Қызылорда облысы медицина қызметкерлерінің сайты



18:19
АҚ ХАЛАТТЫ АБЗАЛ ЖАНДАРҒА АЛҒЫСЫМЫЗ ШЕКСІЗ

Дәрігерге мың алғыс!

 

 

Қазіргі таңда облысымызда онкология, инфаркт, инсульт аурулары белең алып бара жатқаны жасырын емес. Ауруханаға түсіпті деген екі адамның бірі, асыра айтты демеңіз, осы аурудың біріне шалдыққан болып шығады. Қатерлі дерт болып саналатын осы ауру түрлерінің дендеп бара жатқаны үлкен мәселе деп ойлаймын. Халықтың денсаулығы - мемлекеттiң байлығы, оған немқұрайлы қарауға болмайды. Дер кезінде көңіл бөліп, шешімін тауып, алдын алмаса, болашақ ұрпағымыздың денсаулығына балта шапқанмен бірдей емес пе.

Әрине, ауру айтып келмейді. Менің күйеуім Болтаев Бақытжан Арапбайұлы да, жұмыс орнында аяқ астынан қан қысымы 250-ге дейін көтеріліп, «жедел жәрдеммен» облыстық медицина орталығының нейроинсульт бөліміне дер кезінде жеткізілген болатын. Жұмысынан телефон шалып, жағдайын айтқан кезде қорыққанымнан бір Аллаға сиынып, ауруханаға қалай келгенімді білмеймін. Ес-түссіз ауыр халде жатқан күйеуімді көргенде аяғымның астынан жерге еніп бара жатқандай сезіндім.

Нейроинсульт бөлімшесінің дәрігері Шакиров Ғалымжан дереу шара қолданып, қан қысымын 160-қа түсірді. Алайда, күйеуімнің тілі байланып, сол жақ аяқ-қолының жаны кетіп, қозғалмай қалды. “Ишемиялық инсульт” деп диагноз қойған дәрігер Ғ.Шакиров:

– Жақсы болып кетеді, уайымдамаңыз. Ауруханаға дер кезінде жеткізілді. Комаға түсіп кетпегеніне Аллаға шүкір деңіз, әйтпегенде комадан шыққанша ештеңе жасай алмас едік. Қан қысымы көтерілу әсерінен басына қан ұйыған (гематома), кешіктірмей ота жасамаса болмайды, - деп мені жұбатып, ота жасауға рұқсат сұрады.

Қан қысымы көтерілгеннен пайда болған гематомаға дер кезінде ота жасалмаса, өліп кетуі мүмкін көрінеді. Отаның қай-қасысысы да, әсіресе миға жасалатын ота өте қауіпті екені айтпаса да белгілі. Алайда, медицина-лық орталық заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтылғандықтан, ұйыған қанның қай жерде орналасқанын бірден тауып беретін құрылғы бар екен.

Алматыда оқитын ұлымыз, туған-туыс, бауырлар түгелдей жиналып, отағасының жанын бірінші Аллаға, екінші осы дәрігерлердің қолына тапсырдық. Күйеуімнің шашын алып, отаға дайындап, наркоз берді. Біз ойлаған едік, ұйыған қанды алу үшін бас сүйегін кесетін шығар деп. Аллаға шүкір, компьютерлік тамография арқылы гематоманың қай жерде орналасқанын анықтап, кішкентай ғана тесік жасап, ұйыған қанды сыртқа ағызып жіберіпті. Медицинаның жетілгенін мойындамасқа амал жоқ. Қазіргі заманның тағы бір жетістігі - жердің түкпір-түкпіріндегі дәрігерлер бір-бірімен онлайн-режимде байланысқа шығып, түскен науқастарының дертiн жан-жақты зерттеп, талқыға салып, ақылдасып отыратын көрінеді. Адам өміріне жауапты дәрігер қателік жібермеудің бар амалын жасайтыны анық. Сол үшін де оларға мың алғыс.

Отаны нейрохирург Қанат Набденов жасады. Айтайын дегенім, өзі қаншалықты қарапайым болса, қолы да соншалықты жеңіл, өз ісінің хас шебері екен. Хирургке сақтық, ептілік, шыдамдылық, ең бастысы білім қажет. Адам өмірін құтқару үшін ота жасау оңай іс емес, оның үстіне, мидан аққан қанды дер кезінде дұрыс тоқтата білу  үлкен шеберлікті талап етеді, ол үшін мықты жүрек керек деп ойлаймын.

Бұл жерде дәрігерлер Ғалымжан Шакиров пен Қанат Набденовтың ұқыптылығын, өз ісіне барынша берілгендіктерін ерекше атап өткім келеді. Түскен науқасты, жағдайы қаншалықты қиын болса да, аспай-саспай, салқынқандылық танытып, ажал аузынан алып қалу баға жетпес ерлік. Күніне алдарына инсульт алған бір емес, бірнеше науқас келетінін ескерсек, жандарының беріктігіне таң қаласың.

Ота өте сәтті өтті. Қуанышымызда шек жоқ. Отадан кейін бір күн жан сақтау палатасында (реанимацияда) жатты. Сосын нейрохирургия бөлімшесіне жатқызды. Күйеуімнің қол-аяғы қозғалғанымен, сөйлеуі қиын болды. Алайда, қайта қалпына келтіру (нейрореабилитация) бөліміндегі мамандардың көмегімен сөйлеуі де қалпына келе бастады. Емдік денешынықтыру, жаттығу залы, қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған физиотерапиялық кабинеттер, сөйлеу қабілетін қалпына келтіруге арналған логопед маманының көмегі сауығып кетуіне мол мүмкіндік берді.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді қазақ атамыз. Мен бір апта нейрохирургия бөлімшесінде күйеуімнің қасында болып, күтімін жасадым. Сонда байқағаным, бөлімнің меңгерушісі Шынжырбай Оразмаханұлы күнделікті таңертең жұмысқа келісімен алдымен науқастардың палатасын аралап, амандасып, жай-күйлерін сұрайды екен. Қарап отырып риза боласың. Оның өзі емделушілердің көңіл-күйлерін көтеріп, сауықтырып тастағандай әсер қалдырады. Дәрігердің жылы сөзінің өзі науқасқа жарты терапия деп бекер айтылмаған ғой.

Нейрохирургия ұжымының дәрігерлері, мейірбикелері, кіші буын қызметкерлері өте ұйымшыл, ауызбірлікті екені көрініп тұр. Олар үнемі бірін-бірі қолдап, қандай қиын жағдай болса да дайын тұрады. Атап айтар болсам, дәрігерлер: Марат Алматов, Нұржан Байдүйсенов, Абай Тайманов; мейірбикелер: Гүлмира Түменбаева, Шолпан Оспанова, Ақжарқын Пржанова, Жаңагүл Абубакирова, Майра Жүсіпбекова, Айнұр Мырзахметова; санитаркалар: Гүлжан Ахметова, Жансая Қалиева. Барлығыңызға да алғысым шексіз.

Дәрігердің біліктілігі мен білімділігін, олардың науқасқа деген ілтипатын шипа іздеген жан ғана бағалай біледі. Сіздердің ақылдарыңыз өткір, ойларыңыз дана, ал қолдарыңыз - сиқырлы дер едім, өйткені сіздер науқасты өлімнен арашалап, дертіне шипа беріп, үмітсізге үміт сыйлайтын керемет жансыздар. Алла сіздердің жолдарыңызды жарылқасын! Еңбектеріңізге табыс, жанұяларыңызға бақыт, өмірдегі бар жақсылықты тілеймін Сіздерге! Жұлдыздарыңыз әрдайым жоғарылай берсін, құрметті ақ халатты абзал жандар!

Захро БОЛТАЕВА,

Қызылорда қаласы,

«Сыр медицинасы» газеті

 

Просмотров: 41 | Добавил: психолог | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]