Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



08:27
Атырау дәрігерлерге мұқтаж

Атырау облысының денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы көлемі жыл санап өсіп келеді екен. 1993 жылы бұл салаға 15,5 млн теңге бөлінсе, 2016 жылы 26 млрд 754,3 млн теңгеге көтеріліпті. Осы соманың 68,9 пайызы – республикалық, 31,1 пайызы жергілікті бюджетке тиесілі. Бұдан басқа, ауыз толтырып айтатын жетістіктерге тоқталсақ, баланың шетінеуі азайып, бір жасқа дейінгі сәби өлімі 323-тен 129-ға түскен. Медицина дамуының және емдеу мекемелерінде тиесілі жағдай жасалуының арқасында салмағы 500 грамнан жоғары болып туған шарананы аман алып қалып, адам қатарына қосу мүмкіндігі туды.
Мұнайлы өңірдің медициналық құрал-жабдықтармен қамтылуы жоғары деңгейде. Бұған Атырау халқына әлеуметтік қолдау көрсету жөніндегі міндеттемелерін орындау мақсатында емханалар мен ауруханалар сұраған қымбат, сапалы құрылғыларды ара-тұра әперіп қоятын алпауыт компаниялар да аз үлес қосып отырған жоқ. Өкініштісі, соңғы технологиялар қолданылған осы заманауи құрал-жабдықтармен жұмыс істей алатын мамандарымыз тапшы болып шықты. Сөйтіп, қасқалдақтың қанындай қат әрі қымбат дүниелер медициналық мекемелерде, соның ішінде аудандық жерлерде қаңтарылып тұрып қалып, бұл мәселе облыстың селекторлық жиындарында көтерілді де. Бұдан бірнеше жыл бұрын Атырау қаласына Ресейден келген бір топ дәрігер мұндай құрылғылардың өздерінде жоқ екенін, қолдары жетпей отырғанын айтып таңдай қағысқан-ды. Соған қарамастан, біздің облыстан қаралып-емделу үшін көршілес Астраханға кететін науқастар саны азаяр емес. Себебі адам факторында, атап айтқанда, дәрігер мамандардың жетіспеуінде деп сеніммен айтуға болады.
Атырау облысында қазіргі таңда 215 денсаулық сақтау мекемесі бар, оның ішінде 177-сі – мемлекеттік, 38-і – жеке. 1991 жылы денсаулық саласында 1744 дәрігер мен 5599 орта буын қызметкер жұмыс атқарыпты. Одан кейінгі өтпелі кезеңде олардың тең жартысынан астамы басқа салаларға кеткен. «Орнында барды оңалтудың» қиындығы сол – біздің өткен ғасырдың 90-жылдарындағы көрсеткішке әлі де маңайлай қоймағанымыз байқалады. Былтырғы дерек бойынша, облыста 1710 дәрігер мен 5074 орта буын медициналық қызметкер бар екен. Статистикаға сәйкес, ақ халаттылар саны 2000 жылдардан бері тұрақты өсіп келе жатыр деп саналады. Әйтсе де дәл қазір мұнайлы өңір кемі 144 маманға аса мұқтаж.
Облыс басшылығы мен құзырлы мекемелер проблеманы шешудің бір жолы көршілес облыстардан медициналық кадрлар шақыру деген ойда. Бұған дейін 2010-2011 жылдары Атырау облысына, негізінен, Ақтөбе, Алматы, Орал облыстарынан осы саладағы жоғары және орта оқу орындарын бітірген жастар көптеп шақырылып, үй-жаймен, қаржылай қолдаумен қамтамасыз етілген еді. Тұрғындар мұнай-газ кәсіпшілігіне көбірек назар аударып, бюджеттік ұйымдарға қызыға қоймайтындықтан, дәрігерлермен бірге мұғалімдер де басқа жақтардан тартылған болатын. Бірақ халық санының өсуінен денсаулық сақтау саласында жаңа реформалардың қолға алынып, талаптың күшеюіне байланысты сұраныс саны артпаса, кемімей келеді.
Жақында облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен өткен селекторлық жиында облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Мәншүк Аймұрзиева медициналық мамандарды еліміздің өзге өңірлерінен тарту бойынша жұмыстар қолға алынып жатқанын айтты. Қазірдің өзінде Атырауға келуге Алматыдағы жоғары оқу орындарының интернатурасы мен резидентурасынан – 30, Ақтөбеден 95 түлек келуге келісім беріпті.

Нұрлан Ноғаев медицинаның «тар шеңберлі», яғни нақты бір саласына маманданған дәрігерлердің болуына баса назар аудару керектігін еске салды. Оған да себеп жоқ емес. Атырауда аллерголог мамандар саусақпен санарлық. Балалар гинекологы атымен жоқ. Сексопатолог, сексолог жоқтың қасы. Көбінесе бір дәрігер біліктілік курстарынан өтіп, сертификат алып, бірнеше адамның орнында жүргені. Мәселен, ауылдық жердегі амбулаторияларда терапевт, педиатр, акушер-гинекологтың қызметін бір маман атқарады. Кейде бір өзі лор және психотерапевт болып, бір-біріне мүлдем қатысы жоқ салаларды қиыстырып отырған дәрігерлерді де көріп қалуың ғажап емес.
Бұдан басқа, облыста 29 денсаулық сақтау мекемесін салу жоспарланып отырғаны белгілі. Әзірге 15 ғимараттың жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп отыр. Аймақ басшысы шешімін күткен түйткілді жайдың бірі ретінде алды 1960 жылдары салынып, бүгінде әбден тозығы жеткен емханалар мен ауруханаларды күрделі жөндеуге көшіру керектігін де еске салған еді. Бұл енді өз алдына бөлек әңгіме.

Құралай ҚУАТОВА
Атырау облысы

http://www.zhasalash.kz/eleumet/20055.html

Просмотров: 991 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]