Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты
Главная » 2017 » Тамыз » 17 » АЛТЫН ҚОЛДЫ ДӘРІГЕР
11:28
АЛТЫН ҚОЛДЫ ДӘРІГЕР

Гиппократ антына адалдық дәрігер атаулыға артылар асыл аманат. Десек те оны көз қылып ұрандап, шартты түрде міндетке алу бір басқа да, жүректен өткізіп, сүйекке жеткізіп, өмірлік мұратының сертіне айналдыру бір басқа. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз, туған топырағымыздан түлеп ұшқан, бүгінде қазақ медицина ғылымында ғаламат қолтаңбасы бар ақ халатты абзал жан, Ұлттық Медициналық ассоциациясының «Алтын дәрігер» медалі және «Гиппократ» төсбелгісі иегері Искаков Марат Шәмшіұлын нақ осындай жандардың қатарына қосуға болады.

Ауыл мектебінде білім алған, шаруа баққан қарапайым малшының баласына тісі батпастай көрінер дәрігерлік оқу орнына түсуге тастай тәуекел жасауына төмендегі жағдай себеп болған еді. Қатты науқастанып, ауруханаға жеткізілген әкесінің сырқатының сыры анықталып, амал етіп үлгермей, соңғы демі үзілді. Қысылғанда басында отырған Маратының қолына тастай қатып, «Балам, дәрігер болшы» деп қиылғандай болып еді. Әкесінің осы тілегі мұның көкейіне «қайтсем де дәрігер болып, сырқаттарды емдеймін» деген тастүлек талапты берік орнықтырды.
Ол осы мақсатқа жету жолында бар күш жігерін арнады. Ауылдағы ұстаханада көмекші болып жүрген жас жігіт Алматы медицина институтының даярлық бөліміне қабылданып, бір жылдан кейін, 1983-85 жылдары Беларусь мемлекетіне әскери міндетін өтеуге аттанады. Келе сала оқуын жалғастырды. 1991 жылы институтты бітірісімен №5 қалалық клиникалық ауруханасында интернатурадан өтіп, АГМИ-дің хирургиялық стоматология кафедрасына қызметке қабылданады.
Марат Шәмшіұлы денсаулық сақтау саласында ұстаздық етумен қатар 1993 жылдан бері Алматы облыстық клиникалық ауруханасында «Бет-жақ» аймағының хирургі болып үздіксіз еңбек етіп келеді. Қазірде ол Алматы облысы бойынша «Бет-жақ» хирургиясының бас маманы.
Адам саулығында әрбір ағза маңызды. Науқастардың сырқат сипатын байқау, тексеру, оларға тиісті кеңес беру, белгіленген кесте бойынша ем тағайындау – бәрі де дәрігердің білімі мен тәжірибесінің тұтасуынан туындайды. Сырқаты асқына келе әралуан қауіпті-қатерлі сатысына жетіп жаны қысылған талайды ауруынан құлан-таза айықтырып, жарық ғұмырдың сәулесін сыйлаған «қолы алтын» дәрігер Марат Шәмшіұлын шынайы құрметтейтіндер қатары уақыт өте қалыңдап келеді. Солардың қатарында жаңақорғандықтар да өте көп. Ауылдық жерде маман жағы тапшы. Оның үстіне жанына батқан сырқатқа мән бермей жүріп, асқынтып алатын жағдай да көп. Титтей жерден дерт жамап, жанын жегіқұрттай кемірген кеселдің талайын шипагерліктің тылсым демімен ұшықтап, ағзаға азу салған аждаһа-ажалға қарсы тұрған қайсар жанның осындай жеңістерінің аржағында қаншама ұйқысыз күндер мен түндер, кәсібінің қыр-сырын игеруге бағытталған түпсіз терең ғылыми-зерттеу, ізденісті еңбекке толы маңдай тері жатыр десеңізші.
Сөзімізге дәлел келтірейік, Жайылма ауылының тұрғыны Жапеков Нұрлан былай дейді:
«Далада ойнап жүрген кішкентай жиеніміз аяқастынан жазым болып, жанарына ағаштың үшкір жаңқасы кіріп кетіп, жапа шекті. Алматы облыстық клиникасына Маратқа алып келдік. Тексере келе, мыйдың аумағында жаңқаның бөлігі қалып кеткені анықталды. Марат өзі ота жасап, жасанды көз салып берді». Бұл пікірді осындай түрлі жағдаймен «алтын қолды» дәрігердің алдынан өткен жүздеген жаңақорғандықтар қуаттайды. Сіз мұны сірә жершілдік дей көрмеңіз. Туған жерге деген сарқылмас сағыныштың өтеуі, атамекеннің аңқылдаған ақ жүрек адамдарын аяу, аялау сезімдерінен туған жанашырлықтың ұшқыны деп қана пайымдаңыз. Дәйім ел-жұртының тағдырына алаңдап, алдына барғандарға барынша қамқор болып бағатын қайырымды мамандықтың иесіне елдің де ықыласы ерек, алғысы ұшан теңіз.
Әлемдегі мемлекеттердің халықаралық байланыстары жүйесін құрайтын медициналық қоғамдардың іс-шаралары аясында Марат Шәмшіұлының нақты тәжірибелік-зертханалық талдауларға негізделген өз ғылыми бағдары бар. Ол «Денсаулық сақтау ұйымының менеджмент және фармация» мамандығы бойынша екінші жоғары білім алуымен бірге Ресей-Қазақ медицина университеті мен Санжар Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінде «Стоматология» кафедрасының профессоры, медицина ғылымдарының кандидаты, «Денсаулық сақтауды ұйымдастыру менеджменті» ғылыми атағы тағы бар. Еліміздегі және халықаралық медицинаның өзекті мәселелері жөнінде ғылыми жаңалықтары, қолданысқа енгізілген туындылары, сегіз патенті жоғарғы оқу орындарында «Операция гайморотами по методу Искакова» деген тақырыппен оқулыққа енген.
Ғалым – дәрігердің кәсіби қызметіне адалдығы, ұжыммен және емделушілермен қарым-қатынасындағы әлемдік өркениетке ортақ дәрігер этикасы талаптарына сай адамгершілік, имандылық қасиеттері мен жоғары ұйымдастырушылық, біліктілік қабілеттілігі ұштасқан еңбегі мемлекеттік басқару орындары тарапынан лайықты бағаланып, марапатталып келеді. Ол «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі».
«Алтын алма, алғыс ал» деген қасиетті нақыл осы кісінің өмірінде өрнектеліп жатқандай. Бұл кісіні елдің алғысына бөлеген қолының қайыры мен жанының жомарттығы десек, бұл оның бойында бала кезден бар қасиеттер. Бұл жөнінде оның сыныптас досы, қазірде №255 мектеп директорының бейіндік бағдар жөніндегі орынбасары Садыбаев Кенжебек былай дейді: «Оқуға астанаға аттанып бара жатқан Маратқа анасы 25 сомды беріп жатып, «жарты жыл ауылға келу жоқ, ұқыптап жаратарсың» деп тапсырып жатыр. Ал ол болса ақшасының басын ауылдан шықпай-ақ бұзып, Төменарық станциясына дейін пойызға шығарып салу үшін ере шыққан сыныптастарына жұмсап үлгірді.. Пойызға мініп бара жатып қимаса керек, соңғы бес сомын да бізге қалдырып кетті. Өзі қалай күн көреді. Оны ойлаған біреуіміз болсайшы, қайран бейқам да, бақытты бозбала шақтар-ай».

– Туған жер тынысына таяныш болуды ойлаған ол «Жұлдыз» ауылына саябақ орнатты. Көшесіне тас төсетті. Қожамберді ауылындағы мешіт пен «Іскендір ата» мешітін жөндеуге миллион теңгедей қаражат берді. Ауылдан әкесінің атына көше берілуіне орай ас ұйымдастырып, көшені асфальттатып, жарықтандыруға демеуші болды. Мектепке жыл сайын еркін күрестен аймақтық жарыс өткізіп тұрады. Сондықтан да біз оны «Жұлдыздан» шыққан жұлдызымыз деп мақтан етеміз, – дейді ол.
Жақсы жар да – жігіттің бағы. Ерінің ерек жаратылған періште пейіліне қанат бітіріп, шаңырағын ағайын аяғы үзілмейтін құтханаға айналдыруда аяулы жары Гүлзипа Боданқызының еңбегі зор. Екеуі тәрбиелеп-жетілдірген перзенттері әке жолын қуып дәрігерлік мамандықты меңгерген. Тұңғыш қызы Айнұр С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінде гинекология кафедрасының ассистенті, дәрігер, ұлы Мұхаммед осы университеттің 5 курсында оқиды. Ажар Семей мемлекеттік медицина университетінің 2 курсында, қызы Тоғжан шетел тілдері колледжін үздік тәмамдап, қазір Тұран университетінде білім алуда. Егіз перзенттері Дариясы мен Дастаны мектеп оқушылары.
Иә, өзіне арман қуған астанада білім алып, келешек несібесін Алатаудың баурайынан теріп жеу нәсіп болғанымен жүрегі ел деп елжіреп тұратын, талай дерт жамап діңкелеген ауылдастың жанына сая болған, нағашысы күтіп отырғандай еркін қоңыраулатып, тіпті кезек күтпей киіп кететін сол көзкөргендердің бірінің көңілін жықпай, қолынан келгенінше жәрдемдесуді мұрат тұтатын, бірдің ғана емес, мыңның, тұтас қазақ елінің мақтанышы Марат Шәмшіұлы туралы айтылар ақиқат осы.

Баян ҮСЕЙІНОВА.

http://zhanaqorgan-tynysy.kz/altyn-oldy-d-riger/

Просмотров: 46 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]


Бұл сайт жөніндегі деректер сайт туралы ақпаратта орналасқан.