Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



10:34
АБЫРОЙЛЫ ЕҢБЕК ЕТУДЕ

Әлемде бірнеше ардақты да құрметті мамандықтар бар. Соның бірі – дәрігерлер. Оларға «ақ желеңді абзал жандар, адам жанының арашашысы» деп баға беріп жатамыз. Қалай атасақ та артықтық етпейді. Ауырсақ, сырқаттансақ бірден осы адамдарға жүгіреміз. Алдына барған бізге мейірім төге қарап, емдеп, ақыл-кеңестерін береді. Күн демей, түн демей қажет кезде жанымыздан табылады. Осындай абзал жандардың төл мерекесі қарсаңында «Абай» ауылдық емханасының дәрігерге дейінгі бөлімінің аяжаны Гүлназ Сейілова жайлы айтпақпыз бүгін. Ол Арал қаласында дүниеге келген. 1984 жылы №14 мектепті бітірген соң, Ресейдің Калинин облысы, Бежецк қаласындағы медициналық училищесіне оқуға түседі. 1987 жылы аталмыш оқу орнын тәмамдаған Гүлназ, алғашқы еңбек жолын сол қаладағы облыстық балалар ауруханасының терапия бөлімшесінде кезекші аяжан болып жұмыс жасаудан бастайды. Одан соң, сол облысқа қарасты Конакова қаласында орталық аурухананың перзентханасында жұмыс жасап, талай ауру меңдеген жандардың жазылуына себеп болады. «Ақ халатты абзал жан» деген атқа әбден лайық ол өзге елде жүрсе де, өзінің білімі мен біліктілігін, жұмысына деген адалдығын ұжым мүшелері мен емделушілерге көрсете білді. Өйткені, аяжанға тән шыдамдылық пен сабырлылық, мейірімділік маманның бойынан табылып, адамдар осы асыл қасиеттері үшін құрметтеді.

Балалар аяжаны болып жүргенде-ақ, ұқыптылығына сенім артқан өзге ұлт дәрігерлері білікті маманға тек көмекші ретінде ғана қарамай, науқастарға дәрі алуға рецепт жазып беру және белгілі бір ауру түрлеріне ем-дом жасауға кеңес беру секілді жауапкершілігі зор жұмыстарды сеніп тапсырды. 1991 жылы туған жерге оралған маман, өз саласына байланысты бірнеше жерде абыройлы еңбек етті. Бүгінде «Абай» ауылдық емханасында дәрігерге дейінгі бөлімде аяжан боп жұмыс жасайтын оған тұрғындар алғыстарын жаудырып, баталарын беріп кетіп жатады. Қорыта айтқанда, «Өзге елде сұлтан болғанша, өз елінде ұлтан болуды» жөн санаған Гүлназ, еліміздегі соңғы реформаларға сәйкес, қызметтік міндеттері кеңейіп жатырған мейірбикелік ісін жанындай сүйеді. Ұдайы халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізу, аурудың алдын алу және тұрғындарды салауатты өмір салтын ұстануға шақыру сияқты шараларға белсене қатысатын білікті маманды біз де төл мерекесімен құттықтап, өсіріп отырған ұл-қызының қызығын көре беруіне тілеулестігімізді білдіреміз.

А.ЖҰБАНЫШОВ,

Арал қаласы

«Толқын» газеті. 17 маусым 2017 жыл

Просмотров: 818 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]