Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



16:07
АҚЫСЫЗ ДӘРІНІ ҚАЛАЙ АЛУҒА БОЛАДЫ?


Елде халықты дәрімен қамтамасыз ету кепілдендірілген тегін медициналық жәрдем шеңберінде жүзеге асады. Бұл туралы толық ақпаратты медициналық ұйымдардың ақпараттық тақтайшасынан табуға болады. Амбулаторлық кезеңде дәрілерді беру тегін, ал тізбе негізінде амбулаторлық-емханалық ұйымдарға бекітілген дәрігердің рецепті бойынша жүргізіледі. Ендігі кезекте тегін дәрі-дәрмекке кімдер қол жеткізе алады? деген сұраққа келсек. Негізінде амбулаториялық деңгейде тегін рецепт алу үшін науқас емханада тіркелген, диспансерлік есепте тұруы керек. Яғни, ақпарат тіркеу реестрінде болуы қажет. Бұл туралы бізге ауданның бас дәрігері Сәулебек Ысқақов мәлімдеді.
Оның айтуынша, алдағы уақытта аудандық емханадан тегін дәрі-дәрмекті үйлестіру мақсатында арнайы дәріхана ашылады. Есепте тұрған науқастың есік жағалап шаршамай, өзіне тиесілі дәрісіне оңай қол жеткізуге мүмкіндік жасалмақ. Жалпы аудан бойынша, 9001 адам диспансерлік есепте тіркелген. Оларға 2018 жылға кепілдендірілген медициналық тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін 369, 637014,00 теңге қарастырылған. Қандай ауру түрлеріне ақысыз берілетін дәрілердің тізімін бас дәрігердің өзі айтып берді.
– Әуелі ересектер тобының тізімін атасақ. Психикалық жүйке аурулары, жүрек-қан тамырлары ауруы, созылмалы бронхит, пневмония, ағза мүшелерін ауыстырған науқасқа, асқазанның ойық жарасы, бүйректің созылмалы жетіспеушілігіне, онкологиялық қатерлі ісік ауруларына, бауырдың гепатит созылмалы В, С түрлеріне, өкпенің демікпе науқасына, жүректің созылмалы жетіспеушілігіне, сүйек буын ауруларына және де гемотологиялық, неврологиялық ауру түрлеріне тегін дәрі дәрмек беріледі. Ал, дүниеге келген әрбір сәбиге медициналық дәрі қобдишасы, 18 жасқа дейінгілер пневмония мен анемия болған жағдайда, жүктілік кезеңіндегі созылмалы қан жетіспеушілігіне байланысты ауру түрлеріне тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі – деді Сәулебек Ысқақов.
Сондай-ақ, бас дәрігер ауыл-аймақтағы тұрғындарға арнайы курста оқытылған 25 мейірбике арқылы таратылады. Оған қоса, ең басты жаңалық – наурыз айының соңында арнайы сайт іске қосылып, диспансерлік есепте тұрған науқастар дәрі-дәрмектің тізімін, қайдан алуға болатынын онлайн жүйесінде көруіне мүмкіндік болады. Өздеріңізге белгілі, Елбасының «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2018 жылдан бастап, елімізде онлайн сайт іске қосылды. Бұдан былай, диспансерлік емделушілерге тегін босату үшін аймақтарға қандай дәрі-дәрмектер жөнелтілгені туралы ақпаратты бірыңғай дистрибьютор сайтының «2018 жылға АДҚ бойынша ақпарат» деген бөлімінен көруге болады. «СҚ-Фармация» сайтының арнайы құрылған бөлімінде емделушілер бірыңғай дистрибьюция жүйесі арқылы дәрі-дәрмекті сатып алу жағдайы туралы және дәрі-дәрмекті тегін рецепт бойынша босататын дәріхана туралы қажетті мәлімет таба алады. Яғни, ашықтыққа негізделген ғаламтор сайтында пациенттер өздерінің аймағында қажетті дәрі-дәрмектің бар-жоғымен қоса, өзге де қажетті ақпараттарды алу үшін шұғыл байланыс телефонын орнатқан. Түптеп келгенде, мұның бәрі мемлекет қамқорлығының бір ғана айшықты көрінісі. Ақпарат ретінде айта кету керек, 2018 жылы халықты тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге 106 429 019 926 теңге жұмсалатын болды. 2017 жылмен салыстырғанда қаражат 38 пайызға артық бөлінеді. Яғни, жыл сайын берілетін қаржы көлемі де ұлғайып келеді. Ал, халық аурудың 48 тобы, 6 медициналық өнімнің түрі бойынша халықаралық патенттелмеген атаулы дәрі-дәрімектің 274 түрімен тегін қамтылмақ. Сөз соңында, ауданның бас дәрігері ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Қазақстан халқына берілуі тиіс тегін дәрілер тізімі көрсетілетін бұйрығы жыл сайын шығып, сол тізімге енетін дәрілер сұранымы жазда жасақталып, күзде жаңа мәліметтер базасына енгізілетінін жеткізді. Яғни, бүгін диспансерлік есепке тіркелген науқас ертесіне тегін дәріге қол жеткізе алмайды. Ол үшін арнайы өтінім жіберіліп, белгілі уақыт күтіуіне тура келеді. Десе де, қазына қаржысы барлық тұрғындарды ақысыз дәрімен қамтамасыз етуге шамасы келмейді. Оған қоса, дәрілердің басым бөлігі өзге мемлекеттен сатып алынады. Сондықтанда, ауырып, ақысыз дәрі іздегенше, ауырмаудың жолын іздеп, салауатты өмір салтын серік еткен абзал.


Әбдісамат ӘБДІШ.

https://zhanaqorgan-tynysy.kz/kogam/918-aysyz-drn-alay-alua-bolady.html

Просмотров: 82 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]