Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



13:49
Арал ауданында 2 амбулатория ашылды

05.03.2017,

 Сыр еліндегі Арал ауданында 2 амбулатория ашылды. Теңізді жағалай қоныстанған Аманөткел және Қаратерең ауылы аудан орталығынан шалғай болғандықтан, арлы-берлі қатынау қиын. Сондықтан медициналық нысандардың ел игілігіне берілуі аралдықтар үшін аса маңызды. Құрылысына 100 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған қос нысан жаңа емдеу құралдары және дәрі-дәрмекпен толық қамтылған. 70-тен асқан Мінәжат ақсақал қарттық жеңді ме, әйтеуір соңғы жылдары ақ халаттыларға көп жүгінетіндігін айтады. «Шаншу қадалып, сүйек сырқыраса болды, Қаратереңнен 200 шақырым жердегі аудан орталығына барып тексерілуге тура келетін», - дейді. Өйткені ауылдағы ескі емханада сапалы ем-дом қабылдау мүмкін емес. Енді міне ауыл тұрғындарының біраз жылғы өтініші ескеріліп, жаңа амбулатория қызметін бастады.

 

Мінәжат Биманов, Қаратерең ауылының тұрғыны:

- Бір қолайлы жағы заманауи аппараттар келген. Көптеген қан алдыру, тағы басқа емдерге Аралға шауып, баратын болсақ, қазір осында барлық жұмыс бітеді. Аманөткел елді мекенінің 2 мыңға тарта тұрғындарының да қуанышында шек жоқ. Өткен ғасырдың 80-жылдары салынған ескі медициналық мекеме орнына 10 төсектік күндізгі емдеу бөлімі бар жаңа нысан ашылып отыр.

 

Мамай Өтемісов, Аманөткел ауылындағы амбулатория дәрігері:

- Осында 800-900 диспансерлік аурулар бар. диспансерлік есепте тұрған 50-дің үстінде бала бар, соған қызмет жасаймыз. Біз күні кешеге дейін қан, кіші дәрет сияқты 2-ақ анализ алатынбыз. Енді зертханаға жаңа аппарат келді. Биохимиялық анализдердің бәрін шығарады.

 

Ақмарал Әлназарова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Аманөткел ауылында қосымша стоматологиялық қызметті қамтуға жоспарлап отырмыз. Биыл салынған мектеп стоматологиялық жабдықтармен қамтылған. Сондықтан мемлекеттік тапсырысты сол мектеп арқылы стоматолгиялық көмекті балаларға, жүкті әйелдерге, сонымен қатар ауыл тұрғындарына көрсету жүзеге асырылатын болады. Жалпы өңірде өткен жылы 10 амбулатория ашылған болатын. Биыл тағы 4 амбулатория салынады. Оның біреуі Арал ауданының Бекбауыл ауылында бой көтереді.

 

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Руслан Айтмамбетов

Дереккөз: http://24.kz/kz/zha-aly-tar/o-am/item/166455-aral-audanynda-2-ambulatoriya-ashyldy

 

Просмотров: 871 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]