Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



11:49
«Аурухана ескi деп тұрғындарды сандалтып қоя алмаймыз»

Арал аудандық ауруханасының бас дәрiгерi Марат РШЫМБЕТОВ:

«Аурухана ескi деп тұрғындарды сандалтып қоя алмаймыз»

 

Тәуелсiз елге тiрек болар ұлы күштер жетерлік. Десек те әрқайсысының мәнi мен қадiрiне жете бiлуiмiз де керек. Сол ұлы күштiң бiрi – халықтың денiнiң саулығы. Елбасы Жолдауында жүктелген маңызды мiндеттердiң бастысы да осы ел денсаулығын қорғауға бағытталған. Бұған немiс философы Артур Шопенгауэрдiң «Бiздiң бақытымыздың оннан тоғызы денсаулығымызға байланысты» деген сөзiн де қосып қойыңыз. Қысқасы, айтпағымыз аралдық ағайынның бүгiнгi жай-күйi, денiнiң саулығы, аудандағы денсаулық сақтау саласының жұмыс барысы туралы. Бұл тұрғыда бiз ауданның бас дәрiгерi Марат Құбылұлын әңгiмеге тартқан болатынбыз.

 

- Марат Құбылұлы, әуелi өзiңiз басшылық ететiн аурухананың бүгiнгi беталысы, тыныс-тiршiлiгi туралы айтып берсеңiз.

 

- Алдымен, атауға аты жағымсыз, дегенмен ең қажеттi саналатын травматологиялық бөлiмшенiң ашылғаны туралы жаңалықтан бастайын. Бүгiнгi таңда «Денсаулық сақтау саласын дамытудың «Денсаулық» 2016-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасын жүзеге асыру шеңберiнде 5 бағыт (жарақаттану-травматизм, ана мен бала, онкология, инсульттiк аурулар, қан айналым жүйесi аурулары) бойынша қарқынды жұмыстар атқарып жатырмыз. Өздерiңiзге белгiлi, «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» тас жолы пайдалануға берiлгелi жол апаты көбейiп тұр. Жасыратыны жоқ, қайғылы оқиғалар да орын алуда. Ал осы айдау жолда апатқа ұшыраған шарасыз жолаушыға барынша шұғыл көмек керегi анық. Осыны ескере отырып облыстың екi жақ қақпасында отырған қос аудан Жаңақорған мен Аралда аймақ аралық 20 орындық травматологиялық бөлiмше ашылды. Аталған 5 бағыт бойынша құрылғыларды толықтай жаңарту жоспары қойылған.

Осыған сәйкес бiз қазiргi уақытта травматизмге қатысты аппараттарды алып жатырмыз. Мысалға, жақында лизингпен «С дуга» деген рентген құрылғысын алдық. Оның ерекшелiгi қай деңгейдегi жарақат болсын, науқастың жанына батпайтындай етiп дененiң барлық бөлiгiн түсiре алуында. Жарақаттанған адамды жатқызып, бекiтемiз. Қалған жұмысты аппарат өзi атқарады.

Сонымен қатар, ана мен балаға қатысты арнайы құрылғы алынды. Мониторда баланың да ананың да қан қысымы, жүрек соғысы көрiнiп тұрады. Сосын дозатор. Бұл құйылатын дәрiлердiң секундына қанша миллилитр жiберiлетiнiн өзi есептейтiн құрылғы. Ал, қаржылық жағдайға келетiн болсақ, 2016 жылға бюджет есебiнен 2 333 815 мың теңге қаржы бөлiндi. Оның iшiнде республикалық бюджеттен 1 997 789 мың теңге, жергiлiктi бюджеттен 3 360 026 мың теңге қаралған. Аталған қаржының 2016 жылдың 9 айына – 1 669 301,9 мың теңгесi игерiлдi. Материалдық-техникалық жабдықтауға ағымдағы жылы лизинг бойынша медициналық құрал-жабдықтар алуға тиiстi құжаттар дайындалып, жұмыстар жүргiзiлуде.

 

- Бiрқатар жаңа технологиялар алдық дедiңiз. Ендi сол аппара ттардың «құлағында ойнайтын» мамандар жеткiлiктi ме?

 

- «Ана мен бала» бағыты бойынша бiздiң перзентхана бұған дейiн бiрiншi деңгейде болатын. Тиiстi талап-тәртiптерге байланысты екiншi деңгейге өте алмаған едi. Себебi, мамандармен, құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етiлмеген. Биыл мамыр айынан бастап аудандық перзентханада неонатологтардың тәулiктiк кезекшiлiгi ұйымдастырылып, 11- шi мамырдан бастап перзентханамыз босанудың II деңгейiндегi медициналық ұйым болып бекiтiлдi. 3 дана дозатор алынды. 4 дәрiгер неонатологиядан облыстық медициналық орталықтың симуляция орталығында бiлiмдерiн жетiлдiрдi. 1 дәрiгер қазiргi таңда неонатология бойынша 4 айлық қайта даярлау курсында оқып жатыр. Травматология бойынша да мамандарды оқытып, қайта даярлықтан өткiзудемiз. Жақында ғана жас нейрохирургiмiз бiлiмiн жетiлдiруге кеттi. 4 реаниматологты оқыттық. 3 акушер-гинеколог, бiреуi Алматыда бiлiм жетiлдiрсе, екеуi Қызылордадағы «Ана мен бала» орталығында бiр айлық тәжiрибеден өттi.

 

- Қазiр аурудың барлығы жер бетiне шыққан заман. Халықтың денсаулығы неге төмендеп кеттi? Бұған экология ма, әлде, адамдардың өз денсаулығына немқұрайлы қарауы себеп болып отыр ма? Дәрiгер ретiнде сiздiң ойыңыз?

 

- Мен ойлаймын, барлығы ең әуелi адамның өзiне байланысты. Дұрыс тамақтану, салауатты өмiр салтын ұстану деген қарапайым қағидаларды ұмытып кетемiз. Соның салдарынан кiшкентай балалардағы семiздiк, тепсе темiр үзетiн жас жiгiттердiң инсульт алуы көбейiп кеттi. Бұрын орта жастан асқан адамдарда болатын едi, қазiр жас талғап тұрған жоқ. Жаман әдеттердi жанына серiк еткендер қатары да кемiмей тұр. Басқа аудандағы әрiптесiмiз бiр жиында «жас жiгiттердiң қан қысымы көтерiлiп немесе түсiп кетуiнен қыршын кетiп жатқаны қай жылдары құлаған гептильден шығар» деп айтып едi. Мен сонда «төгiлген гептиль тек қана сол 30-35 жастағыларды таңдап құлатып жатпаған шығар?» дедiм. Алатын ажал алып кетедi, десек те адам өмiрi үшiн жанымызды салып күресуiмiзге сол адамның да ерiк-жiгерi, қайраты, сенiмi көмектеседi. Сондықтан басқа факторлардың әсерiнен кiнә iздемес бұрын адам жоғарыда айтып өткен қарапайым қағидаларды күнделiктi дағдыға айналдырып отыру керек.

 

- Сенiм туралы айтып кеттiңiз. Қарапайым халық әуелi Алласына, сосын ақ халатты сiздерге сенедi. Ал, сол сенiмдi қаншалықты деңгейде ақтап жүрмiз деп ойлайсыз?

 

 

- Жұмыс болғаннан кейiн алғыс та, өкпе де, барлығы болады. Бәрiне бiрдей көмектескiмiз келедi. Дегенмен, ойлағанымыз түгел жүзеге аспай қалатын кездер бар. Айтып келмейтiн ажалмен айқасымыз бiздiң пайдамызға шешiлмей қалуы да мүмкiн. Сондай шақтарда науқастың туыстарында дәрiгерлерге деген көңiл толмаушылық, ренiш сезiмдерi орын алады. Құтқарып қалсақ, алғысын, рахметiн айтып батасын берiп кетедi. Бiз қалай болғанда да қолымыздан келгендi жасаймыз. Мысалы, жақында бiр өкiнiштi, қайғылы жағдай болды. Бiр жас жiгiт көлiк апатына ұшырап, басынан қатты жарақат алды. Облыстан арнайы санитарлық авиация көмегiне сүйендiк. Бiлiктi мамандар шақыртып, 4 күн бойы ұйықтамай жас жiгiттiң өмiрiн сақтап қалу үшiн алыстық. Алла iсiне амал жоқ деген, құтқарып қала алмадық.

Ал, оның алдында бiр үлкен кiсi «Төретам» жақта апатқа ұшырап, қатты жараланған. Сол жақтың дәрiгерлерi «ендi үмiт жоқ-ау» деп қайтарған, бiрақ, осында келгесiн тағы да облыс орталығынан мамандар, яғни нейрохирург тікұшақпен ұшып келiп, емдедi, ота жасады. Шүкiр, бәрi жақсы аяқталып, осыдан бiр-екi күн бұрын ғана үйiне, туған-туыстарына аман-есен оралды. Осы ретте айта кеткiм келедi, бiздiң облыста дәрiгерлiк авиация жақсы жұмыс iстеуде. Дер кезiнде келедi, еш кедергi жоқ. Телемедицина дегендi де жолға қойып келемiз. Өзiмiз дұрыс түсiнбеймiз бе, ұялы телефонмен қағаздағы нәтижелердi, рентген пленкасын суретке түсiрiп «Whatsapp» желiсi арқылы облысқа жiберемiз. Олар қарап, бiрден түсiнбегенiмiздi айтып бередi. Тiкелей байланысқа шығатын да бөлмемiз бар. Науқастың жағдайы «жолға жарайды» десе, өзiмiздiң көлiктерiмiзбен апарамыз, «жарамайды» десе арнайы мамандар өздерi тікұшақпен келедi. Тiкелей сол жақтың нұсқауымен жұмыс істейміз.

 

- Жоғарыда айтып өткен бағдарламаның «Ана мен бала» бағытында да жаңа жетiстiктерге жетiп жатыр екенсiздер.«Ел байлығы - азаматымен» десек, ел ертеңi болар денi сау ұрпақты дүниеге әкелер аналарымыздың жағдайы қалай?

 

- Бiз қазiргi таңда ана мен баланы, соның iшiнде жүктiлiк мерзiмiндегi жас әйелдердi арнайы алдын ала тiркеп, топтарға бөлiп бақылап отырамыз. Жүктi әйелдердi зерттеп, олардың қай кезде, қайда босанатынына дейiн ойластырамыз. Алматыда босану керек болса, ол төртiншi деңгей болып саналады. «Босануға мүлде болмайды» деген де әйелдер болады. Себебi, денсаулығы жарамайды. Қаназдық, бүйрек ауруы сияқты дерттерге шалдыққан. Оған қарамай босанатын болса, көп жағдайда өзiнiң де баланың да өмiрiне қауiп төнуi мүмкiн. Бiрақ оны тыңдамайды көбiсi. Бала тууды жоспарлау дегендi бiлмейдi, бiлгiсi де келмейдi. Қазақтың саны көбейсiн ғой, дегенмен ұлттың денi сау болуын да ойлау керек арасында. Ал егер, «жоқ, босанам» деп табан тiреп отырып алатын болса, амал жоқ жоғары жақпен, яғни облыспен, Алматымен ақылдасып отырып босанғанша тыным таппаймыз. Бiзде әлгi айтқан «мүлде босануға болмайды» деген топта 2 әйел болды. Абырой болғанда екеуi де аман-есен босанып үйлерiне қайтты. Бiрақ әлi де болса дәрiгерлердiң тұрақты қадағалауында.

Былтыр әр түрлi диагноздағы 15 әйел болды. Жылдың басында босанып, жылдың аяғында тағы да жүктi болғандар да кездеседi. Көпшiлiгi ауылдық жерде тұратындар. «Iшкi құрылыс демалу керек, қайтадан қалыпты жағдайға келу керек» деген ескертпелерiңе пысқырып та қарамайды. Қазiр бүкiл адамды 100 пайыз денi сау деуге келмейдi. Әйтеуiр бiр науқас жанында жүредi. Жүктi әйелдердiң қан қысымы дұрыс емес, қаны аз, туғаннан жүрек талмасы барлары да кездеседi. Бәрi бiздiң жiтi бақылауымызда.

Жоспарламай бала көтеру нәтижесiнде 3-4 айлығында бала түсiп қалуы сияқты жағдайлар орын алады. Тағы екi-үш айдан кейiн көтередi, ол тағы түсiп қалады. Олар ренжидi, «неге бұлай?» деп. Қарапайым тiлмен айтқанда әйелдiң ағзасы оны қабылдамай тұр, яғни дайын емес деген сөз. Бала тууды жоспарлау деген осындай келеңсiздiктерден барып жолға қойылған нәрсе.

 

- Жаңа үлгiдегi жаңа аурухана ғимараты керек сияқты?..

 

- Әрине, бiзге керек. Жоспарда бар негiзi. Жерi, жобасы бәрi дайын тұр. Барлық аудандарға салынып шықты. Бiздiң аудан мен Қазалы ғана қалып қойып отырмыз. Шиелiдегi, Қармақшыдағы емханаларды көрiп қатты таң қалдым. Әзiрше қол қусырып отырған жоқпыз, тiршiлiк жасап жатырмыз. Жоғарыдан үмiттi үзе қойған жоқпыз. Рет-ретiмен бола берер деген ойдамыз. Аурухана ескi деп аудан тұрғындарын сандалтып қоя алмаймыз. Елдiң, халықтың денсаулығын жақсарту жолында еңбек ете беремiз.

 

- Тәуелсiздiктiң аудан медицинасындағы жемiсi деп ненi айтасыз?

 

- Шүкiр деп айтамыз, елiмiз тыныш, бейбiт кезеңде өмiр сүруде. Төтенше апаттан аулақпыз. Төбемiзден қиқу кетпеген заманнан құтылдық. Еңсе тiктедiк. Аудан медицинасы жылдан-жылға дамып келедi. Бiр ғана мысал, биылғы «Жол картасы» жасалғалы көптеген жұмыстар атқардық. Мамандарымыз тегiн, яғни облыстық бюджет есебiнен қайта даярлаудан өтуде. Соның өзi үлкен көмек. Бүкiл облыстан жақын күндерi 4 адам Астанаѕа оқуға кету керек, соның бiреуi бiздiң ауданнан. Бұл да болса ескерусiз қалмағанымыз деп ойлаймын. Тәуелсiздiктiң арқасы, Елбасымыздың сындарлы саясатының арқасында, бiлiктi мамандар ойлап тапқан бағдарламалар арқасында денсаулық сақтау саласы өркендеп келедi. Осының бәрi Тәуелсiздiктiң жемiсi.

 

- Сұхбатыңызға рахмет!

 

Сұхбаттасқан: Ұ.БЕКҰЗАҚҰЛЫ

 

 «Ақмешіт ақшамы» газеті.  19 қазан 2016 жыл

 

Просмотров: 1058 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]