізде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы басымдықтарды алға тартып, ұлт болашағының жарқын болуы мамандардың білімділігі мен біліктілігіне тікелей байланысты екенін құптайтынын айтты.
– Мемлекет басшысының «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсе­келік қабілетімен айқындалады.
Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек...», – деген талабы біздерге үлкен жауапкершілік жүктеп отыр.
Яғни, бәсекеге қабілетті болу жолында білімімізді үнемі жетілдіріп отыру міндеті тұр, – дейді маман.
Тұрғаш Амангелдіқызы ағымдағы жылдың сәуір айында Финляндияның астанасы Хельсинки қаласына барып, тәжірибе алмасып, біліктілігі мен білімін жетілдіріп қайтты. Үнемі ізденіс үстінде жүретін мейірбике бұл жолы да өзіне қажетін алып, алған білімін қол астындағылармен бөлісуде.
– Бүгінгінің талабы – бәсекеге қабілеттілік. Сондықтан, шет мемлекетте мейірбике ісін жетілдіру үшін облыстан 21 мейірбике бардық. Финляндия еліндегі медицинаның дамығаны сонша, ол жақтың ауруханасы мен емханасынан кезекте тұрған бір тұрғынды көрмейсіз. Өйткені, цифрлану барынша дамыған және халық соған машықтанған. Смартфонның көмегімен бірнеше қызмет көрсетіледі екен. Сонымен қоса, бір ауруға үш мейірбике қызмет көрсетеді. Содан болса керек, кезекке тұрған адам жоқ, – дейді бас мейірбике.
Фин елінде іс-тәжірибеден өткен мейірбике ол жақтың өзіндік ерекшеліктері туралы тоқталды. Оның сөзінше, ол жақтағы ота жасау, адам ағзасын ауыстыру толығымен тегін. Ал, ана мен балаға жасалатын қамқорлық өз алдына. Мәселен, босанған бір әйелге аурухананың 5 бөлмесі бірден беріледі екен. Оның ішінде бар жағдайы жасалған. Балаға берілетін жәрдемақы 18 жасқа дейін берілетін көрінеді.
– Ол жақтағы медицинаның тағы бір артықшылығы – адам ағзасын трансплантациялау тегін. Және, ешқандай тұрғын өз ағзасын саудаға салмайды. Егер жасы келген адам кәрілігі сыр беріп, өмірі аз қалса, бірақ оның бауыры немесе бүйрегі жақсы жұмыс істейтін болса ол өз еркімен ағзасын мұқтаж адамға сыйлайды. Ал, оның балалары әкесінің не анасының ағзасын алған адаммен тыс болып араласады екен. Бұл – тұрғындардың сана-сезімінің жоғарылығы мен адами қасиетінің артықшылығын білдіреді деп ойлаймын, – дейді ол.
Иә, өмірін адам жанына жанашыр болуға арнаған бас мейірбикенің қол астында бүгінде 714 қызметкер бар. Олардың қызметтегі тыныс-тіршілігі мен білімін жетілдіріп отыруы тікелей мейірбикенің жауапкершілігінде.
Ол Түркістан қаласындағы медициналық колледжді бітіргеннен кейін аудандық аурухананың хирургия бөлімінде қызмет жолын бастайды. Қайнаған жұмыс орнында шыңдалған мейірбике кейіннен емдеу бөлімінің мейібикесі болады. Ал, 2006 жылдан бастап аудандық орталық ауруханасының бас мейірбикесі қызметін абыроймен атқарып жүр.
«Еңбегіне қарай өнбегі» демекші, Тұрғаш Данееваның қалтқысыз қызметі ескеріліп, облыс, аудан әкімінің облыстық денсаулық сақтау басқармасының «Алғыс хатымен» марапатталған.

https://zhanaqorgan-tynysy.kz/zanalyk/3172-bgngn-talaby-bsekege-ablettlk.html

Просмотров: 30 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]