Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты
Главная » 2017 » Қыркүйек » 29 » Алтын қолды қамқоршылар
19:06
Алтын қолды қамқоршылар

Баспасөз  туры

Өткен сәрсенбіде бұған дейін көзімізбен көрмеген дүниені көрдік. Көрдік те, шошыдық. Ол бөлменің ішінде істелетін жұмыстарды жүрегі әлсіз жандар көтере алмас, сірә?! Өзіне тән иіс қолқаны қапқанда, аңтарыласың да қаласың. Тіпті, аядай жерде ауқымды тірліктің атқарылатынын тағы бір мәрте аңғардық. Әлі де болса, жадымызда сақталған көріністерді ұмыта алмай отырғанымыз да рас. Бұл облыстық медицина орталығындағы ота жасау бөлімшесі еді.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен тілшілік тірлігімізді тастап, ақ халаттылардың бір күндік жұмысымен таныстық. Табалдырықтан аттаған соң біздің топты қабылдау бөлімі меңгерушісінің міндетін атқарушы Данияр Таңқыбаев күтіп алды. Оның айтуынша, биыл 8 айдың қорытындысы бойынша 19 мыңнан аса науқас қаралған. ОМО-на жеткізілген кез келген науқасты осы бөлім қабылдап алады. Сөйтіп, Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен бұйрыққа сәйкес қажетті шараларды қабылдайды. Ауыр жағдайда жеткізілгендерге шұғыл түрде ота жасалады. Ал жедел жағдайда келгендер тексеруден толық өтеді. Жағдайы қанағаттандырарлық деңгейдегі науқастар дәрігерге қаралып, нақтама қойылған соң, жоспарлы емге жіберіледі. Бүгінде қабылдау бөлімінде білікті 23 дәрігер жұмыс істейді.

Одан кейін бірнеше бөлімшеге бас сұқтық. Науқастардың хал-жағдайын сұрап, әңгімеге тарттық. Солардың бірі – Тереңөзек кентінің тұрғыны Ұлдана Жұмағалиқызы. Жол апатына түскен оның абзал жандарға айтар алғысы зор. Ажал тырнағынан арашалап қалды дейді.

– Көлік апатына ұшырадық. Аудан орталығынан осында әкелді. Дереу ота жасады. Қазір жағдайым жақсы. Дәрігерлерге шексіз ризашылығымды білдіремін,- деді ол.

Қолы және жамбас сүйегі сынған Ұлдананың бүгінде беті бері қараған. Қолын қайта қалпына келтіріпті. Бұрынғыдай гипске орап тастамаған. ОМО-ға әкелінген жаңа технологиялардың көмегімен бұл ота өте сәтті өткен. Бұйырса, жақын күндері палатадан үйге жіберілмек.

160 жылдан аса тарихы бар аймақтың бас ауруханасының жетістігі аз емес. 1998 жылы Елбасының қатысуымен 600-ден астам төсектік жаңа ОМО ашылды. Қазіргі таңда мұнда 24 клиникалық, 37 қосалқы бөлімше жұмыс істейді. Оларда 1500 жуық қызметкер еңбек етсе, оның 196-сы – білікті дәрігерлер, 541-і – орта буын, 373-і – кіші буын, қалғаны – басқа да мамандар. Жылына 40 мыңнан аса науқас келіп, соның 15 мыңнан астамына стационарлық ем көрсетіледі.

– Біздің аурухананың өзге өңірлерге қарағанда ерекшелігі сол, көпсалалы болып табылады. Яғни, медициналық мамандықтың бәрі қамтылған. Кардиологиялық көмек, хирургиялық көмек, терапияның барлық салалары, т.б. бар. Медициналық қызмет жоғары мамандандырылған және медициналық көмек болып бөлінеді. Жүрек-қан тамырларына, травматологиялық жарақат бойынша жасалатын оталар саны артып отыр,- дейді ОМО-ның директоры Сәбит Пазылов.

Осыдан кейін ота жасау бөлімшесіне бардық. Онда күніне жоспарлы түрде – 40-50, жедел түрде 10-15 ота жасалады. Барлығына да асқан жауапкершілік қажет. Талай адамды ажалдан құтқарған осы бөлімшедегілердің еңбегіне ерекше тоқталғанды жөн санадық. Журналистерді жүзі жылы жандар қарсы алды. Арнайы киім кигізді де, ота залына қарай апарды. Жүріп келеміз, жүріп келеміз. Ұмытпасам, 4-5 бөлмеде ота өтіп жатыр. Мүлгіген тыныштық. Тек дәрігер мен арнайы құрал-жабдықтардың дыбысы сілтідей тынған залда жаңғырып тұр. Бұл бөлмелер талай адамға қайта өмір сыйлады ғой жарықтық! Кенет біз тұрған ота бөлмесінен кейінгі есік ашылды. Арнайы жылжымалы кереуетте науқас жатыр. Аузында түтікше. Жасанды тыныс алдыратын дүние ғой деймін. Анығын айта алмаймын. Шамасы, отасы тамамдалғанға ұқсайды. Тиісті медициналық көмек одан әрі палатада жалғасатын тәрізді. Енді бұрыла бергініміз сол еді, тағы бір жан өміріне араша сұрап келе жатқандай көрінді. Ол да кереуеттің үстінде, көкке көзін тіккен. Не ойлап бара жатқанын кім білсін?! Дәрігерлердің демалатын түрі жоқ. Тағы да қолғап пен медициналық тұмылдырығын тағып, қолын суытпастан араша сұраған адамның жанына келді. Басталды ота... Жоғарыда күнделікті жасалатын оталардың санын айттық. Олардың әрқайсысы сағаттап созылады. Мұны біз де көрдік. Дәрігерлер тікесінен тік тұрып тиісті шараларды атқаруда. Заманауи технологияның мың жерден мүмкіндігі болғанымен, барлығы да дәрігердің біліктілігіне байланысты екендігі белгілі. Тіпті, күрделі оталар 11 сағатқа дейін созылатын көрінеді. Енді есептей беріңіз... Қысқасы, абзал жандардың қолы алтын. Тек бағалай білу қажет.

Қозы  Көрпеш  Жасаралұлы

http://www.halyk-gazeti.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=7977:2017-09-28-09-00-01&catid=2:2011-11-18-08-59-27&Itemid=2

Просмотров: 43 | Добавил: психолог | Рейтинг: 1.0/1
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]


Бұл сайт жөніндегі деректер сайт туралы ақпаратта орналасқан.