Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



14:21
ҚАЗАҚЫ ЕМНІҢ ҚАСИЕТІ

Ертеректе анам Ибагүл Қожахметқызы Жетікөлде сынықшы болумен қатар, аздап ем-доммен де айналысатын. Өте қатты ауырып келген адамдарды қарап, қазақи ем қолданатын. Көбіне табиғи шөптерді пайдаланатын. Үйде жалбыз, жусан, жабайы жиденің қаражидегі, арпа, бидай, сұлы, күшәлә, сары бұға, боз бұға, сана, көкемарал секілді тағы басқа да шөптерді қалтаның ішіне бірнеше қағазға орап салып қоятын.

Ауырып келген кішкентай балаларды да қарайтын. Әсіресе, іші кеуіп келген баланың кіндігінің астына ыссы күлмен жеті түрлі нәрсе тұз, арпа, бидай, күріш, тары, жүгері, сұлыны ұсталған майлыққа салып, таза сүлгіні кіндігіне жауып, оның үстіне майлықты қойып жұқа көрпешемен орап тастайтын. 20 минуттан кейін бала қара терге түсіп, ішінен жел кетіп рақаттанып, жүзіне күлкі жүгіріп жазылып кететін. Қасқырдың өтін, тырнағын, жүрегін сақтап жүретін. Олармен ауырған адамдарды емдейтін. Оның тырнағымен екі жауырынның ортасына шаншу тиіп, демін аламай қалған жандарды қағатын. Біздер ол кезде баламыз көп нәрсеге мән бере бермейтінбіз. Анам аяғы, қолы, сүйегі сынғандарды салып, жіберіп жататын. Алыстан іздеп келіп жатушылар көп болатын. Бірақ қазіргі емшілерге ұқсап жұртты тостырмайтын. Ақша да алмайтын.

Марқұм анамның айтуынша, арғы атасы Жүсіп бақсы, балгер, суырып салма ақын болған көрінеді. Қобыз бен домбыра тартатын деуші еді. Самарқанға кіре тартып барып жүргенде бір тойда байдың Зылиха деген ақын қызын жеңіп, соған үйленген дейтін. Анам өте зерек кісі тұғын. Өз заманында ел аузындағы айтулы қыздардың бірі болған. Латынша, арабша, орысша, қазақша сауаттанып, алғашқы ликбез ашылғанда сабақ берген. Сыр сүлейі Қуаныш Баймағанбетовпен әріптес, қызметтес, үзеңгілес жүрген. Өмірдің сан тарау жолдарын кешсе де, қазақы емшілікті қоса атқара білген алғыр адам еді. Көрінуге келген адамдардың басынан алмаспен шертіп қан алып жатқанын талай көзіммен көрдім. Кезінде оған ден қоймадық. Мынаны үйрен деп ол кісі де біздерге айтпады. Бәлки, ондай қасиет қанмен келетін болуы керек. Тамыр үзу мен шөптен дәрі жасап беру арқылы ем жүргізетін. Тамыр үзгенде қазіргі массаж жасаушылар секілді умаждап, уқалап жатпайтын. Бит сыққан секілді бір саусағының ұшымен ұстаған жерін тырс еткізетін. Кәдімгідей дыбысы естілетін. Ұмытпасам, оны бас бармағымен жасайтын. Бала болып ол кісіден «мына не шөп, аты не» деп сұрап көрген емеспіз. Ол шөптердің бірін танысақ, енді бірін қазір танымаймыз. Бір білетінім, «Мысықтың қанымен есі ауысқан адамды емдейді» дейтін.

Қойдың құрық майын арнайы күйдіріп алып, қыс мезгілінде салқын тиген кездерде біздің үстімізге жағатын. Ол кісінің бір ғажабы – сынған сүйекті сипап отырып, білдірмей салатындығында. Әлі есімде, биік талдан құлап түскен баланың иығымен қоса, оң қолы үш жерден сынып, шыбығы теріні тесіп шығып кеткен. Әлгі бала шырқырағанда, жанында адам тұра алмайды. Оның қолын 20 минуттың ішінде салып бергенде, әкесі Бүргенбай ағамыз бен анасы Шәркүл жеңгеміз еңкілдеп жылап қоя берген-ді. Содан жаны тыныштанған бала заматында ұйықтап қалды.

Бұдан басқа ауылда талай көкпарда аттан құлаған азаматтар сынған қолы мен иығын салдырып жүрді. Марқұм Ибагүл анам тамақ ішкенде біздерге «Отырып ішіңдер. Екпеттеп жатып, жамбастап жатып тамақ ішсеңдер асқазандарыңды ауыртып аласыңдар» деп жиі ескертіп отыратын. Сонда ол кісі көп нәрсені біледі екен ғой деп, кейіннен барып ойға алып жүрдім. Көбіне біздерге ешкінің сүтіне сарымай салып жиі ішкізетін. Нансаңыз, мал ішінде ешкі өкпе індетіне шалдықпайтын уақ малы ғана екендігін осы анамның өз аузынан естіп едім. «Өйткені, ол қылқан жапырақты ащы шөптермен қоректенетінеді» деп айтатын. Қазақ ешкі сүтінің пайдалы екенін ерте кезден білген. Бұдан басқа «Қойдың еті мен сүті қорғасын» дейтін. Жалпы, оның еті мен сүті өте майлы келетіндіктен жеуге де, ішуге де ауыр екендігін қазақ жақсы білген.

Баяғының үлкен кісілері оқымай-ақ көп нәрсені білген ғой. Мәселен, адамның тісі ауырса жаңа сойылған малдың қанын ұрттатып аузын шайдырған. Оны көпшілік жақсы біледі. Мұнан бөлек, бауыры ауырған адам түйенің өкпесін жесе жазылып кететін деп баяғының көнекөз қариялары айтып отырушы еді. Оның қаншалықты рас екенін кім білсін? Жалпы, анам марқұм жасаған қазақы ем-домның қасиеті жайлы өмірге қажет болар деген оймен көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдім.

К. ЕРІМБЕТОВ.

http://aqmeshit-aptalygy.kz/aza-y-emni-asieti/

Просмотров: 1744 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]